Слабовидящим
Поиск

Читаем

Хакім Абай індетпен қалай күресті?

2 апреля, 19:54

– Бұ қалаға жаман науқас кепті.
– Құдай ұрған іш ауруы.
– Ар жақ-бер жақтан күнде әлденеше адам өліп жатыр.
– Мәлік келгендей. Шыбындай қырылып жатыр.
– Аты не дейді? Адам естімеген қу науқас бір. Жұрт қашып жатыр қаладан...
 

Бұл – М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзінді. Дәлірегі, романның «Түн-түнекте» тарауында Абай заманында тараған індет жайлы айтылады.

 

 

Абай Құнанбайұлы Семейге келген бір сапарында шаһарда жұқпалы індеттің тарап жатқаны жайында жайсыз хабар естиді. Дерттен қарт кісілер мен жас балалар және әлжуаз адамдар көз жұмған екен. Обаның белгілері: Көздері шүңірейіп, иек-мұрны шошая береді. Көзінің айналасына көкшіл ноқта түседі. Демі суынып кетеді. Қол-аяқ мүлде тастай болып қалады. Сөйлеген үні көрден шыққандай қатты бұзылып кетеді. Алды-артында тыным жоқ, ағыл-тегіл ақтарыла береді.

Семейде Абайдың Федор Иванович Павлов деген досы болған. Павловтың әйелі Александра дәрігер еді. Абай елде тарап жатқан дерттің мән-жайын сұрамақ болып досымен кездеседі. Досы Павлов: «Өзі аса қауіпті, жұқ­палы ауру – ел таңдамайды. Бар жұртқа ортақ апат. Бұрын да, қазір де ең әуелі Үндістаннан шығыпты. Содан Ресейді, Еуропаны, Англияны, Қытай­ды, Жапонияны, тіпті Сол­түстік Американы да аралап өткен екен. Қазір Ресейде елу-алпыс губернияға жайылыпты деген сыбыс бар», – деп Абай атамызға жұқпалы дерттің қауіптілігі жөнінде айтады.
Жұқпалы дерттің таралуына жұрт ауызсу ретінде тұтынатын өзен суы негіз болған деседі. Павлов Абайға «Асты онша ашықпай тұрып ішіңіз. Бұл ауруда ашаршылық қандай жаман болса, үлкен мешкейлік те жаман. Әр тамақты шақ қана, дәл ғана жеу керек...», деп аурудың алдын алатын кеңестермен бөліскен.

Халқымыз кісі қайтыс болғанда төбе көрсетуді өзінің міндеті санайды. Тіпті жаназаға келіп топырақ салмаған адаммен қарым-қатынасты үзуге дайын. Абай заманында пайда болған обаның әрі қарай таралуы­на себеп болған жағдайдың бірі – жана­заға кісінің көп жиналуы, садақа астарына қатысуы және бір емес, бірнеше рет жиналуы (қонақ асы, садақа асы, құран хатым, жетісі, қырық күндік асы, т.б.).

Бұл індеттің қауіптілігін халыққа қай жерде, кім арқылы, қалай айту керек? Бірінші кезекте, Абай халыққа жаназа рәсімдерін өткізуге қатысты бірқатар өзгеріс жасауды түсіндіру керегін ұқты. Міне, осы тұста Абай Құнанбайұлы өзі білетін Сармолла есімді молданы шақырып, оған халық жұқпалы аурудан сақтану үшін жаназа, хатым, астарды аз адаммен өткізуді жұртқа түсіндіру керегін жеткізеді. «Кісіні көп жинамай, марқұмды тез жерлеп, халық сақтануы қажет. Тым құрыса, мешітке намазға жығылатын адамдарға, тіпті болмаса жұма күні хұтпа соңынан махалла халқына өсиет айтыңыз. Шәкірттеріңізге, әсіресе көп ұғындырыңыз. Ата-аналарына, көршілеріне сіздің өсиетіңізді таратсын!», деді.

Сармолла жұма намазына жинал­ған жұртшылықтың алдына шығып, Абайдың айтқандарын жеткізді: «Қаза болған адам үйіне, жаназаға мүмкін қадарынша халық аз жиналсын. Мәйіт шыққан үйге көп адам келіп-кету болмасын. Ол үйде ас ішу, халыққа тағам тараттыру, жетісін, қырқын жасау уақытша тоқталсын! Көп молда, шәкірт, мәзін, қарилер бұдан былай осы махаллада барлық ауырып өлген адамдардың үйлеріне қаптап барып, басқа үйлерге және қаптап жүрулерін тоқтатсын». Алайда, жаназаны жаңаша тәртіппен өткізуді кейбіреулер қабылдай алмайды. Бірақ обадан қайтыс болған кісінің жаназасына қатысқан Жұман молда, Сахип халфе, Амантай шәкірт сынды бірқатар дін ұстаздары да обадан қаза болғанын Сармолла еске салғанда ел елең ете қалады. Жөн сөз деп құптағандар табылды.

Осы оқиғаның ертеңінде Жақып деген ауқатты бір бай дүкеншінің әкесі обадан қайтыс болады. Бай бұрынғы үйреншікті әдетке сай жорал­ғымен жөнелтпек ниетте. Жақыптың кең үйіне тегіс дастарқан жайылып, қазан-қазан ет асылып, көп кісіні күтуге әзірлік жасалады. Бірақ кешегі Сармолланың үндеуінен кейін Жақып байдың әкесі Жұмаділ қарттың жаназасына кісі көп бармай қалады. Осылайша халық жаназа рәсімін барынша аз адаммен өткізуге үйрене бастайды. Алайда, обаға шалдыққандар саны азаюдың орына керісінше, күннен күнге адам өлімі көбейіп барады. 

Бұған алаңдаған Абай досы Павлов­тың дәрігер әйелінен мұның себебін сұрағанда ол: «Сіз алғаш келген кезде бұл қалаға ауру жаңа ғана араласқан-ды. Ол мынау ыстық күндерде осылай үдемей қоймайды. Ал жаназалар өз істейтінін істеп болған. Сонда ауру жұқтырған жеке-жеке адамдар, енді өздерінің үйлерін дертке ұшыратып, жұқтырып жатыр», деді. Демек, әлі де болса халыққа індеттің қауіптілігі мен сақтану жолдарын түсіндіру керек деп ой түйеді Абай Құнанбайұлы.

Хакім Абай енді халық арасында дұрыс тамақтану және жеке бас тазалығын сақтау жөнінде базарларды аралап өзі түсіндіруге кірісті. Әрдайым қолды ыстық сумен жууды, суық су, сұйық асты ішуді, қарбыз-қауын тәрізді бау-бақша өнімдерін тұтынуды және қатты қайнаған ас пен қатты қуырылған тамақ жеңіздер деп дәрігер Александра Яковлевна берген кеңестердің бірін қалдырмай түсінікті тілде, байыппен жеткізуге тырысты. Көп ұзамай халық індеттен айығып, еңсесін тіктеп, баз-баяғы қалыпқа түсе бастады. Міне, осылайша Абай атамыз кішігірім карантин шараларын қолға алып, бүтіндей елді аман алып қалды.

Алайда, осы түсіндіру жолында бастапқыда елдің барлығы Абайдың пікірін қолдай қоймады. Орыстың сатқыны деп айыптап, діни рәсімдерге араласуы орынсыз деп адамдарды оның сөзіне ермеуге шақырды. Бірақ Абайды тыңдаған ел аман қалды. Бүгінгі күні індеттің таралуын тоқтату жолындағы сақтық шараларына кейбіреулер құлақ аспай, оның астарынан әр нәрсені іздеп әлек. Өздеріңіз куә болғандай, оба ауруының басты таралу жолы – адамдардың топ болып жиналуы, амандасуы, бірге тамақтануы, т.б. Демек, індет атаулының таралу жолдары бір болғаны сияқты, одан сақтанудың да жолы біреу. Ол – кісі көп жиналатын орындарға бармау, бетперде тағып, жеке бас гигиенасын сақтау, иммунитетті көтеру, дұрыс тамақтану, дәрігерлердің нұсқау­лықтарын орындау.

Бүгінгі таңда еліміздің бірқатар үлкен қаласында карантин жарияланды. Көп жерлер жұмысын тоқтатты. Алайда осы күндері қайтыс болған кісіні жөнелту кезінде адамдар әлі де болса жиналуда. Әрине ағайыннан айрылған адам мұндайда қол қусырып қарап отыра алмасы анық. Көңіл айтуды міндеті санайды. Бірақ жаназа рәсіміне кісінің көп жиналуы жоғарыдағы оқиғада баяндалғандай індеттің таралуына жол береді.

Жалпы, марқұмның артында қалғандардың міндеті – мәйітті арулап жуу, кебіндеу, жаназасын шығару және жерлеу. Міне, осылар жерлеу рәсімінің басты талап-шарттары. Садақа дастарқандарын жаю – дініміз құп көрген қосымша сауап амалдар.

Амандық болса, құлшылық­тарымыз бен діни рәсімдерімізді толыққанды орындайтын күнге де жетерміз. Ол үшін үйде болыңыз, үйден шықпаңыз! Дертті жаратқан және оның емін қоса жаратқан Алла Тағалаға жалбарынып дұға тілеңіз! Алла елімізді аурудан айықтырып, оразамен қауыштырғай! 
 
Төлеби қажы ОСПАН,
Ақтөбе облысының бас имамы

другие статьи

Чат-бот
Нашли ошибку?
Нашли ошибку?
Страница
https://corp.soyle.kz/article/view
Ваше имя
Почта или телефон
Пожалуйста опишите вашу проблему или идею
прикрепить файл
отправить
Спасибо за обратную связь!