Полезно знать
Әбу-Насыр Әл-Фарабидің ғылымдағы дара да дана жолы
28 февраля, 13:42
Эпиграф
«Бүкіл мұсылман шығысының аса ұлы ойшылы әл-Фараби грек философиясының ең терең қырларына дейін бойлап, байыбына жетті. Сондықтан да шығыста философияның ғылыми зерттеудің шын мәнінде, бастаушы кім дегенде, басқа ешкім де емес, тек соның есімі аталуы керек».
А.Мюллер, немістің шығыстанушы ғалымы
Жоспар:
І. Ғылым шырағын жаққандар.
- Ел үшін ерең еңбек еткен – ұлы кемеңгер тұлғалар.
ІІ. Ұлы дала елінің аңызы – Әбу-Насыр әл-Фарабидің басты философиялық бағыты.
- Ғұламаның ғылымдағы ғұмыры
ІІІ. Әбу-Насыр әл Фарабидің ғылымдағы дара да дана жолы.
- Кемеңгер тұлғаның әдеби жәдігерлері
І. Ғылым шырағын жаққандар
«Ұйқыда жатқан халық не ұлтын жоғалтады, не өледі» деп халқымыз бекер айтпағандай, өткен ғасыр ширегінде аюдың ақсаусағындай бейбіт ғұмыр кешкен халықты қараңғылықтан оятып, жігерін құм қылмаған, ұлы да бірегей тұлғалар ұлы дала елінде аз болмады… Көздерінен білімнің сәулесі, жүректерінен халықтың есімі жалын болып көрінетін дана, дара тұлғаларды санап, саралауға уақыт жетпесі анық. Алайда олардың есімі ешқашан халық жадынан өшкен емес, өшпейді де.
Ғылым жолында өзінің дара жолын қалап, майшам жарығындай ғана білімнің сәулесін күндей жарқырата жаққандардың есімі мен еңбегі әрқашан халық жүрегінде сақталады. Білімнің нұрын, ғылымның ғұмырын кезіп, «Қырық қарақшының» тосқауылына бет бұрмағандар арасынан мен үшін ел кезегі үш саналатын Ұлық Түріктей үш ғұламаның ерлігі аса құнды. Халықтың есінде, тарихтың сахнасында аты тайға таңба басқандай алтын әріппен қашалып қалған, руна жазуындай есімі сақталып келген дара тұлғалардың алдыңғы қатарларының бірін атап өтуге рұқсат етіңіздер. Олар: барша түркі жұртына ортақ мұра болып саналатын, әлемнің екінші ұстазы атанған – Әл-Фараби, аққан жұлдыз – Шоқан Уәлиханов, терең ойлы да терең сырлы – Абай Құнанбайұлы. Халықты білекпен емес, біліммен біріктірген, рухтандырған бұл тұлғалар өткен ғасырда тұтас халықтың ұстазы болса, бүгінде бүкіл әлемнің ұстазы. Әрине, өмірін ғылым жолына бойлап, өзен болып сарқырап аққан тұлғалардың тізімі көлдей. Бірақ солардың мөлдір бастаулары санаулы…
Білім мен ғылымның көшбасшылары атанған дара тұлғалардың өміріне біраз шолу жасап өтсем, арттық болмас.
Қадым заманда қазақ халқы барар жерін Шолпан пен Темірқазыққа қарап болжаған деседі. Бірақ кейде жұлдыздар шөміш болып жанбақ түгілі, сағым болып жоғалатын. Міне, осындай жұлдыздардай қазақ жерінде аспандағы шолпандай жарқ етіп дүниеге келіп, жұлдыз болып ағып өткен ұлы кемеңгер тұлғалар қаншама. Солардың бірі, қазақтың аққан жұлдызы–Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов.
Шоқан Шыңғысұлы жайлы ауыз толтырып айтар деректер көп екені баршамызға белгілі. Мен сіздерге көз көріп, құлақ естімеген, Шоқан атамыз жайындағы қызықты мәліметтерді ұсынғым келеді. Мысалы, Зейтін Ақышевтің «Жаяу Мұса» кітабын оқысаңыздар, Шоқан Уәлихановтың ән мен күйді жанына серік еткен, аса қадірлі Жаяу Мұсамен дос болғандығын көреміз. Сонымен қатар, Шоқан Уәлиханов туралы Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» атты автобиографиялық шығарма жазғандығын атап өткеніміз жөн болар. Жазушы Шоқанның балалық шағын оқырман қауымның көз алдына елестетіп қана қоймай, ғалым өмірінен құнды дерек алуға мүмкіндік береді.
Биыл еліміздің ұлы кемеңгер тұлғасы, терең ойлы да, терең сырлы, аты тарих сахнасында алтын әріппен қашалып, мәшһүр болған, өлеңдері келешек буынға өшпес мұра болып қалған – Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы! «Абай – дара, Абай – дана қазақта», – деп халқымыз бекер айтпағандай, еліміздің басына бақ болып қонған Абайдай ұлы нар тұлғаның туған күнін атап өтпеу, ауыр қылмыс.
Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе
Адалдықты көздесең
Жаттап тоқы көңілге!», – деп С.Торайғыров айтқандай, Абай Құнанбайұлының әр сөзі көркем оймен айшықталған, әдебиеттің әшекейі іспеттес. Өз заманында қара танымайтын халық үмітінің «Ақшам жамырады» кезге жетпеуі үшін оқу-білім жолында бойын құлаш сермеп, терең бойлаған Абайдың қара сөздері жай ғана ақын атаған сөздер емес, астары өткір сынды қамтыған, Ұлы сөздер. Мысалы, Абайдың Қырық екінші сөзінде: «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынын бір себебі – жұмасының жоқтығы. Егер, егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді? Ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір жылқының тайын мініп, тамақ асырап, болмаса, сөз аңдып, қулық, сұмдықпенен адам аздырмақ үшін, яки азғыртушылардың кеңесіне кірмек үшін, пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар». – деген кеселді сөзі әркімге ой саларлық тәрбие. Аталған пікірді біздер, яғни, болашақ ұрпақ жай ғана құлақ пен көзден елең қылып өткізбей, ойымызға өрмекші торындай тоқуымыз қажет. Сөзі мен ойы тең жарасқан Абайдың бұндай қайратты сөздері, қажырлы еңбектері аз емес. Дүниеқоз жандардың санасыз әрекетін, сөзуарлардың өсекке үйірлігін, «Екінші Шықбермес Шығайбай» атанған сараңдардың улы ойларын қатты сынаған Абай Құнанбайұлының парасатты сөздері ешқашан өз шоғын өшірмейтініне сенімім кәміл.
Әлемге әйгілі ұстаз, терең ойлы пәлсапашы, ғалым Әбу-Насыр Әл-Фараби 870 жылы бұрынғы Фараб, қазіргі Түркістан облысы, Отырар ауданы маңайындағы ортағасырлық қалада дүние келген. Шығыстың ғұламасы, бүкіл түркі жұртына Ұлық Түріктей лұқман атанған Әбу-Насыр Әл-Фараби жайлы айтылатын деректер аз емес.«Ғалымның хаты өлмейді» демекші, Әбу-Насыр Әл-Фараби атамыз өз артынан ізі суымайтын, аса мәнді де дәлді еңбектер қалдырды. Әсіресе, ғұламаның ғақлия сөздері бүгінгі жастар үшін құлаққа сіңімді, санаға қонымды, ойға өрмекше тоқылар –тәрбиенің қайнар бастауы болмақ. Мысалы, ҰЛЫ ойшылдың «Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы» деген тұжырымды да тұшымды ойы мектеп пен өмірдің оқушыларына сабақ болары сөзсіз. Ал ғұламаның келер ұрпаққа қалдырған асыл мұрасы – Мың ғасырлық қазына.
Қарап отырсақ, мен сабақтастырып өткен үш кемеңгер тұлғаның тұлғасы үш бөлек болғанымен, мақсаты – бір. Үш түрлі ғасырда дүниеге келген асыл жандардың ойы мен парасат пайымы, ары мен намысы, жаны мен даралық жолы бір ғана елдің тағдырына бағытталған. Елдің шаңырағын көк аспанмен теңестіріп, бейбітшілік пен келісімге әкелу – қай қайсының да тілегі, іштегі өреттеніп өткен – арманы… Ойы ұшқыр даналарымыздың сөзі мен құнды ойын тек әдебиет пен тілді қос қанатындай ерткен, тілжанашырлары мен әдебиетшілері ғана келешек ұрпақтың санасына ананың сүтіндей дарыта алмақ. Алайда, бала бойына дарытылған білім, Әл-Фараби атамыз айтқандай, тәрбиемен үйлесуі аса маңызды. Әйтпесе, тәрбиесіз берілген білімнің адамзатты түбімен құртатыны айдан анық.
«Ғалымның хаты, жазушының сөзі» өлмейді дегендей, «Ел үшін ерең еңбек еткен – Ұлы кемеңгер тұлғалардың» асыл мұрасын болашақ ұрпаққа жеткізу – біз үшін үлкен міндет.
- Ұлы дала елінің аңызы – Әбу-Насыр Әл-Фарабидің басты философиялық бағыты. Ғұламаның ғылымдағы ғұмыры.
Ұлы дала елі X-XII ғасырларда араб халифатының қол астында болғаны барша жұртқа белгілі. Ислам өркениеті мен мәдениетін жасауда өзіндік үлес қосқандардың арасында қазақ жерінен шыққан дана тұлғалар да болды. Мәселен, қасиетті Отырар қаласында дүние шымылдырығын ашып, күндіз бағбандықпен, кешке ғылыммен шұғылданған, бар тапқан тиынын кітапқа жұмсаған, алтын мен жібекке қызықпаған, түркі жұртының өркениетін әлемге танытқан – Әбу-Насыр Әл-Фараби.
Түріктің ұлан ғайыр өлкесіне бақ болып біткен, ғылым мен ғұмырдың бұлбұлы атанған, өзіндік тар жол, тайғақ кешуімен әлемді сүйсіндірген Әбу-Насыр Әл-Фараби сынды нар тұлға жайлы шығарма жазу – біздей көк бөрінің ұрпақтары үшін үлкен мәртебе. Әбу-Насыр Әл-Фараби ғылымның сан саласында жарғақ құлағын жастыққа тиместен, көз майын тауыса еңбек еткен ұлы данышпан тұлға. Оның майшам түбінде, шөміш жарықтың сәулесімен астары терең трактаттар жазуы – әлемді тамсандырған ерлік. Ұлы ғалымның еңбектерін парақтасақ, олар: «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактат» («Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы»), «Музыка туралы үлкен трактат» және 150-ге жуық философиялық және ғылыми-теориялық еңбектері бар. Ғұламаның баға жетпес еңбектері бүгінде өз құндылығын жоғалтқан жоқ.
Әрине, дананың трактаттары мен көсемсөз өлеңдері жайлы сыр шертетін жайттар мен талқылайтын еңбектері көп. Бірақ мен сіздерге Әл-Фарабидің асыл мұрасын еске салып өтпекшімін. Ол ғалымның-ғақлия сөздері. Ғұламаның ғақлия сөздерін кез-келген адам дәмін татып, түсіне бермейді. Себебі, Әл-Фараби ғақлиясында – үлкен мағынасы зор астар жатыр. Яғни, бұл дегеніміз, Әл-Фарабидің әр бал тамған сөзінде терең пәлсапа мен ой бар деген сөз. Егер, қазақ тілі мен әдебиетін қос қанатындай ерткен, мына біздер, тілжанашырлары Әл-Фараби атамыздың ғанибет сөздерін түсіндірмесек, кім сіздерге түсіндірмек? Ендеше, дананың ойы мен тілі жарасқан, адам жігеріне серпін беретін, астарында терең ойы бар өтімді нақыл сөздерінің бірін парақтап өтуге рұқсат етіңіздер. Олар:
- «Бақыт – әрбір адам ұмтылатын мақсат. Бақыттың мәні – парасаттылыққа, әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде, ол мақсат тек кездейсоқтық рақат үшін емес, шынайы игілік үшін бағытталуында, адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, ізгілікке бағыттап отыруында». Ғалым сөзіне түсіндірме-коментарий жазуға рұқсат етсеңіздер. Әл-Фараби кезекті дана сөзінде бақыттың не екендігін түсіндіріп өткен. Лұқманның сөзінше, бақыт дегеніміз, әр адамның өз алдына қойған мақсаты. Бәлкім, орындалған арманы. Ал бақыттың мәні – мақсатқа жете білу мен жаңа мақсат құра білуде. Мақсатын жоғалтқан адам өмірдің мәнін де жоғалтады.
- «Білімді болу деген сөздің мағынасы – белгісіз нәрсені ашуға қабілетті болу деген ұғым. Білім жолына түскен жан күнделікті күйбің тіршілікті ойламауы қажет. Шын білім – ақиқат, анық білім». Расында, білім мен ғылым жолында алтын уақытын құрбан еткен ұлы ғалымдардың даралығы мен дарындылығы – жаңа нәрсені аша білу мен дәлелдей алуларында.
Әл-Фарабидің жоғарыда аталған дәлді де астарлы сөздері қазіргі әлемнің мотиваторының сөздерінде танылып жатыр. Мысалы, Стивен Ковидің «Жеңіске жеткен адамның жеті дағдысы» мен Ник Вуйчичтің «Шекарасы жоқ өмірі» менің сөзімнің жүйелі дәлелі болмақ. Қай әдеби бағыт пен жол болмасын, онда сіздер міндетті түрде Әл-Фарабидің философиясын кезіктіресіздер. Себебі, Әл-Фарабидің сөзі ешқашан да өшпейді. Жалын болып жанған жарық тұлғаның кеселді де бірізді сөздері адамзат атаулы табиғаттың жоғары тіршілік иесіне тәрбиенің қайнар бастауы мен бұлағы болмақ.
- Әбу-Насыр әл Фарабидің ғылымдағы дара да дана жолы. Кемеңгер тұлғаның әдеби жәдігерлері.
Қытай мен Еуропа елдерін бір жұдырық астында байланыстырып, әлемдік аренаға «Нефрит жолы», «Құндыз жолы», «Лазурит жолы» деп шыққан Ұлы жібек жолының көптеген шығыс ақындарына шабыт пен бақыт сыйлағаны жұртқа мәлім. Кезінде ұлы шығыстың ақиық ақыны Фирдауси Ұлы Жібек жолын әлемдегі бар қымбат дүниеге балап, ғажап суреттеген еді. Ақын Ұлы Жібек жолын былай деп тамсандыра айтады:
Cансыз қымбат жүк түйілген,
Мындаған алып түйелер,
Жүз сары нарға дирхем артса,
Қырық нарға динар жегілген.
Ең керемет мускус пен алойыны,
Ғажап жібек маталарды,
Иран мен Мысыр керуені артқан,
Тағы бар отыз түйесі.
Жақұттың ең асылын, жібектің ең қымбатын, әшекейдің ең бағалысын тасыған Ұлы Жібек жолы тек өркениеттің ғана емес, ғылымның тұтас жолын қалады. Ал ғылым деп аталатын Ұлы жолдың керуеншілері кімдер? Философиялық мәдениеттің негізін қалағандар: Аристотель, Эпикур, Платон, Сократ және т.б. Әрине, ұлы ойшылдар мәңгіге философиялық өркениеттің жүрегі болып қалады. Бірақ философиялық болмыс әлемі тек еуропада ғана емес, шығыс елдерінде де өз кірпішін қалады. Отырардың қамалындай берік қаланған пәлсапалық өркениеттің негізін құраушысы, көшбасшысы, ғұлама – Әбу-Насыр әл-Фараби.
Бүкіл шығыс пен батыс еуропа елін тамсандырған Әбу-Насыр Әл-Фарабидің ғылымдағы дана да дара жолы Ұлы Жібек жолының басты көшбасшысы іспеттес. Ол ғылым деп танылатын Ұлы жолға жаңа дәуір, жаңа ғасыр, жаңа өмір әкелді. Данамыздың еңбегі талай ғылымдардың еңбегінің бастауы, тірегі, ықпал жасаушысы болды. Трабализмдік иделогиядан мүлдем алшақ, экзистенциялық ұстанымы – бүкіл адамзатты жаһандандыру болған Әл-Фарабидің атсалыспаған, қарастырғаман ғылымы жоқ деуге болады. Дегенмен, Әл-Фарабидің доминанта жасаған ғылымы – этика деп айтсақ қателеспейміз. Әл-Фараби этиканы – жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп қарастырады. Қытайдың Ин мен Ян концепциясының Әл-Фараби философиясында барын осыдан көре аламыз. Мәселен, Әл-Фараби «Бақытқа жол сілтеу» еңбегінде бақытқа жетудің басты кілті – даму деп қарастырады.
Тағдыр өз жазуын адам дүниеге келіп, ес таныған шақта-ақ аңғартады. Суретшінің өнергі деген қабілеттілігі қолына қаламсап алып ойнауынан, ал шешеннің тілге ебі сөздік қорының ерте дамуынан бірден көрінеді. Міне, болашақ ғалым Әбу-Насыр әл-Фараби ғылымдағы жолын жастық шағынан бастаған. Кішкентайынан зерек, сабырлы да ақылды, елгезек болған Әл-Фараби өсе келе ғылым жолына құлаш сермеп, бар өмірін ғылымды зерттеуге жұмсаған. Ғылыми мәліметтерге сүйенсек, ғалым он алты жасында ежелгі қалалардың кіндігі мен жұмағы саналатын Бағдатқа барып, араб, парсы, грек тілдерін меңгерген. Ғылым тілін беліне бекен буған ғалымның ерең еңбегінен бізге көптеген көне әдеби жәдігерлер құнды қазына ретінде келіп жетті. Мысалы, Әл-Фарабидің ежелгі грек оқымыстылары: Платон, Аристотель, Евклид, Птолемей еңбектерін зерттеп, түсініктеме жазғаны баршамызға мәлім. Ғалымдардың еңбегін аса қызығушылықпен оқып, ғылыми-зерттеу жұмысын жасаған Әл-Фараби кейінен өзі де трактаттар жаза бастайды. Олар жайлы шығармамның жоғары бөлігінде сөз қозғаған болатынмын. Енді, ғалымның «Өлең кітабында» атты еңбегін қарастырып өтуге рұқсат етсеңіздер.
Әбу Насыр әл-Фараби өзінің «Өлең кітабында» поэзияның бірсыпыра теориялық мәселелеріне көңіл бөледі. Поэзяны бастан-аяқ зерттеп, қыр-сырын жұртшылықша кеңінен танытады. Дарынды ғалым Әл-Фараби шебер жазылған өлеңде ешқашан олқылықтар болмайтынын көпке үңдейді. Осы жерден ғалым Әбу-Насыр мен ұлы ойшылымыз Абайдың ой тұтастығын көруге болады. Ертеректе Абай атамыз да өз өлеңінде ақын тілінің тазалығы жайлы пікір айтқан. Мысалы:
Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп.
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол – ақынның білімсіз бейшарасы.
Айтушы мен тыңдаушының көбі – надан,
Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы.
Қазақ мәдениеті мен түрік, араб-парсы өркениеті соқтығысында дүниеге келген Әл-Фарабидің ой тұжырымы ғылым мен білімге адал қызмет етуге бағытталған. Ғалымның мөлдір бұлақтай таза ниеті мен ғылым жолындағы дара да дана жолы келер ұрпаққа сөзсіз мұра, үлгі, баға жетпес байлық. Этикалық көзқарасы жоғары Әл-Фараби әрқашан да гуманизмдік идеалогияның субстанциясы болып қалады. Полис тұрғындарының билеушісінің парагдимасын ұсынған Әл-Фараби қазақ моральдық рухының намысын бір жерге синтездеп, білімі мен ғылымының прагматикалық өрісіне зор үлес қосқан ұлы тұлға. Әл-Фарабидің ғылым жолындағы академикалық шешендігі енді ғана ғылым саласына қаз-қаз қадам басып келе жатқан ұрпаққа үлгі. «Сөз шешендік қисынға, ой-пікір жүйелігіне, ұғымдар үйлесіміне негізделуі тиіс» деген тұжырымды ойы сөз ділмарларын рухтандыратын дүние. Тұтас еуропа мен шығыс аудиториясын өзіне аударта білген Әл-Фараби мен үшін бүкіл адамзаттың ұстазы.
Әл-Фарабидің дана да дара жолын жалғастыруға, әдебиет саласына жаңа идея мен мотив беруге мен сөз беремін. Ұлы Әл-Фарабидің ғылымдағы Ұлы жолы әрқашан білім мен ғылымды өмірлік пір тұтқандарға ашық. Сонымен қатар, жаны таза, ойы ізгі, қайырымды адамдар да бұл жолдың бір бөлігі, керуені бола алады. Мен бұл жолға өз жүгімді дайындап қойдым, ал сіз дайынсыз ба? Әл-Фарабидің Ұлы жолы ендігі сіздің үйіңізге соқпақ. Білім мен ғылымның керуенінен кітап алып, ой түйіп, бізге ілесіңіз.Ұлы Абай айтқандай, сіз де дүниеге бір кірпіш қалап, өнер мен әдебиет атаулы бақтан дәм татыңыз. Әл-Фарабидің ой-тұжырымдарын санаңызда сараптап шығып, бір тоқтамға келіңіз. Бәлкім, сіз де керуеннің көшбасшысы атанарсыз. Керуенге жаңа жүк түйіп, Әл-Фараби атамыздай еңбек жазып, адамзат дамуына өз үлесіңізді қосарсыз. Барлығы тек сіздің, өзіңіздің қолыңызда. Егер, трамбализмдік теория жолында жүрем десеңіз, мейлі. Бірақ ол жолдың «Еркіліктің қыл көпіріне» апаратынын ұмытпаңыз. Біреуді өсектеуден, сөз теруден, себетіңізді өсекке толтырудан еш ұтпайсыз. Керісінше жан азабына, ой құлдырауына келесіз… Сондықтан, Әл-Фараби қалаған ғылымдағы дара да дана жолға ілесіңіз. Әлі де кеш емес. Ізіміз әлі суыған жоқ. Суымайды да. Әл-Фарабидің ғылымдағы дара да дана жолы үнемі өз игі жолын жалғастырады.
Курманаева Алтыншаш Жанарбековна
Ғылыми жетекші: Секенова Балкүміс Байжанқызы
Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжі
Көкшетау қаласы
другие статьи
-
50 школ нового поколения построят в Казахстане
30 декабря, 0:47 -
Маулен Ашимбаев избран председателем Сената
4 мая, 15:29 -
Продолжается прием заявок на участие в конкурсе "Алтын Тобылғы"
4 сентября, 16:53 -
"Символика цвета"
10 сентября, 23:58 -
"Астана Опера" запустил онлайн проект к 175-летию Абая Кунанбаева
21 апреля, 13:30 -
Создать новое министерство высшего образования и науки предложил сенатор
29 декабря, 21:21