Читаем
М.МАҒАУИН: ҚАЛАМГЕР КІТАПХАНАСЫ ЖӘНЕ ЖАЗУ СТОЛЫ
3 марта, 16:13Бұдан қаншама заман – ширек ғасыр бұрын, мемуарлық «Мен» дилогиясы, оның «Шытырман» аталатын Бірінші кітабында, қаламгерлік қызметтің қыры мен сыры, оқу мен тоқу, білік пен бап, әрқилы жекелік ғадет, рәсім мен жалпыға ортақ ізденіс, еңбек тәртібі, мехнат пен машақат және жазу технологиясы төңірегінде біршама толғам айтып, үлкенді-кіші оқырманға ғибрат, жас талапкерге кеңес ретінде және өзіміздің шығармашылық зертханамыз төңірегінде көсіле сөйлеген екенбіз. Бізден бұрынғылар да қозғаған, кейінгілер де бастан өткеретін кілтипан. Тереңіне жетіп, тауыса қотару мүмкін емес. Біз де қажетті межеде тоқтадық. Енді, жиырма бес томдық толық жинағымызды баспаға әзірлеу үстінде ең соңғы рет деп, қайыра сүзіп шыққан едік. Бәрі орнында, бәрі де қалыпты деңгейінде. Ой мен сезім, толғаныс пен серпіліс, рухани қуатқа қосымша тиянақ есепті сапалы ақ қағаз, қою көк сия, болат қаламүш… ештеңе ұмыт қалмаған сияқты. Әйтсе де, дәп осы қатарда бірдеңе жетіспейтіндей көрінді. Иә. Осыншама ауыр жұмыс атқарылатын майдан алаңы – жазу столы туралы айтылмай қалыпты. Содан соң… қазақ ертегілерінен бастап, әлемдік эпос үлгілерінен, «Илиада», «Махабхаратадан» асып, ежелгі араб, парсы поэзиясы, «Бабұр-намадан» өтіп, Толстой мен Тургеневті байыптап, Акутагава мен Хэмингуэй, Набоковқа аялдап, Кавабата мен Кобо Абэ… арғы бергі жер жүзі әдебиетін тауысасыз, қолға қалам алмай тұрғанда басталып, бүткіл өміріңізге созылған үздіксіз оқу – таным ғана емес, тағлым. Осыншама байтақ білім үшін қаншама кітапты ой таразысынан өткеру қажет. Сонда… күн сайын әлдебір көпшілік кітапханасына жүгіру мүмкін емес. Орайында, шанжау, зәру әдебиет үшін бір-екі, бес-алты рет барарсыз, қатардағы классиктер соңында жүз рет, мың қайыра емес. Оқушылық, студенттік жылдар жөні басқа. Яғни, белгілі мөлшерде жеке кітапханаңыз болуы шарт. Ол үшін көп ақылдың керегі жоқ. Аласыз, жинайсыз, жұмыс кабинетіне, немесе тұрғылықты үйдегі қолайлы бір бөлмеге реттеп, қаластырып қоясыз. Кез келген үлкенді-кішілі жазушы, жазушы емес, қандай да бір зиялы, сауатты азамат тұрмысындағы үйреншікті жағдай. Жеке кітапхана! Өзіңіз үшін, отбасыңыз, өсіп келе жатқан бала-шағаңыз үшін.
Айттық, жазушы кітапханасының жайы басқашарақ. Негізінен өзіңіз үшін ғана. Әуелгі, жасырақ кезіңізде – оқулық есепті. Таным, білім ғана емес. Үлгілі дәріс. Тіпті, бәріне жеттім деп байыптаған кездің өзінде… жаңа бір сорап, көкжиектің арғы жағы. Басқасын былай қойғанда, артық тыныс, жаңа байып. Турасын айтқанда, жекелей кітапханасыз жазушы жоқ. Және бұл кітапхана – масаттық пен өзгеше қанағат негізі. Тіпті, шексіз мақтанға себеп. Менде соншама кітап бар! Оның ішінде, ешкімде жоқ анау, мынау… Бұл ретте ертегілік аңшы мен су иесі балықшыдан асып түсетін жағдайлар жиі ұшырасады. Қатарынан да, алдыңғылардан да озып шығу керек. Мұндай адам сенгісіз мақтанның біразын көрдік.
Есім-сойын атамай-ақ қояйын, бүгінде марқұм, бастамай жатып танымал шыққан, өзгеше өлеңдер жазған, бізбен қатарлас, әпенділеу бір ақынымыз баспасөз бетінде куәлік беріп еді. Менің он мың кітабым бар, деп. Мен әуелде қайран қалып, ізінше шүбәлі жұмбақты шештім. Бір кітап – шартты ұғым. Қалыңы бар, жұқасы бар. Ал орташа есепке – алпыс-жетпіс беттік брошюра, тіпті, жүз, жүз елу бет көлеміндегі кітапша да емес, төрт жүз елу, бес жүз беттік бір том алынуға тиіс. Одан қалыңы да болады, бірақ алты-жеті жүз емес, екі жүз, үш жүз де емес, осы бес жүзге тоқтайық. Сындарлы, толымды, бір кітап. Қалыңдығы үш сантиметр мөлшерінде. Енді есептейміз. Біздің Қазақстанда, совет заманынан қалыптасқан тәртіп бойынша, қатардағы, жекелей кітап сөресінің ұзындығы – бір метр. Кітап шкабындағы сөрелер де дәп осылай – артық, кем емес, бір метр, яғни, жүз сантиметрден. Жаңағы ортақ көлемді кітапты қатар-қатарымен тізейік: бір метрлік бір сөреге – отыз үш-отыз бес кітап сияды екен. Менің жеке кітапханамдағы нығыз, қалың кітаптар әрқилы орналасқан. Мәселен, екі жүз томдық «Әлем әдебиеті» – сегіз сөреде тұр: көбіне бір қатарда жиырма бес кітаптан, тек бір жерде жиырма төрт, екінші бір тұста – жиырма алты. Сонымен, «Әлем әдебиеті» сериясымен шыққан екі жүз том – сегіз сөре, яғни, жинақтап келгенде сегіз метр тартып тұр. Бұл – аса жуан, толықша томдар. Жаңа айтқанымдай, менде әрбір сөреде орта есеппен отыз-отыз бес кітаптан. Мәселен, Золяның жиырма алты томы бір сөре десек, Диккенстің отыз томы бір сөре, ал Бальзактың жиырма төрт томына Мерименің жеті томы тіркеліп тұр. Сонымен, жинақтап айтқанда, бір метрлік бір сөре – толымды отыз үш кітап.
Енді манағы он мыңды орналастырамыз. Бір сөре, яғни бір метрге отыз үш кітап, жарайды, кеңге салып, отыз бес кітаптан дейік. Енді он мыңды отыз беске бөлдік. Екі жүз сексен алтыға шығады екен, есебі, ұзынынан тізгенде – екі жүз сексен алты метр. Әдетте, бір шкап алты, жеті сөреден тұрады. Үстіне тағы бір дербес сөре. Орта есеппен жетеу дейік. Тағы да шотқа саламыз. Жаңағы екі жүз сексен алты метр кітабыңыз – кәдімгі қырық шкапқа сыйып тұр. Яғни, тілге тиек болған он мың кітапты жинақтап орналастыру үшін тура қырық метр бос қабырға керек екен. Кейінгі миллионер емес, сол замандағы тәуір жазушының үш бөлме, асса төрт бөлмелік қыспақ пәтеріне сыйғызып көріңіз. Әрқайсы төрт метрлік он қабырға… Қалай сығымдасаңыз да сыймай жатыр. Қырық тұрыпты, он шкап кітаптың өзін орналастыру оңай емес. Төртеуі ғана аядай үйдің ең үлкен деген қабырғасына әрең сияр еді. Бірақ уақа емес. Әйгілі ақынымыздың артық мақтанының ешкімге ешқандай зияны жоқ. Қайта, кейінгі жасты кітапқұмарлыққа жетелесе керек. Шынында да, біз білген жазарман қауым мүмкіндігінше көбірек, әрине, құнды, мәнді, өзі үшін айрықша қажетті кітаптар жинауға тырысатын.
Жеке кітапханасы аңыз болған – Қадыр Мырзалиев еді. Құрманғазы көшесіндегі Сары үйде көрші тұрғанымызда талай көрдім, жақсы білем. Менің өзгеше өлшеміме салғанда, шамамен алпыс-алпыс бес метр. Яғни, алпыс бес сөре – тоғыз, он шкап. Төрт бөлмелік пәтерінің түкпір жағы, шамасы жиырма шаршы кабинетінің үш қабырғасын қаптай тұратын. Жақсы, құнды кітап жинаудың ғана емес, ол заманда қат, керекті әдебиет табудың да шебері еді. Кітап саудасы төңірегінде сыйлас, жақын таныстары болған сияқты. Аса дәркер кітаптарды артық данасымен алатын. Тиімді айырбас үшін. Мен өзім кезінде құнттамай, онсыз да барлығы бар және толығымен деп, екі жүз томдық «Әлем әдебиетіне» жазылмай қалған екем. Алғашқы томдары шыға бастағанда көзім шырадай жанды. Өкінішімді әлдеқалай Қадырға айтып едім. Менде артық бір комплект бар, дегені. Үш томы осында, ендігіге квитанциясы тұр. Мен сол арада қолқа салдым. Не сұрайсың, дегем. Бұрнада менен көрген, қызығып қана қойып еді. Овидийдің «Махаббат» жырлары», деді. Булгаков жазған «Мольер». Содан соң Бисмарктің үш томдығы. Ішім ашыса да қуана келістім. Ғаламат кітаптар еді. Ол заманда Булгаков қайтадан көтеріліп, жаңадан таныла бастаған. Овидийдің 1963 жылы шыққан «Махаббаттың мұңды жырлары» – «Любовные элегии» – супертысы бар, қымбат қағазға басылған, әлденеше әсем суретті, аппақ кітап. Бисмарктің жөні тіпті бөлек. Советтер Үшінші Рейхпен әмпей болып тұрған заман, 1940 жылы шыққан, сырты бедерлі, жасыл тері кейіпті, әдемі басылым; ежелгі жыраулар мұрасын қуып, 1965 жылдың соңы, Астраханьға арнайы барған сапарымда букинистен ұшыратып едім. Амал жоқ, айырбасқа түсті. (Кейінде Сағат Әшімбаевқа өтіпті, әрине, тағы бір құнды кітаптар бодауына.) Осының өзіне тәуба. Әйгілі екі жүз томдықтан құр қалсам, жеке кітапханамның үлкен олқылығы саналар еді. Сәтімен молықты. Бірақ Қадыр көбірек ұтысқа шықты – артық сыңар ғой, ал менікі – жеке-дара, соңғы кітап. Әйткенмен, екеуіміз де ұтымды шаруаға қанағат таптық. Ілгерінді-кейінді басқа да айырбастар болды ғой деймін. Иә, есіме түсті, Акутагаваның ғажайып екі томдығы да маған осы Қадыр арқылы жетті. Менен не шыққаны жадымда қалмапты. Сірә, Қадыр үшін құнды, мен үшін төменірек кітап болса керек.
Қадырдың жалпы қазақта ақын ретіндегі атақ-даңқы зор болса, біздің жазармандар арасында кітапханасы өзінен де жоғары аталатын. Шыны сол, бір жағы реклама. Көрген де, көрмеген де «Қадырдың кітабы-ай!» – деп таң қалып, көтермелеп жатады. Бұрын да, кейін де, біздің жазушылар қауымында теңдессіз, ең бай кітапхана Қадырда болды, деп жазатын. Мен табиғатымда мақтаншыл болғаныммен, қай тарапта да өзімді ешкіммен салғастырып көргем жоқ. Онсыз да бәрінен жоғарымын деп санағаннан. Кітапхана жайы да солай. Осы, қатар, көршілес тұрып, араласып жүрген кездің өзінде менің кітаптарым Қадырдың кітаптарынан біршама көп болды. Қанша дегенмен, ақынның кітапханасы жекелеген жинақтардан құралады. Әлем поэзиясы. Оның сыртында – әрқилы сыпаттағы ғұмырбаяндық, әдеби танымдық кітаптар. Проза тым мол емес. Арғы-бергі ойшылдар біршама. Қайткенде де таңдама өріс, шектеулі тақырып. Ал біздің кітапхананың ауқымы кеңірек болды. Басқасын айтпағанда, қалың, қатар-қатар, он, жиырма, отыз томнан құралатын проза ғой. Қадырдай молынан қамтылмағанымен, поэзия да біршама. Тұтастай алғанда, Батыс, Шығыс, – бүткіл әлем әдебиеті. Орыс, француз, ағылшын – түгел. Неміс, әмерикан, жапон – түгелге жуық. Түгел және жуық болғанда – орыс тіліндегі басылымдары. Скандинавия, поляк, серб, испан, италиян, Латын Америкасы – қадарынша. Бұған қоса, Платон мен Аристотельден басталып, Спинозамен жалғасып, Канттан өтіп тоқтайтын, ол заманда мүмкін болған философиялық еңбектер. Ең молы – әлемдік тарих кітаптары. Әрқилы жағдайда қолға түскен Плутарх, Светоний, студент кезімде арнайы жаздырып алған Бартольдтан бастап, Бахрушинге жалғасқан, Қытай, Эллада, Рим тарихына қатысты тағы қаншама дүние, оның ішінде Еуразия – Ежелгі Түрік Даласы туралы қыруар дерек пен зерттеулер. Уақыт оза келе, барлық тарап, оның ішінде осы тарихи әдебиет мейлінше ұлғайды. Жекелеген басылымдарды айтпағанда, Карамзин, Ключевский, Соловьевтің көптомдық толық жинақтары, Гиббон, Моммзен, Дройзен… Әлемдік философияда – енді еркін басыла бастаған Ницше, Шопенгауэр, Чаадаев, Бердяев… Тарихи-әлеуметтік тұрғыдағы Макиавеллиден бастап, Шпенглерден тартып, Фрейдтен өтіп, Хантингтон, Фукуямаға дейін. Әлемдік әскери энциклопедиялар мен тарихи жәдігер, зерттеулер өз алдына. Мұның көпшілігі – кейінірек келді. Мен 1985 жылға дейін, Қадырмен көршілес кездегі кітап қорым туралы айтып отырмын. Бұл кезде менің кітапханам шамасы жетпіс-жетпіс бес метрдей болса керек. Соның өзінде сыймай жатқан. 1985 жылы наурыздың басында Жамбыл-163 – жазушылардың бұрнағы үйінен – Құрманғазы-90, әкімшілік тарапынан талапайға түсіп, біздің алаңғасар қауым толық иелене алмай қалған ғимарат – жаңа пәтерімізге көштік. Кеңіс төрт бөлме. Мен кітапханамды тақаудағы екі-үш жыл, бұдан соңғы біршама еркіншілік заманда еселеп толтырдым. 2006, желтоқсан – елден біржола кетер қарсаңда әуелгіден екі еседей көбейіп еді. Бұрнағы бары молығып, жаңадан тағы қаншама құнды дүние қосылған. Екі бөлме лықып тұр. Жиырма төрт шаршы метрлік кабинетімде – үш қабырға, сексен сөре. Бұдан гөрі шағынырақ, балалар бөлмесінде – жоғарғы, төрт метрлік қабырға – еденнен төбеге дейін, біртұтас төрт шкап және кіре беріс оң қабырғада – баяғы, «Қобыз сарыны», алғашқы қомақты қаламақыға алынған, ол заман үшін аса қымбат және қолға түспес «Румын кітапханасы» қойылып еді. Қос тарапта да, жер-дүниеге сыймай бара жатқан қыруар кітап ілгері-кейінді екі қатар, қабаттаса жиналған. Кеміте санағанның өзінде алпыс метрден астам. Сонымен, жинақтап есептегенде, Алматы, Құрманғазы пәтерінде бір жүз қырық метр кітап топталып еді. Түпкілікті көші-қоннан соң, күнделікті қажет, қолға түспес біраз кітап өзіммен қоса кетті, жалпы көлемі екі метр дейік, негізінен Орталық Азия, Шыңғыс хан тарихына қатысты әдебиет. Әйткенмен, көркем шығармалардан тыс өмір жоқ. Және Мәскеу, Қазан, Новосибир, Улан-Удэ қалаларында жаңа бір тарихи зерттеулер шығып жатыр. Бұрнағы барды да, кейінгі жаңаны да қадарынша жинақтай бастадық. Алтын Орда, Шыңғыс хан өз алдына. Әлем әдебиетінің озық үлгілері. Мұның көпшілігі – бұрнағының дублі, мәселен, Бальзак – жиырма төрт том, Тургенев – он бес том, Достоевскийдің толымсыз он екі томдығы, Пушкиннің мерекелік алты томы, Гогольдің ертеректе шыққан алты томы, Толстойдың ықшамдау он екі томы, Байрон, Гейне, Стефан Цвейг, Иво Андрич томдары дегендей. Антиквар: Боборыкин, Гарин, Мельников-Печерский жинақтары. Ең бастысы – шетте жүргенде оратылған тарихи зерттеу еңбектері. Бұл ретте бүгінгі дамыған заманның бір игілігі – бұрын қолға түспейтін, тіпті, Орталық және Академиялық кітапхананың өзінде ұшыраса бермейтін, ескілікті, тарихи мұралар мен жаңалықты ғылыми зерттеулер. Мен қажетті атауын айтам, Едіге балам интернеттен алып, табақ қағазға жаңадан бастырып береді. Бүгінгі кезеңде, әсіресе, Шыңғыс хан тарихын зерттеуде баға жетпес ғажайып мұралар: баяғы Константин Порфирогенет пен Анна Комнинадан басталып, Вельяминов-Зернов, Грум-Гржимайло, тағы басқа да атақты ғалымдарды қамтитын, Ибн әл-Әсір, Жүзжани, Әбілғазы мен Хафиз Таныш, Қадырғали Жалайыр тұрыпты, қадымдағы «Юань ши» мен кейінгі Бретшнәйдер табылған ғажайып. Бұрнағы мол тарихтың кенересін толтырған жаңа бір серпін. Зерттеу қажеті ғана емес, көкірегіңді кеңітіп, рухыңды көтерген өзгеше тыныс. Бұл, Прагада құралып, Карловы Варыда қорланып, ақыры Америкаға өткен шет жұрттық кітапханам – елдегі қисапсыз қормен салыстырғанда, үш-төрт есе кеміс, бір сөресі сексен сантиметрлік он шкапта тұр, жинақтап келгенде ұзын өлшемі елу метр, танымал бір жазушының тәп-тәуір жеке кітапханасы деңгейінде. Әрине, жетіспей жатыр, мұнда негізінен Ежелгі Түрік, Шыңғыс хан, Алтын Орда заманына қатысты тарихи түпнұсқалар мен әр тарап зерттеулер топталған, аралық мезеттер, көңіл ауаны соққан кезде қажетті көркем шығармалар тапшы. Балам айтады, қазіргі қарбалас бітсін, бірер жылдан соң Алматыдағы кітапхана мен архивті тұтастай көшіріп алғызам деп. Иә, мен үшін ең қымбат, бар ғұмырыммен жалғасып келе жатқан ерекше қазына ғой.
Ол рас, бұрнағы қаншама кітаптың әрқайсы әрқилы қуаныш сыйлап еді. Алғаш рет кітап атаулыға толқына үңілген жеті жасымнан бастап, мектеп бітірген он жетіге дейін, әрқилы жағдайда бірталай әдебиет жинақтап едім. Тозды, жоғалды, көбі сақталмады. Түбегейлі түрде кітап жинауым – Алматыда, университеттің екінші курсы, 1958 жылдың күзінен бері. Енді бұрнағыдай, жекелеген кітаптар ғана емес, толымды, көптомдық жинақтар. Ол кездегі ерекше бай букинист дүкенінен ең алдымен қолыма ілінгені – Стендаль мен Гейне болды. Он бес томдық және он томдық. Бұдан соң Ромэн Ролланның он төрт томдығы. Оған жалғас – Драйзердің он екі томдығы. Шиллердің толымды, көлемді екі томдығы, дәп осындай қалың әрі биік екі том Стефан Цвейг және жекелеген кітаптар өз алдына. Осы қатарда «ХХ ғасырдағы шет елдік роман» дейтін сериядан, бүктемелі, жұқалтаң мұқабамен басылған отыз, әлде қырық кітап. Бұл кезде Алматының аэропорт аумағында Семейдің Үржарынан ең жақын туысымыз, менің атам Мағауияның шөбере інісі Әкебай ақсақал көшіп келген. Баяғыда Абайдың дәрігері болған, ұлы ақынның соңғы, ажалды сырқатына ем таппаған Мыңғатов Бөжейдің үлкен ұлы. Жаңадан жиналған барлық кітабымды сол үйде сақтаймын. Тартынбай алып жатуым да осындай қоймам барлығынан. Көп кейін, үйленгеннен соң ғана өзіме ауыстырдым.
Алматыдағы, әуелде Карл Маркс-Горький көшелерінің қиылысына тақау тұрған үлкен кітап дүкенінің бір бұрышына орналасқан букинист бөлімі өте бай болатын дедім. Көп ұзамай, менің үшінші курсымда Сейфуллин–Гоголь, жаңа, үш этаж сарғыш ғимараттың астыңғы қабаты, кең, үлкен жайға ауысты. Бұл арада букиниспен қатар, соны, алдынала жазылымдар да бар еді. Әуелде еркін болды. Әлем классиктерінің біразының көптомдық жинақтарын осы арадан алдым. Күні бұрын қадағалап, рекламаларын аңдап жүрем. Бір күні – тақауда Бартольдтың толымды тоғыз томына жазылу болатынын білдім. Арнайы проспектісі шығыпты. Бұл кезде мен Бартольдтің Октябрьден бұрынғы және отызыншы жылдарда шыққан барлық басылымдары – «Туркестан в эпоху монгольского нашествия» – «Түркстан моңғол шапқыншылығы дәуірінде» монографиясынан бастап, Орталық Азия тарихына қатысты барлық еңбегін саралап шыққам. Енді жинақталған, жаңа басылым. Үш-төрт ай күттім ғой деймін. Бәлкім, одан да көбірек. Әйтеуір өте ұзақ көрінді. Ақыры, әлдебір аптаның соңына қарай, келесі сәрсенбіде жазылым нақты болатынын білдім. Дүкен ашылатын уақыттан он бес минут бұрын барып едім. Бұрышты айнала бере шошып кеттім, шамасы жиырма-отыз метрге созылған үлкен шірет. Соңына жете сала, алдағы бір әйелден сұраппын: «Бартольдқа тұрсыздар ма?» «Ол кім? – деген қарсы сұрақ қойды. – Біз Золяның жиырма алты томдығына тұрмыз…» Жүрегім сонда ғана орнына түсті. Егер Бартольд болса, мұншама кезекте жетпей қалуым анық. Сағат он. Дүкен есігі ашылды. Алдыңғылар кіріп жатыр. Бірақ шіретіміз өте тез жылжыған еді. Сөйтсем, жазылым квитанциялары алдын-ала толтырылып қойған, қатарынан екі әйел кезегімен үлестіріп жатыр. Міне, мен де жеттім. Бір жапырақ қағазды қолыма ұстата берген. Әрине, Золя. Рақмет айттым да, кеше Бартольдқа да жазылу болады деп едіңіздер, деп сұрадым. Иә! Қолма-қол жаңа бір қағазға жаңадан толтырып берді. Золя бір сом болса, Бартольд үш сом елу тиын екен. Ол заман, әсіресе студент үшін удай қымбат. Бірақ басқа емес, Бартольд! Он бес-жиырма сом болса да ойланбай жазылар едім. Бұл Бартольдтың Бірінші томы – «Туркестан в эпоху монгольского нашествия» – мен университетті бітіріп, аспирантурада жүрген 1963 – әуелде хабарланғандай, бір емес, екі жарым жыл өткен соң әрең қолға тиді. Бұдан кейін, арада жарым жыл, бір жыл, кейде екі, үш жыл өткере келіп, соңғы кітабы 1977 жылы әрең шықты. Ғылыми аппараты толымды, библиографиялық көрсеткішінің өзі жайылып жатқан, айрықша күрделі басылым, сонымен қатар, кейбір ретте жоғарыдан қысым мен бөгесін де болған тәрізді, мұндайда ол кезде беделі зор Ғылым академиясы да күшке салып, қайысқан кездің өзінде «мұнысы аз-мұз» жаңсақ» дегендей ескертпе келтіріп, әйтеуір бұрмаламай, қысқартпай, барлық қиындықтан аман өткерген. Әлемдік тарих ғылымындағы ерекше оқиға деп білем. Тоғыз том аталғанымен, Екінші томы – екі кітап, яғни он томдық толық жинақ. Бұл бөлініс онша қиысып та тұрған жоқ, тәрізі әуелгі, Орталық Баспаком, Орталық Партия Комитеті бекіткен жоспарда тоғыз томмен шектеген, мұндай қысым көркем шығармалар басылымында да ұшырасатын, бірақ кейбір томдарды екі еселеп, тіпті, үшке жеткізіп, пәлен томның бірінші, екінші, үшінші кітаптары деп жіберер еді, Бартольд та осындай жағдай. Қайткенде әлемдік ең жоғарғы деңгейдегі ұлы ғалымның бар мұрасы шырғасы шықпай, бүлінбей, тұтасымен жарыққа жеткен екен. Сонымен қатар, әрбір том – үлкен форматты, жеті жүз беттен мың бетке дейін, есебі, бұл он томдықты жиырма, тіпті, жиырма бес том деп санауға болады. Батыс пен Шығыста теңдесі жоқ тарихшының ұланғайыр мол дерек, кең толғамды, жан-жақты, терең ойлы ғажайып мұрасы. Мен кейінде тексеріп қарағанда, Ғылым академиясы мен Орталық ұлттық кітапханада да түгелімен жоқ екен. Сол заман үшін мизер тираж – алғашқы екі томы 5400-ден, бұдан кейін, үшінші томнан бастап, аяғынша небәрі 4600. Алдынала заказ беріп қамданбаса, советтер шегіндегі ең үлкен кітапханалардың өзі құр қалмақ. Ал жеке адамдар… Менен басқа ешкімде жоқ демейін, бар болса, қадау-қадау ғана, асса, Төленнің жақын ағасы, білімдар Сейітбек Нұрқанов сияқты үш-төрт кісіде ғана. Енді зәрулігі соншама, қолға түспес қымбат. Менің әдетімде, кісіге кітап бермеймін. Соншама ғұмырымда үш-ақ рет бұзылыпты, соның екеуі – көркем шығарма, немесе қатардағы ғылыми әдебиет емес, осы Бартольдтың өзі. Бірінші жолы – біздің Бақытжамалдың өте жақын – шөбере туысы, доктор, профессор, атақты тіл маманы Ақмәди аға Ысқақов қолқалап еді. Екінші томның тура мың беттік бірінші жарымы. Амалсыз бердім. Өзім де, ешкімнен кітап сұрамас ғадетімді бұзып, бұл кісіден, бір емес, бірнеше кітап алмасып едім. Әйгілі Рәшид-әд-Диннің менен бұрын басылып кеткен ғажайып еңбегі – «Жамиғ-ат-тауарихтың» үш томы, бұлар да мен мектепте жүргенде бейнетқор С.Малов шығарған және авторлық қолтаңба бар Орхон-Енисей мұралары – кетпектей-кетпектей үш кітап және, жасыратыны жоқ, бұлардан көп кейін, 1970 жылы құралған, бірақ менің қолыма түспеген «Татаро-монголы в Азии и Европе» – «Татар-моңғолдар Азия мен Еуропада» деп аталатын, мазмұнды, мәнді ғылыми жинақ. Артық, кем демейік, ешкімнің қолы жетпес, мен үшін өмірлік мәні бар жеті том. Осы жетеу үшін бір кітабыңды қалай қимайсың. Оның үстіне, барымен емес. Асса төрт-бес айға. Бір жылдан соң қайтты. Аман-есен, басы бүтін. Әйтсе де… Ахмет Байтұрсыновтан соңғы кезекте қазақ тіл ғылымының негізін салушылардың бірі, атақты ғалым, ақсақал ағамыздың бір ғадеті – кітапты кейде қара қарындаш, кейде кәдімгі, тегіршікті сия қаламмен, әредікте астын сыза белгілеп, кейде бойлау ашығына арабша бірер ауыз пікірін жазып отырады екен. Қайыра ақтарғанда ішім ашыды. Бірақ ренішке жол жоқ. Анау кітаптар менің кабинетімде берік орныққан. Ақыры, өмірінің соңғы кезеңінде ақсақалдың көзі мүлде көрмей қалған еді. Жағдайын сұрап, тарих, өткен заман туралы әртарап әңгіме айтысып, Әдия деген, ол да тіл маманы, шешеміздің қолынан ет жеп, шай ішіп қайтамыз. Сондай бір жолы, мендегі кітаптарын еске салып еді. Әзірше жұмыс жасап жатырмын, дедім. Онда өзіңде тұра берсін, деген. Яғни, біржола сыйлағаны. Ақыры, жалғыз ұлы филолог емес, экономист, мұра болып менде қалды. Туыстыққа қоса, Бартольдтың шарапаты.
Екінші жолы – сол бір тұста Серік аға Қирабаевпен араласымыз жақсы, біздің үйге алғаш қонаққа келген кезінде қатар-қатар сөрелердің ортаңғы бір тұсында, бар кітаптан бойы озып, андағайлап тұрған Бартольд Әлия жеңешемнің көзіне оттай басылды. Үзілісте ақтара қарап тұрып, мен мүлде күтпеген өтініш айтып еді. Бұл кезде докторлық диссертациясын қамдап жүрсе керек, Бартольдтың тарихи географияға қатысты еңбектері топталған Үшінші, Жетінші томдарын сұрады. Тағы да амал жоқ. Бірақ Әлия жеңгем кітапқа өте мұқият екен, жарым жыл, әлде жеті-сегіз айдан соң қайтарғанда аңдадым, сызат салмапты, бүктеу түсірмепті, тіпті, кітапқа қосымша тарихи карталарға дейін қаз-қалпында. Әйткенмен, туған балаңды амантқа тапсырғандай, екі жолы да кітаптарымды уайымдап, ара-тұра шынымен-ақ мазам кетіп еді. Әйтеуір ақыры жақсылықпен тынды.
Бартольд еңбектерінің маған қаншалық қымбат екенін айтып тауысу қиын. Бала кезден бергі ең жақын серігім. Білігімізді арттырып, танымды кеңейтіп, көкжиегімізді көтерді. Бұл – жалпылай алғанда. Ал нақтысына келсек, кейінгі «Шыңғыс ханды» жазу үстінде қаншама дерек, толғамға ұйытқы болды. Прагада, «Шыңғыс ханды» бастар кезде, осы тақырыпқа тікелей қатысты үш-төрт томын алғызып едім. Ақыры, Америкаға көшіп келгеннен соң, Айғаным деген кіші қызым қалған томдарын да жеткізіп берді. Енді он том толық. Қимас қуанышпен ақтарып отырғанда, кейінгі бір томның арасынан баяғы жазылым проспектісінің үш бүктеме, бірінші, сыртқы бетінде «В.В.Бартольд. Сочинения. ИВЛ» (Издательство Восточной литературы) деген атаулы таңбасы бар, ішкі беттерде болашақ әрбір томның негізгі мазмұны көрсетілген арнайы жарнамасын ұшыраттым. Бартольдтың Толық жинағына жазылған сәтті мезет, мерейлі күн ғана емес, ізденіс, толғаныспен өткен жастық дәуренім қайта айналып, алдымнан тартылғандай, ерекше бір толқымалы күй кешіп едім. Иә. Адамның бір қызығы – осындай, жанға жақын, жүрекке туыс, ерекше кітаптар ғой. Танымыңды кеңейтіп қана қоймайды, ғұмырыңды да ұзартады.
Ол заманда қажетті, жақсы кітапты қолға түсіру – күн озған сайын мейлінше қиындаған. Жүз мыңдаған тиражбен шығады, неше мәрте қайыра басылады, бәрібір жетпей жатады. Міне, осындай, жүгіріс пен дабыра, бүткіл Советтер шегінде көркем әдебиет оқу жалпылық сыпат алып, кітап таршылығы басталмай тұрған кезде ең қажетті нұсқаларды жинақтап үлгерген екем. Әйткенмен, зәру кітап ұшыраспай тұрмайды. Көбіне шет ел әдебиетінің жаңа аудармалары. Сондықтан да айрықша құнды. Және әрбір кітаптың ұмытылмастай өз тарихы бар. Мәселен, Уильям Фолкнердің атақты трилогиясының бастапқы кітабын жаңа үйленген келіншегіміз екеуіміз әлдеқалай Алматы-2 вокзалына барғанда, сондағы киоскіден ұшыратып едік. Кейін аңдып жүріп, қалған екі томын да, бірін сол арадан, екіншісін тағы бір елеусіз киоскіден сатып алдым. Ал енді Хемингуэйдің жаңадан шыққан төрт томдығын Қайрат досым тауып берді – Жұмағалиев. Осыған жалғас «Мұхиттағы аралдар» романын Аягөзге, қайыншылап барғанда, орталық кітап дүкенінен көрдім. Ішкі блогы сыртқы мұқабаға теріс түптеліпті, алды – артына қарап кеткен, бөгеліп қалуы да содан сияқты, мен қуана-қуана алып, үйге келген соң түбін босатып, қайыра құрап едім. Тіпті, әуелгі қалпында тұрса да ешқандай кемшілігі жоқ. Міне, осындай кездейсоқ табыстар, көп болмаса да ұшырасып қалатын. Тек апта оздырмай, «Академкнигадан» бастап, барлық кітап дүкендерін мұқият сүзіп шығу керек. Ендігі бір ұтыс – Қадыр екеуіміздің тиімді айырбасымыз жайын айттым.
Көп ұзамай-ақ, дәп осы кітап таршылығы заманында мен үшін жаңа бір терезе ашылып еді. 1969 жылдан бастап, Мәскеуге жиі қатынадым. Уақыт оза келе, жұмыс ыңғайы, орталық баспалармен байланыс, немесе, бой жазар сейіл, серуен жөнімен, жылына бір, тіпті екі рет қатынаймыз. Мәскеу түбіндегі Переделкино шығармашылық жайында еркін жататын жазу апталары бар. Империя астанасындағы сансыз кітап дүкендері жылан жалағандай, – ештеңе жоқ емес, неше түрлі кітап сыңсып тұр, бірақ сен іздеген дүниелердің сұлбасы жоқ. Оның есесіне – таусылмас мол қазына – қақ орталық, Кузнецкий мост аталатын үзік көшеде қаламгер атаулының арнайы кітап дүкені бар. Яғни, ССРО Жазушылар одағының мүшелеріне тиесілі. Жекелеген, зәру кітаптар өз алдына, әрқилы көптомдық шығармаларға да жазылуға мүмкіндік жасалған. Мен Гөтенің он томдығы, тағы бір, нақты есімде жоқ, қымбат жинақтарды осы Жазушылар дүкенінен түсіріп едім. Бір барғанда жазыласың, келесі барғанда келесі томдар және жаңадан жазылу мүмкіндігі. Жас кезіңде мұндай төтенше олжа ғана емес, болмашының өзі қуаныш.
Ол заманда қазақ зиялысы, қазақ қана емес, Советтер шегіндегі кез келген сауатты интеллигент қымбат, сирек кітабымен ғана емес, әдепкі, орташа кітапханасымен мақтанар еді. Тым құрса бір-екі шкап, орыс тілді, қазақ тілді әдебиет. Сонымен қатар, бұл заманда сыйлас кісің үшін ең үлкен тәбәрік – кітап. Туған күнге, атаулы мереке, салтанатқа. 1980 жылы, екінші кластан бастап бірге оқыған, енді қатар жасасып келе жатқан досым Блок Шайкенов қырыққа толғанда, ойлап-ойлап, ақыры Буниннің бес томдығы, Роже Мартен Дю Гардың екі томдығы және Синклер Льюистің тоғыз томы – жиыны он алты кітап апарып едім. Күні бүгінгіше профессордың жұмыс кабинетінде тұрса керек. Әрине, өзімде бұл кітаптардың дублі болатын – жақында ғана, ол кезде кеңінен тарамаған Буниннің жаңадан шыққан тоғыз томдығын түсіргем, Дю Гар да солай, екі романы қосылған жаңа басылым; ал Синклер Льюсқа өкініп қалдым, алдында букинистке түсіп тұратын, оп-оңай орнын толтырам деп ойлағам, қайыра кездеспеді. Бірақ уақасы жоқ, сегіз жастан бірге келе жатқан Бөкең сол күні мейлінше риза болып еді. Бұдан басқа тағы бір кітаптар. Кейінде атаққа шыққан ақын Жарасқан Әбдірашев әуелгі, студент кезінде бізбен жақын туысып еді – дәп өзіндей студент, бірақ төменірек курста оқитын қызымыз – Бақытжамалдың тетелес сіңілісіне үйленген. Бұл Нәзікенді өз үйімізден ұзаттық. Менде аға-іні, әпке-қарындас жоқ. Үлкен дарыны бірден танылған Жарасқанды туған бауырымдай көрдім. Енді ол да қадарынша кітапхана құрай бастаған. Бұл кезде менде біраз артық әдебиет топталып қалып еді. Яғни, бұрнағы барды қайталайтын, жаңа, толымды басылымдар. Бірақ мен кітап жөнінен атақты сараңмын, ешбір кітаптың екінші данасы артық болмайды, басқасын қойғанда, нешеме жыл сенімен бірге жасаған ыстығы бар. Ал Жарасқан ініме қидым. Оқуы, ізденуі, өрісін кеңейтуі қажет еді. Қанша және қандай кітаптар бергенім есімде жоқ. Соның кейбіреуі: «Илиада» мен «Одиссеяның» 50-жылдардағы әдемі, дербес басылымдары; Хемингуэйдің жекелей шыққан, соңғы екі-үш романы, оның ішінде «Париж – мәңгілік мерекең»; Стейнбектің «Көңілдегі қатаң қыс» романы… Кейінгілерінің сақталған, сақталмағанын білмеймін, ал мұқабаның ішкі бетіне сол кездегі ғадетім бойынша менің есім-сойым түскен, мәтіндердің кейбір тұсы қысқа, тіке сызықтар арқылы ерекшеленген қарындаш ізі бар «Илиада» мен «Одиссея» Жарасқанның бар мұрасына ие болып қалған қарындасымның, бәлкім, үлкен ұлының үйінде сол қалпында тұруға тиіс. Әлденендей мүкәмал емес, қандай да асылға тең ерекше кітаптар және менің әдетімнен тыс, төтенше оқиға болған соң айтып отырмын. Қалыптан бөтен тағы бір жағдай. Ол заманда пікірлес қаламгер, өте жақын дос саналған Төленге әзірше Советте тым танымал емес, және сирек басылатын Акутагаваның 1959 жылы Москвадан шыққан бір томдығын сыйлап едім. Осының алдында ғана тамаша көркемделіп, аса сапалы қағазға басылған екі томдығына қолым жеткен. Енді қажетсіз көргеннен емес. Естімеген, білмеген және ешкімге ұқсамас, ерекше қолтаңбалы, тыңнан жол тартқан дәркер жазушы, оқысын, тағылымын түйсінсін деген тілектестік. Ұғымым артық демейін, оқуым көбірек болғандықтан, әуелде аралас ағайын, кейінде ізбасар жастарға қажетті, ерекше әдебиет жайын айтып, жаңа бір әлемге жалғастырып отыратын әдетім бар еді. (Кейін, ғасырдың соңына таман, Акутагаваның толық төрт томдығы шықты. Мен екі комплектісін қатарынан алып едім, біреуі – Алматы, Құрманғазы атамның көшесіндегі үй-кабинетте қалды, екіншісі Прагаға жетіп, одан Карловы Варыға ауысып, ақыры Америкада тыншыды.)
Қаламгер кітапханасы туралы әңгімені соза беруге мүмкін еді. Бірақ түйінді сөз – айқын. Қандай ерекше дарын болса да кітаппен өседі. Оқусыз өріс жоқ. Ал соншама мол дүниені түбегейлі қамту мүмкін емес және артық жұмыс. Бірақ негізгі, арқаулы әдебиетті игеруі – шарт. Сол қажетті кітаптың біразы қолжетім жерде, үйде тұрғаны ұтымды. Бірақ осы ең жеңіл талаптың өзі түсіністік таба бермейді екен. Кейде талапкердің кежегесінен – онда обал жоқ, кейде отбасындық серік тарабынан – онда қисынсыз қиянат. Менің ілгері-кейінді әріптестерге қатысты байқаған бір сөлекет жағдайым – кейбір әйелдер күйеулерінің жаңа кітап алуын, үлкен кітапхана құрауын ұнатпайды екен. Айына бір кітап алған бір сом, тоқсанында үш кітап алған үш сомды артық шығын көргеннен. Жоқшылықтан емес, надандықтан туындаған пейіл тарлығы. Бұл советтік «жолдастар» кітап атаулы – кез келген адам үшін жан азығы, ал қаламгер үшін тіршілік арқауы екенін байыптамаса да, шөп салмаған сыйыр сүт бермейтінін білсе керек еді. Жоқ. Рухани жетімсіздік жағдайына бұрқыратып жаза берсе, яғни көбірек ақша тапса деп ойлайлы. Мұның өзі – біз жасаған, өтіп кеткен заман. Қазір қалай, қанша жазсаң да, қаржылық түсімі жоқ, яғни, манағы, кітапқа жұмсалмақ азғана тиын – шынында да қайырымсыз, артық шығын. Біздің заманғы әйел заты – бұрнағы ағылшын мен француз, неміс пен орыстың аристократ жазушыларының жұбайларынан басқаша. Қазақтың ескілікті, зият әулеті де советтің алғашқы жылдарында құрып бітті. Енді тұқым қуалаған, немесе төңірегінен тағылым тартқан үлгі жоқ, жаңа дәуірдегі үрдіс – жекелеген әйел затының өзіндік, дербес таным-санасына қарап қалыпты. Осы орайда, біздің жазарман қауымның біразы демейін, әжептәуір бөлігі ең алдымен өз шаңырағындағы түсінбестік, отбасылық қиындықты жеңуі керек екен. Баяғыда, бұдан отыз жыл бұрын, әлдебір жақын жолдастар бас қосып, қонақтасып отырғанда, біздің бәйбіше менің жазу тарабындағы кіді мінезім, ұзағынан және табанды отырыстарым туралы айтып қалып еді, бір досымыз, танымал жазушы, әлде шыны, әлде қалжың – пәлі, біздің кісі мен стол басында, жазуда отырғанда картошка аршып жіберші деп шақырып алады, деп еді. Отбасындағы орынды, орынсыз кикілжің жайы бұдан да сұмдық. Қандай да жазу үшін ең алдымен қамсыз тыныштық керек…
Енді, онсыз да тар дүниеде, кенеусіз азап үстіндегі қаламгердің жазу столы, яғни жанкешті майдан алаңы туралы азғана сөз.
Күй талғамайтын жүйріктер болады дейді. Бекер сөз, күтімі жоқ, жарауы кеміс тұлпар ешқашан бәйгеден келмейді. Ит жанды адамның жөні басқаша деп ойлау мүлдем қате. Әлдекім күй талғамай жаза берсе, бұл – әуелден басқа түскен, амалсыз таршылық жағдай нәтижесі. Және азды-көпті жеткені – табиғи мүмкіндігінің шағын бір бөлшегі ғана. Мен бұрнада талай айтқам, өзімнің жазуға түсер әдепкі жағдайымды – бәйге аттың жарауы, кәсіпкер спортшының ең жақсы қалыбына теңеймін. Бап. Ат шаппайды, бап шабады деген қазақ. Әрине, шобыр емес, тұлпар. Бабы келіспесе, арғымақтың өзі тобынан озғындап шыға алмайды, артта қалады, немесе қызылмай болып, иә жілікмайы үзіліп өле қалмағанның өзінде, бар қасиетінен айрылады. Бұл тарапта «Мен» мемуарлық дилогиясында біраз айтқанбыз.
Хош. Қажетті бабыңызға жеттіңіз. Енді, ойдағыдай, өнімді еңбек ету үшін қаншама ұсақ-түйек, бірақ түптеп келгенде мәнді кілтипандар орнына келуі шарт. Алаңсыз көңілге қоса, нәрлі, қуатты тамақ, сыртқы бөгесіннен тыс, саф тыныштық, содан соң… әркімде әрқалай. Мен үшін сапалы қағаз, қою сия, жүрдек, болат қаламүшті, оңтайлы қаламсап… және, тағалы аттай тынымсыз текіректеп тұратын жазу мәшіңкесі. Осының бәрі – жерде, көкте емес, кәдімгі жазу столының үстінде іске қосылып, жүзеге аспақ.
Жазу столы… Біздің көпшілік ағайындар бұл жағына да оншама мән бермейтін сияқты. Біздің алдымыздағы, қабілеті ортадан төмен, бірақ қарақайыс өлермен бір ағайын бар шығармасын ас үй – кухняда жазғанын мақтан қылатын еді. Өз ұғымында айрықша ерлік нәтижесі. Пәтері бір-ақ бөлмелік болса бір сәрі. Әуелгісі – үш, кейінде төрт бөлмеге жетіпті. Бәрібір манағы, нан жайып, картоп турайтын ас столы. Бәлкім, үйреніп кеткен әдет. Мұрнына дәм иісі келмесе, қаламы жүрмейтін дағды. Яғни, қалыпты ахуал. Шындығы, пәтер таршылығы жағдайында кухняда жазған жұртымыз бірталай сияқты. Қайткенде бастапқыда. Кейін жөнге көшсе керек еді.
Мен өзім шаңырақ көтергеннен соң пәтерлеп екі жарым жыл ғана жүрдім. Пұлына қарамай, екі бөлмелі, жалдамалы үйдің тәуірін таңдайтын едім. Қайткенде, тым кеңіс емес. Бірақ кухняға тығылған жерім жоқ. Жарық және жайлы төргі бөлмеде отырар едім. Кейінде үш бөлме, төрт бөлменің, енді шет жұртта екі қабат, үш қабат үлкен үйдің ең байтағы болмағанмен, оңтайлы, әрі жарық және жылы, ең қолайлы бөлмесін таңдап алам. Кітапхана һәм кабинет. Бұл жағын бұрын да айтқанбыз. Ендігі кеңес – жазу столы дедік.
Шығармашылық жұмыста, жазумен ғана отыратын кәдімгі төрт аяқты столдың мәні ерекше. Берік тұратын, тым құрса шынтақ жазылатын аумағы бар, бойыңа, астыңдағы орындыққа сәйкес ыңғайлы биіктігі өз алдына. 1962-1965 – аспиранттық жылдар – ежелгі жыраулар мұрасын іздестірген, одан соң тікелей жазуға көшкен кезімде бар жұмыс Академия кітапханасының ғылыми залында өткерілді. Сарғыш түсті, тартпасыз, жұпыны, бірақ өте жайлы столдар. Үсті таза, тек алдыңғы шетінде жайпақ табан, қуыс дәуіт тұрады. Кәдімгі көк сиялы. Әрқилы автоқаламдар сирек, тегіршікті қаламдар қолданысқа енбеген заманнан қалған тәртіп. Маған керегі де осы. Болат қаламүшті, арзан ағаш қаламсабым бар. ХV–ХVІІІ ғасырлар әдебиетін негіздейтін, кейін «Қобыз сарыны» аталып, баспадан өткен монография осы, Ғылыми кітапхана залының тапалтақ, сары столында жазылып еді.
Үй болдық, қызметке шықтық, пәтерлетіп жүрдік. Бұл бастапқы екі-үш жылда өткенді жинақтау, бірлі-жарым сын мақала болмаса, өнімді еңбек жасалмады. Азғана жазуымыз төргі бөлме – пәтер иесі қойған кәдімгі қонақ столда атқарылып еді. Көп ұзамай, мол ақшаға жеттік. «Қобыз сарынының» толымды қаламақысы қолға тигенде, соның ең алғашқы бір бөлігі – ол кезде дүниенің қымбаты – 458 сомға «Румын кітапханасы» деп аталатын, жалдамалы пәтеріміздің тұтас бір қабырғасын қамтыған, кейін, қазыналық пәтерде жарты қабырғадан астам, үш құрамды, үш қатар, біртұтас сөрелі өзгеше жиһазға жеттік. Орталық универмагқа жаңа ғана түсіп жатыр екен. (Кейін, дәрежеміз өсіп, атаулы жазушы болған кезімізде араласқан алдыңғы үлкен ағалардың үйінен, төрт, әлде бес рет ұшыратып едім. Яғни, өз тұсындағы қымбат, әрі қастерлі мүкәмал.) Арада бес-алты ай өтпей, 9-микроауданнан қазыналық пәтер алдық. Ол кезде «распашонка» – «иткөйлек» аталатын үш бөлме. Қуықтай, бірақ бізге үлкен көрінген төргі бір бөлмесін жұмыс кабинеті қылып алдым: жаңағы «Румын кітапханасы» – құрама тоғыз бөлек, жиыны ашық және жабық, қысқа-қысқа жиырма екі сөреге бар кітабым сыйып кетті. Үш қатарда жиырма төрт емес, жиырма екі сөре болуы – ортаңғы бөліктің астыңғы екі сөресінің есебінде жазылмалы стол бар. Оңы мен солы бір метрге жетпейді, шамасы сексен де сексен сантиметрлік, беті жылтыр, әдемі, бірақ шағын стол. Ендігі жазуым осы шаршылы текшеге көшті. «Тазының өлімі» және бірқанша әңгіме, ең бастысы – «Көк мұнар» романы. Сәтті дегенмен, шағын стол таршылық жасаған. Жайылып отыра алмайсың, сия сауыттан тыс көп нәрсе – артық-ауыс кітап, қағаз және сыймайды. Ақыры, Жамбыл-163 – жазушылардың жаңа үйіндегі біршама кеңіс пәтерге көшкеннен соң, дербес бітімді жазу столын іздей бастадым. Ол заманда бәрі қат. Ас-су ғана емес, кәдімгі қарапайым ыдыс-аяқ пен жұпыны жиһаз, ұсақ-түйек мүкәмалға дейін. Ақыры, іздеген столым табылғандай еді. Арабтан келіпті, үстіңгі бетін шет-жағалай әрқилы әлеміш өрнек салынған, қызғылтым-сары түсті, екі шынтағың еркін жазылып отырардай біршама ауқымды. Алып келдік. Төрт аяғы екіден қосарланған, бөлек сатылып еді. Столды орнатар кезде қарасақ, тиесілі жеріне мүлде қиыспайды. Ертеңіне дүкенге қайта барамыз. Жоқ. Ауысқан жоқ. Ауысса, басқа біреуге кетті, таба алмаймыз деп, бет бақтырмайды. Амалсыз қайтадан үйге әкеліп, аралап кеспесек те, тесігін жаңадан шығарып, төрт аяғын арбақ-сарбақ қалпында басқа бір тұсқа орнатқан едім. Басқаша екені, қиыспағаны андағайлап көрініп тұр. Енді әйел емес, мен ренжуім керек еді. Бірақ амал қанша. Көрмеге қояр мүкәмал емес, үсті түзу деп, ерттеп мініп алдым. 1974-тің басынан 1976 жылдың соңғы айларына дейін, толық үш жыл. Менің алпыс жылдық шығармашылық ғұмырымдағы ең жадау, берекесіз бір кезең. Тоқтаусыз тыпырлап жаттық, Ленинград баспасына дайындалған алты ғасырлық «Поэты Казахстана» антологиясынан басқа мәнді ештеңе жасалмаған екен. Бәлкім, осының бәрі – мүгедек, жаман столдың кесірі.
Ақыры, 1977 жылдың алғашқы айында менің кабинетіме құтты стол келді. Жақында ғана біздің бәйбішенің кіші сіңілісіне үйленген күйеу бала, архитектор Аманның көзі бірден-ақ сыйықсыз ғарабы столға түссе керек. Іздегенге – сұраған дегендей, әріптес жігіттердің бірі жаңа үймен қатар, жаңа жиһаз алған екен. Бәрі түгел, керісінше, бір дүние артық. Жазу столы. Бұрыннан басқасы бар ма, әлде қажетсіз бе, қоятын орын таппайды. Көшіріскен, қоныс тойласуға барған Аман жабыса кетеді: біздің пәлен деген жазушы ағамыз таба алмай жүрген қымбаты деп. Қолма-қол әпкесімен телефондасып, артығымен ақшасын төлеп, сыртқы қораптары ашылмаған қалпында біздің үй – Жамбылдағы кабинетіме алып келді. Міне ғажап. Алды кең, қанаты жайылып жатқан, үсті жып-жылтыр, қақ ортада жайпақ тартпа, екі жағы – үлкенді-кішілі алты тартпасы бар қос қоржынды, қоңыр стол. Ғажайып, сырлы, сиқырлы стол.
Бұл, ғаламат, қаламды өзі бағыттап, мәшіңкені өзі жүргізетін Киелі столдың басында мен аз-кем емес, тура отыз жыл отырдым. Менің ең негізгі шығармаларым – «Аласапыран», «Шақан Шері», «Сары қазақ», «Қыпшақ аруы», «Кесік бас – тірі тұлұп хикаяты» және «Қазақ тарихының әліппесі», және ондаған әңгіме, және тағы қаншама әдеби сын, зерттеу мен көсемсөз – кемі он том таңдамалым. Елден кетерде қимай қоштасып едім. Қазірде Алматы, Құрманғазыдағы пәтерде тұр.
Бұл екі ортада қысқа мерзімді, бірақ жемісті тағы бір столдар болды. Бірі – Алматыда, Абылай хан мен Қабанбай батырдың қиылысы, «Астаналық» аталатын үш серек биік ғимарат, елдегі ең соңғы пәтерімде. Шамасы, 2005 жылдың көктемінен 2006 жылдың ақырына дейін, бір жарым жыл бойы. Бұл кезде дүние кеңіген, өзім таңдап тапқан жаңа бір жазу тұғырым. Жайлы, жемісті стол еді, бірнеше әдемі әңгіме, мәнді мақалалар жазылды. Алматыда ұзағырақ қалсам, тағы қаншама игілік әкелер еді. Екінші бір келте стол, небәрі үш жыл ғана пайдалансам да, Прагадан ауысқан 2012 жылдың апрель айынан, Америкаға қоныс аударған 2015 жылдың июліне дейін айрықша қызметі сіңген сары стол Карловы Вары кентінде қалды, қазір сондағы кенже ұлым Мадиярдың үйінде. Көлем, ауданы орташа, алды ойықтау біткен, отырысқа соншама ыңғайлы, төртпақ стол еді. Бұл да бәрін өзі туындатып жатқандай, өте дарқан болды. Қажеттілікпен, амалсыз жазылған «Абылай хан – 300», «Ғаламат апат шындығы», «Қан төгілді…» дейтін мақалалар, «Құждың қу жілігі» атты жалғыз әңгімені есепке қоспасақ, «Шыңғыс хан» эпопеясының Екінші кітабының екінші жарымы, Үшінші кітап тұтасымен, және Төртінші кітаптың бастапқы жартысы осы құтты Сары столда жазылып еді. Бір стол емес, тұтас бір өмірге жетер игілік.
Осы екі кезең – уақытша келіс пен тұрғылықты жағдаят – 1996 – 2017 жылдар орайында, тура жиырма екі жыл бойы, әуелде оқтын-оқтын, үзіп-жұлып, ақыры 2007–2012 және тұрақты 2015–2017 жылдарда үздіксіз жұмыс жасаған тағы бір керемет стол болды. 1996 жылы август айының соңы, Прагада орныққан Едіге баламның үйіне, екі-үш ай қатарынан жазу үшін арнайы келіп түстім. Осыдан бір жарым ай бұрын шет елдегі алғашқы немереміз Айшешек туған. Әжесі Бақытжамал ерекше немеренің алдын тосып, менен бұрын, бір жылға жуық жатып еді. Жақында ғана кенже ұл Мадияр Праганың Карл университетінің дайындық курсына өткен. Енді міне, бәріміздің басымыз қосылған қуанышты жағдаят. Балалар Праганың Просек ауданы, асты-үстілі, көлемі тым зор болмаса да, әлденендей тылсымды сыр ұйыған, ауласы кеңіс, ерекше пәтер жалдаған екен. Мен келе салысымен, үш-төрт күн өтпей, ұлымды ертіп, жазу столын қарауға кірістім. Екі тарап та Советтен ғана емес, социализмнен де жаңа ғана құтылған ерекше заман. Бірақ борыш-қарыш, төтенше дүрбелеңсіз, қолма-қол жаңа қоғамға аяқ басқан Чех жұртына Батыстың молшылығы әлі жете қоймаған. «Набитек» – «Жиһаз» аталатын арнайы дүкендер жұтаң көрінді. Дәп мен іздегендей жазу столы андағайлап тұрған жоқ, тәуірінің өзінің анасы, мынасы ұнамайды. Ақыры, бардың қолайлысы осы болар деп, бір ұзыншақ, енсіз, күрең столға тоқтадым. Ортаңғы, тіреме тартпасы ашық, жылжымалы тақтадан, жазу мен мәшіңкеңе қажетті қағазды алып тұруға оңай. Екі қаптал – қос қоржын, сол жағында төрт тартпа, оң жақта екі бөлік; бастапқысы – әрқилы тақырып, әртүрлі деңгейдегі қолжазбалар үшін, ал оң жақтағы қосар ұяның біреуіне – бізде табылмайтын, мұнда тіреліп тұрған, таза қағаздың бірнеше қорабын қалап тастадым, ал екіншісіне – қажетті анықтамалар мен әрқилы сөздіктер қойылуға тиіс. Тіпті жақсы болды. Алып келіп, ат шаптырым залдың төргі жағына орнаттық. Сол сәтінде әжесі құндақтаулы Айшешекті әкеп, стол үстіне жатқызды. Екі жақты ырым үшін. Маған – күш, немереге – атасының шығармаларындай ұзақ ғұмыр. Арада үш күн өтпей жазуға отырдым. Бірден-ақ қолым ашылып, бауырым жазылған. Манағы айтып кеткен ерекше қонысымыздың іші мен сырты сыпатталады, сол арқылы бүткіл Прага қаласы, өзгерісті, жаңа заман лебі бой көрсетеді. Бұдан соң, өзімнің ішкі әлеміме жүгінем. Мемуарлық роман-эссе оң жолын тапты. Ақыры, қырық тоғыз күнде жазып бітірдім. «Мен» – Бірінші кітап, «Шытырман».
Бұл Күрең стол осыдан кейінгі келістерде іске қосылып жүрді, бірақ ұзағынан емес. Ақыры, өнімді жазу, рухани тыныштық үшін Прагаға біржола көшіп келдік. 2006 жыл, 27 декабрь. Арада оншақты күн өткенде ентігімді басып, жазуға қаптал отырдым. Әуелі, қаламға еркіндік беру, барымызды байқау, жарулы бапқа түсу үшін, «Менің түрлі түстерім» атты өзгеше әңгіме жаздым. Бір, әлде екі күндік дайындықтан соң – әйгілі «Жармақ». Оған жалғас әрқилы тақырыпты әңгімелер. Ақыры, 2008 жылы қарашаның он екі жаңасында «Шыңғыс хан» эпопеясы басталған. Күрең стол төрт жылдан соң тыным алды. Түптің түбі, 2015 жылы, Америкаға түпкілікті қоныс аударып, баламыздың Вашингтон түбіндегі Роквилл – Таскент қалашығындағы үй-жайына келіп түскеннен кейін, оншақты күн оздырып, қайтадан Күрең столды таптым. «Шыңғыс хан» эпопеясының соңғы, Төртінші кітабының екінші жарымы. Жыл аяғына жетпей, баяғы қарашаның ақырында бар мұратымыз орнына келген. Бірер айда қайыра қарап, баспаға өткіздік.
Азғана, екі-үш апта тыныс. Енді жаңа жазулар. Ақыр соңы «Естеліктер кітабына» ауысты. Хош. Күрең стол күш беріп, шаршау, шалдықсыз, өнімді жұмыс жасап жатырмын. Естеліктер кітабының әуелгі парасы тәмам, келесі томын бастап едім. Осы кезде, 2017, декабрь айында жаңа бір сарайымызға көштік. Бұл да астана түбі, әуелгі үйімізден машинамен он бес минуттық жер. Алайда, басқа бір қала есепті – Силвер Сприң, яғни Күміс Бұлақ кенті. Апта оздырмай, мұндағы бар кітапты жаңа кабинетіме жаңаша жинастырып жатырмын. Бұрнағы алты шкапқа сыймады. Тағы төртеуін алу қажет екен. Сонымен қатар, жаңа үй, жаңа кабинетке – жаңа стол.
Мұнда ғаламат молшылық. Жазу столының неше атасы, ондаған түрі. Бірақ менің қалауым ерекше. Ақыры, баламмен ақылдаса жүріп, ең кереметін таңдадым. Бұрнағы барлық столымнан өзгеше – әрі әдемі, әрі айдынды. Көл-көсір – ұзындығы 166 см, ені – 75 см, биіктігі де соншама. Орталық тартпасы – үлкен, кең, бұрнағы столдай жайдақ емес, ашылмалы серіппе қақпақ. Қос қаптал – қос қоржын, әрқайсында үлкенді-кішілі үш тартпадан. Менің қашанғы әдетім – барлық жағдай, барлық столда, тіпті, Мәскеу, Переделкинодағы шығармашылық жайдың өзінде, жазу столының үстіне жылтыр, таза ақ қағаз жайып қоятын едім. Баяғы совет заманында мұндай сала-құлаш жамылғы табылмайды, оның есесіне, құдайға шүкір, әрқилы ұран, плакаттар басылған сапалы, қалыңша қағаздар мол, соның сыртқы, таза жағын жоғары қаратып жаятын едім. Тұтасымен жетпесе, ортаға үлкенірек біреуін, оған кіріктіре, астынан, екі шетке екеуін. Және арада ай озып, тоқсан өте, жаңалап тұрасың. Чехияда қажетті қағазым табылмады. Суретшілер пайдаланады дейтін туырлықтай ақ табақтар тым тұтқыр, қолжазба еркін жылжымайды. Сондықтан, әуелгі бір барысымда Алматыдан екі түйдек, тамаша плакаттар ала келгем. Соның қалғанын Америкаға тасу ойға келмепті. Уақасы жоқ. Ұл немеренің үлкені, жоғарғы сыныптағы Бату тайғақ мәселені оп-оңай шешіп берді. Компьютеріне қарады да, менің мақұлымнан соң қолма-қол тапсырыс берді. Ертеңіне үш түрлі, үш бума қағаз келіп жеткен, шиыртпақ орам, әрқайсында әлде он, әлде он бес метр, енді, енсіз, қалыңды, жұқалы үш бума – ақшыл және ақ қағаздар. Үзік-үзік емес, шұбатылған ұзыншақ. Қажетіңше кесіп ал да, пайдаңа жарат. Сонымен, столдың әуелгі бетінде қалыңдау, жайпақ, ақшыл қағаз, оның үстіне жылжымалы, жұқалтаң ақ қағаз жабылған жазу столым сақадай сай болған еді. Енді отыр да жаза бер.
Иә, айтпақшы, жаңа үйде бұрынғыдан да тәуір жаңа кресло таңдап алдым. Бұл да бір мәнді тетік. Кең, жұмсақ та, тым қатты да емес, жайлы, аласарып, биіктейтін көтермелі, және айналма болуы шарт. Мен көрген ең жақсы кресло – «Астаналық» ғимаратындағы кабинетіме бұйырып еді. Қимасаң да, әуелі Еуропа, одан әрі Америкаға тасып жүру мүмкін емес. Енді Күміс Бұлақта да тәп-тәуір кресло табылды. Дарқан столыма лайықты, байсал. Жақсы жазудың тоқсан тоғыз шартының біреуіне сәйкес. Бұл кезде, сонау «Шыңғыс ханнан» бастап, міне, он жылдан асты, болат қаламүш, сұр қаламды суытуға қойып, мәшіңкеге біржола көшкем. Енді міне, бұрнағы заман, басқа бір жазулар кезіндей, еркін толғанып отырмыз. Жаңа естеліктер. Әйткенмен, тым ұзаққа кетпедік. Алдыңғыға жалғас 2018 – бір жылдық мемуар жазбалардан соң, көптен ойластырған басқа бір байып. Ойда тұрған жаңа дүниелерге уақытша тоқтау салып, алды-артымызды тиянақтау қажет еді. Бұрынғы-соңғы барлық шығармалардың құрама көрінісі. Жиырма бес томдық толық жинақ. Жаңа үй, жаңа кабинет, жаңа столдағы тақау мақсат – өткен алпыс жылдық жазуыңды түйіндеп, бар-жоғыңды тұтасымен туған халқыңның алдына қайыра тарту. Ұзақ ғұмырдың түйінді қорытындысы, тіршілік замандағы ең үлкен ескерткішің.
Міне, жиырма бестің жиырма томы баспаға әзір. Ендігісі – азғана. Тақаудағы бірнеше айда орнына келуге тиіс. Осы жаңа столдағы тынымсыз тексеріс, тағы бір соны естеліктерден кейін. Одан арғысы…
Одан арғысы – Тәңірінің қалауы, жаңа, Қоңыр столдың ырыс-несібесіне байланысты. Ежелгі Түрік, оған жалғас Алаштың аруағы ақырына дейін қолдауы хақ. Бірақ ең ұзын арқанның өзі ширатыла келе таусылатын сәті бар. Ғаламат ғұмыр кештік, барымыз орнына келді. Енді қай күні деміміз таусылса да, өкініш жоқ. Тек ел-жұртым аман болсын, ендігі ұрпағым қамықпағай, тарықпағай деп тілеймін. Өзекті пендеге бұдан артық не керек!..
Күміс Бұлақ, АҚШ,
28-30.Х.2019.
другие статьи
-
Ғибратты әңгімелер: "ТҮЙМЕЛЕР"
3 октября, 16:46 -
ӘУЕ КЕМЕЛЕРІНДЕ КЕЗДЕСЕТІН АҚАУЛАР
28 февраля, 8:44 -
В КАССЕ / КАССАДА
9 сентября, 13:48 -
ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН СӨЗІН АВТОМАТТЫ ТҮРДЕ ТАНУ ЖОБАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
29 сентября, 9:29 -
Жел атаулары
9 октября, 16:24