Слабовидящим
Поиск

Читаем

Ж.Нәжімединов шығармаларындағы қосарланған синонимдер

28 апреля, 0:23

Қазақ тілі - дамыған, жетілген, бай, икемді тілдің бірі. Бұл пікірдің растығын кемеңгер Абай атамыз дәлелдеген болатын. Қазақтың ақын-жазушылары тіліміздің шоқтығы биік, өзге тілдерден ерекше екенін өз шығармаларында айқын көрсетіп келеді. Солардың бірі-өзінің оқшау стилімен, нәзік сезімімен, ақындық шеберлігінің сан қырлылығымен танымал болған жерлес ақынымыз Жұмекен Нәжімеденов. Қазақ әдебиетінде өзінің елеулі орны бар ақынның өлең жинақтары одан қалған мұра боп табылады. Сол өлеңдерінде ақын өз ойын оқырманына нақты, дәл көркем етіп жеткізуде шеберлігімен айқындалады. Поэтикалық тіліндегі өзгешелік — өлеңдерінің көркемдігін ашуда, тілі мен мазмұнын байланыстыруда көркемдегіш детальдарға үлкен жауапкершілікпен қарап, ой желісінің түйінді тұстарында синоним сөздерді қосарлап қолдануы.

«Тілдегі синонимдерді жекелеп те, кезектестіріп те, жұптап та, топ та қолданғанымыз сияқты, бұларды қосарлап та қолдануға болады» (Ә.Болғанбаев). Қазақ тілінде сөзді қайталау мен қосарлау тәсілі — өзінше ерекшелігі мол құнарлы жүйе. Осыны терең түсіне білген Жұмекен ақын синоним сөздерді асқан шеберлікпен қолданып, өлеңінің мазмұнын аша түседі. Әсіресе,синоним сөздерін қосарлап қолданған тұстарында өлең ұйқасына еш нұсқан келтірмеген. Оның сөз қолданысындағы дыбыс әуезділігінде тек өзіндік шеберлігі танылады.

Жайдақ қырдан түңілсең – гүл өседі бір күні,
Қайраттыдан түңілсен – күреседі бір күні.

Мына заман артқанда бойға – бейнет, ойға — сын,
Күш – қайратты түңіл деп беріп пе екен, ойлашы
Көп түңілсең момынынан – ашу шығар бір күні,
Көп түңілсең тұнықтан – тасу асығар бір күні.
Мына заман артқанда бойға шыдам, ойға сын –
Күш — қайратты түңіл деп берегн жоқ қой, ойлашы.

(«Досым, сен тыңда»)

*****

Көкірегіңде ыстық, кіді, тар әрі
Күш – қайратың құр тұншығып барады.
Талғам, талғам, талғам сенің – кеселің,
Өз талғамың — өз жолыңды кеседі.

(«Композитор»)

*****

Бүгін нұрың тамып тұрған гүлдейсің,
боз қырауда не боларын білмейсің,
төбе азғанда сай боларын білмейсің,
пасықтықтың пайдаларын білмейсің,
Қайғы – мұңның қайда барын білмейсің!

*****

Мен көрмеген мұхиттардан өтер ме ең,аман — есен шекаралар дауынан,
түрлі түсті түсінікпен ауырған.
пиғылдардан, толқындардан, дауылдан

(«Саидаға»)

****

Енді бір сәт… қарашы, құдыретті
енесіне аман – сау құлын өтті.
Ит шәу етті, келіншек тұрды атылып,
жас қонақтың жүрегі шымыр етті.

(«Ақөзекте айлы кеш»)

*****

Көрейікші екеуіміз туыс – туған санасып,Сен әкеңді білесің жазбаса да тілдей жыр, … («Ұлым, саған айтам»)
Ақынның өлеңдерінде көркемдік құралдың бірі ретінде қолданған синоним сөздері қосарланып келіп, орайын тауып тұр.Ол өлеңнің мазмұнына ғана емес, тіліне шарт қоя білген.
Жұмекен ақында қосарланған синонимдер тым мол, әрі өлеңге керекті жерінде пайдаланылған.«Күбі», «Тамшы» деген өлеңдеріндегі синонимдерге зер салып қарайық .
О, сәттілік, несібе – ырыс белгісі,
босағаның – беріктіктің белгісі,
Шаңырақтың – биіктіктің белгісі!

(«Күбі»)

*****

Еспе, самал,
есер бұта, дір қақпа:
Үлгерейік бір – бір қарап сай жаққа,
таулар жаққа, қыр жаққа;
Мысқал салмақ қосып әзіл – қылжаққа,
Жапырақтың алақанына ұйыған
тамшы жайлы салмақ ем бір биік ән! («Тамшы»)
Ақын белгілі бір ойын толық жеткізіп беруде синонимді қолдану тәсілінде қателескен жоқ. Керісінше, өз ойы мен пікірін құлпыртып көрсетуге тырысқан.«Күбі» атты өлеңінде қазақ дәстүріндегі күбі пісуді несібе, ырыс, берекеге балай отырып, қазақтың әдет – ғұрып этнографиясын айқын суреттейді. Тың теңеулер арқылы ақынның көркем сөзді қаншалықты түрлендіргенін көруге болады. «Ырыс» сөзіне синонимдік қатар көп. Ақын «ырыс» сөзінің орнына «береке» деп те алуға болар еді. Бұл жерде ол мәндес сыңарлардан қосарланған сөздерді мағынасына қарай қолдануда , өлеңнің ішкі бунақ ұйқасын бұзбауға үлкен мән берген. Ал енді «Тамшы» өлеңіндегі «әзіл — қылжаққа» дегенінде «қылжақ» сөзін алуында өзіндік мән бар. Ол «қылжаққа», «қыржаққа» деп қолдануда мағынаны қуатты жеткізуде дауыссыз «қ» дыбысының үндестігіне орай «қылжақ» сөзін пайдаланған.

Сондай-ақ
Ақындықты қайтсем екен мына саған бітпеген,
Батылдықты қайтсем екен мына маған бітпеген.
Майлап алып жағар ма еді қайғы-мұңды сендегі,
Байлап алып сабар ма еді қаймығуды мендегі.
(«Ұлым, саған айтам» жинағынан)
Бұл шумақта ақын « қаймығуды» сөзіне ұйқастырып «қайғы-мұңды» сөзін қолданса,

Балапанын бағып келед қолға алып,
Бақ — атағын күтіп келед қолға алып.
Қанатына кір тигізбей баяғы ақ
Келеді әлі ақ кептерін аялап,- («Ақ көгершін»)
деген шумақта «балапан» сөзіне «бақ — атақ» сөзін ұйқастырып, сөзді қуатты көркем жеткізуге тырысады.
Осы өлеңдерде Жұмекеннің ақындық тілінде аллитерациялық көркемдеу тәсіл өз орйаын тауып тұр емес пе !?
«Қазақ тілінде мәндес сыңарлардан қосарланған сөздер мағыналары бір – біріне жақын сыңарлардан құралады да, топтау, жинақтау ұғымдарын білдіреді»

(Ахмеди Ысқақов).

Жұмекен өлеңдерінде де осындай сөздер жиі кездесіп қалады.

Ауа болып тараса атақ аспанға,
тау — тастарға сіңуі үшін жаңғырық.
Әр ісімнің иін мықтап қандырып,
Созу үшін азабыңды да ән ғылып,
тердің өзін төксем деймін қан ғылып.

*****
Оған дейін момын жанмын мен аса,
мінез – құлқын ішкенде де тамаша.
жел жағына шыққан емен бұл жұрттың,
бұлтты күнгі ымырт сынды жым – жыртпын.

*****

… Мұндай жары бар адам
Ұрыс – жанжал іздесе – іздер болар даладан …*****
Сонсоң тілге тиек — дәлел тұтамын
академик Амосовтың кітабын.

*****

… Қулау бастық құтылатын өсіріп
адамынан ақыл – үгіт қонбайтын…

*****

Пәтер алдық тұрақты,
аяқ – табақ құралды,
Келіншектер бір – бірін ұқпайтынды шығарды.
Әсет Болғанбаев: «Екі синоним сөз қосарланып қолданылғанда бұлардың бұрынғы жеке мағыналары абстракцияланып (яғни жалпыға айналып), білдіретін ұғымның көлемі кеңейеді. Мұндағы күрделі ұғым екі сөздің дара мағыналарының жиынтығынан шығады, » — деген(«Син. сөздігі» 1974).Жылан қабық шұбар шыңдар,
Сендер де тас шығарсыңдар?
Содан да даңқ – атақ үшін
Құр шіреніп жатамысың? («Тау баурайында »)

*****
Мен көлденең тұрар едім тас болсам,
Ауыздарға өсек – ғайбат түтеген.
Мен бір тамшы жас болсам,
Сұлулардың кірпігіне бітер ем.

*****
Сездік талй іштарлықты – мұздадық,Қаламақы төлейтін
Кассирлердің түр – болмысы сізге анық:
Еңбегіңді, өнеріңді түсінбей,
Тиыныңа қарайды ғой қызғанып?! («Ана тілі туралы сөз»).
Көріп отырғанымыздай, мұнда да ақын өлеңдерінде синоним сөздерінің компоненттерін бір – бірінің мағынасын ашатындай лайықты, мәндестерін ұтымды қосарлай отырып салмақты, әсерлі ой берген. Ақынның синоним сөздерді өлең ұйқасына, құрылысына, буын, бунақ санының бір қалыптылығына орай орынды қолдануы қаламгерлігінің бір ерекше қырын көрсетіп тұр дегім келеді. Бұның өзін сөздің нәзік мағынасын ажыратып,тілдік материалдарды асқан шеберлікпен қолдануына үнемі мән берген деп түсінем.Сенікі ғой менің ырыс- бағым да,
Бағым болған мына жастық шағым да,
Саған , саған бәрін берем – қабылда,
Ей, жас өмір.
(«Ей, жас өмір»)
Ақын бұл шумақта «ырыс- бағым» синонимдерін тек ұйқас үшін ала салмаған. Белгілі бір айтпақ ойына назар аударту үшін «бағым » сөзін қайталап қолданған.
«Кімде – кім мәндес сөздердің нәзік мағыналық ерекшеліктерін дұрыс аңғарып, керекті жерінде лайықтап қолдана білген болса, ондай адамның сөйлеген сөзі, жазған еңбегі соншама мәнерлі де тартымды болмақ»(Ә.Болғанбаев).Бір қарт қана төңбекшиді төсекте:
Ғұмыр бойы шеккен жәбір – жапасын
Бүгін ғана есептеп.

(«1916 жыл»).

*****

Кім зар – мұңның татса дәмін,
Сол қарасын аяп маған!
Солар үшін басталамын,
Солар үшін аяталам. («Сарыжайлау»).
«Тілдегі синоним болып жұмсалатын жеке сөздердің бәрі талғаусыз қосарлана бермейді. Бұлардың ішінде жұпталып айтылып тиянақталған, мағына жағынан, көркемдік мәні жағынан аз да болса ерекшеліктері барлары ғана қосарланып қолданылады» (Ә.Болғанбаев).
Мәселен, «жәбір – жапа» деген сөз барлық ауыр жағдайды сипаттап тұрса,

«зар — мұң» деген қос сөз барлық қайғыны, қасіретті, азапты топтастырып тұр.
Өтіп жатыр машинаның түр – түрі,
Жаяулардың түр – түрі,
Әрқайсысына бір иіліп солардың,
Күбір – сыбыр ететіні – күлкілі, —
(«Қақпа алдындағы қарт»).
деген өлеңінде балаша әр нәрсеге алданатын қартты көз алдымызға келтірсе,
Кейін қысқа сары шаш бұрымың боп кетіпті,
Қырып – жойып қыз деген «қырық індет» жетіпті, —
деген өлеңінде ерке боп, тентек өскен қыздың тез бойжетуін тамаша суреттейді.Ақын көркем бейнелі троптың түрлерін қолданып, ойды ажарлау үшін ауыстыру арқылы қарапайым сөзге ажар дарытады. Қыз болғанды «қырық індетке» балауы жарасымды көркемдік. Балалықты аңсаған бозбала атынан мұңды жырлап тұрғандай.
Тілімізде белгілі бір ұғымды әр қырынан толық сипаттап беру үшін екі немесе үш – төрт синоним сөз қатар қолданылады.

Мысалы: «Дәл қасымызда үш бастау, қайнар, бұлақ бар, соларды пайдаланайық дейміз.»

(Ә.Тәжібаев)

«Жауып езіліп, еріп, балқып кеткен сияқты болды.»

(Ғ.Мұстафин)

Яғни, қарап отырсақ, прозалық шығармаларда қатар қолданған синонимдер
бір – бірінің мағынасын толықтырып тұр. Біреуінде кездеспеген мағыналық, стильдік реңк басқаларынан табылып, бүтін бір ұғымның әр түрлі белгілерін жан – жақты қамтып көрсетеді. «Екі бала күнделікке шешелерінің жанынан ұзамаған. Әншейінде кекетіп, кемітіп, түртіп – шұқып сиыстырмайтын балалар — Әлібектің ұлдарына шейін бүгін енешелері үзіліп қапты.»

(«Кішкентай» романы Ж.Нәжімеденов)

Ал дәл осындай көрініс Жұмекен өлеңінде де өз орайын тауыпты.
Қай хиссадан оқып ем,
Қай ауыздан естіп ем?
Әйтеуір, бір әңгіме
Келе жатқан ескіден
Ескіліктен сәл алсаң үзіп — жұлып, тартқылап,
сәл алғаның жаңаға сай келуі – шарт бірақ!
(«Шарт»)

Ақынның қосарланған синоним мен үшінші бір мағыналас сөзді тіркестіруде өлең құрылысын бұзбағаны байқалады.Жұмекен Нәжімеденов проза жанрында да қосарланған синонимдерді мағыналық реңктеріне орай ұтымды қолдана білген.Айтпақ ойының мән – мағынасын ашуда қолданған сөздері әсерлі жеткізіліп, экспрессиясын күшейтеді.
Жазушының атақты «Ақ шағыл» романында қосарланған синонимдер шығармаға ерекше мән беріп, оқырманын қызықтырып, ішіне енген сайын сиқырлап шырмап тастайды. Мысалы: «Өмірге, айналаға үйреніп, қулық – сұмдықты аздап та болса түсініп қалған бала – жігіт соңғы кезде өзін естияр санай бастаған – ды».
«Ағайын – туыс, дос – жаран бар, баласы керой болып жатқанда қан шығармады демей ме ертең? »
«Әркім естіген – білген күлкілі жәйларын әңгіме ғып ортаға салады».
«Қазір де мына Қуантай қартқа бейіт тұрғызушылардың бүкіл пейіл – ниетіне әр түп шағырдың өз орнына түсуі үшін әркімнің – ақ жан салып жатқанына қарап бұ не деген ауыз бірлігі күшті жұрт деп таңдана, ойлайсыз ғой… ойлаңыз, ойлаңыз…». «Екі – үш кісінің басы қосылып көрінсе зәре – құты қалмайды.»
«Бір ауылдың соғыстан аман – сау оралған жалғыз азаматы.»
«Әзі әулиенің моласы бар –ды. Ауырған – сырқағанның бәрі соған барып түнейді. Малдарын сойып, садақа – зекетін сол арада үлестіретін – ді.»
«Сейсімет ақыл – есі толысқан адамның әдетінше күлімсіреп, басын шайқап қала берді?!»
«Атың өшкір, қу соғыс! Лағнат – қарғыс аралас бұндай сөздер талай адамның аузына түсті.»

Автор шығармасында сөздерді қайталамау үшін синонимдерді қосарлап қолданып, мағыналық реңк пен стильдік реңкті өз бояуымен нақтылы көрсетіп, сөйлемдері мәнерлі сипатқа ие болып тұр. Жазушы Жұмекен синоним реңктерін айқын ажыратып, табыстырып қолдана білу соншалықты қажет екенін естен шығармаған.Жұмекен Нәжімеденов етістікті қос сөздерді (синонимдерді) ұтымды пайдаланып, өзіндік қолданыстар жасайды.

«Әйел басымен өзі тартып жүрген қауғаны мына жыңғылдай жігіттің шайқалақтатып төгіп – шашып ұстағанына мұның қарап тұрып күлкісі келеді».

Осы сөйлемде қолданған синонимдес сөздерден жасалған «төгіп — шашып» қосарлама етістіктері арқылы ер жігіттің қолапайсыздығын бейнемелі, суреттемелі түрде оқырманға елестетіп жеткізеді.
Мысалы: «Қамшысы аздай тебініп – тепкілеп аттың қос өкпесін түсірді.»

Жазушы іс — әрекетті күшейту мақсатында синонимдік қатарларды айтпақ ойына дәл тауып қолданған. Тағы бірде: «Самолёт дірілдеп – қалтырап сәл тұрды да, құрғақ сордың тұз аралас ақ боз шаңын бұрқырата, жорғалай жөнелді.» Ақауы мол, тозығы жеткен техниканы суреттеуде «дірілдеп» сөзіне «қалтырап» сөзін қосарлап қолдануда шеберлік танытады.Жұмекен Нәжімеденов өз еңбектерінде синонимдерді қосарлап қолданған кезде қазақ ауылының реалистік келбетін бейнелеуге тырысқан.

Профессор Ә.Болғанбаев: «Синонимдерді таңдап – талғап өз орнына пайдалана білмегені үшін В.В.Маяковский Фетті «Өз төңірегінде жылқы атауларының жосып жүргенін көрмей, ат деген бір ғана сөзді 49 мәрте қайталайды» деп қатты сынаған болатын. Ал пролетариаттың бір ұлы көсемі еңбек жазу үстінде синоним сөздердің ішінен өзіне ең қажеттісін таңдап алуға небір асыл уақытын жұмсаған. Соның арқасында өз ойын оқушы қауымға жеңіл де қарапайым түрде шеберлікпен жеткізе алғандығы мәлім», — деп жазады.

Қазақ тілі синоним сөздерге қаншалықты бай болса, жазушы Жұмекен аға да шығармаларына керекті нәрді, кестені синонимдермен өрнектеген. Жас зерттеуші ретінде оның жазу мәнеріндегі байқағаным – осы қыры

Жазушы Әбділдә Тәжібаев ағамыз: «Жұмекен поэзиясы – біздің ұлттық мақтанышымыз, біздің ашылар алтын сандығымыздың бірі. Ешкімге ұқсамайтын ақынның әрбір шумағы тың қазыналар. Мен поэзияны жақсы түсінетін талантты жас сыншыларды осы алтын сандықтағы асыл байлықтарды ашуға шақырамын,» — деген екен.Мен Жұмекен ағаның қалдырған мұраларынан әлі де тың қазыналар табылады деп ойлаймын.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Ахмеди Ысқақов Қазіргі қазақ тілі «Ана тілі» 1991 (119-бет)

2. Әсет Болғанбаев Қазақ тілінің синонимдер сөздігі «Алматы» 1975жыл

3. Жұмекен Нәжімеденов Екі томдық шығармалар жинағы «Жазушы»2005 жыл

4. Ж.Нәжімеденов «Ақ шағыл» романы «Кішкентай »романы

5. Жұмекен.Қазына.Атырау-Ақпарат. «Арыс» баспасы 2002 жыл

6. Ж.Нәжімеденов Үш томдық шығармалар жинағы «Жазушы» 1996,1997жыл.

другие статьи

Чат-бот
Нашли ошибку?
Нашли ошибку?
Страница
https://corp.soyle.kz/article/view
Ваше имя
Почта или телефон
Пожалуйста опишите вашу проблему или идею
прикрепить файл
отправить
Спасибо за обратную связь!