Слабовидящим
Поиск

Читаем

МӘТЕЛДЕР НЕГІЗІНЕ КӨҢІЛ БӨЛСЕК…

6 августа, 21:23

Менімен бірге орысша-ағылшынша ауызша аударма курсына қатысқан танысым бірде сабаққа қызын ертіп келді. Қыз артқы партадан біздің орысша сөз тіркестерін ағылшын тіліне аударудан түрлі жаттығуларды орындағанымызды тыныш бақылап отырды.

Жаттығудың кезекті күні аяқталғаннан кейін, әкесі қызын оқытушымен таныстырды. Қыз оқытушыға жаттығулардың ішінде Інжілден алынған біраз мысалды байқағанын айтты. Сырттан келген адам назар аударған осы бір жайтты мен сол кезде аңғармадым. Алайда оның байқағаны түбінде рас болып шықты. Бұған аудармашыларға арналған көптеген жинақтар, сөздіктер, анықтамалықтар мен оқулықтар дәлел бола алады.

Ағылшын тіліндегі жалпыға танымал, кең тараған мәтелдер мен қанатты сөздердің басым бөлігі Інжіл мен Шекс­пирдің шығармаларынан алынған екен. Көптеген тұрақты теңеулер­дің тағы бір негізгі дереккөзіне ежелгі грек мифтерін де жат­қызуға болады (мысалы, Achilles heel/Ахиллестің өкшесі – біреудің жанды/осал жері, labour of Sisyphus/Сизифтің еңбегі – босқа азаптану).

Дегенмен, қолданыстағы фразеологизмдер саны жағынан Інжіл (Библия) мен Шекс­пир туындыларына тең келетін деректер жоқ шығар.

Библеизмдерден: Man shall not live by bread alone («Адам тек нанмен ғана емес, Құдайдың аузынан шыққан әрбір сөзімен өмір сүреді», Матфей Інжілінен алынған), қазақша баламасы – Адамға керегі тән азығы ғана емесA fly in the ointment («Өлген шыбындар бір құты иісмайды сасытар», Ескі Өсиет, Екклесиаст кітабынан алынған) – Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді, ал Шекспиризмдерден: All that glisters is not gold («Венеция көпесінен») – Жылтыраған­ның бәрі алтын емесWear one’s heart upon one’s sleeve («Отеллодан») – Кең қолтық/аузын ашса жүрегі көрінеді деген мәтелдерді мысалға келтіруге болады.

Осыдан бірнеше жыл бұрын танымал қазақстандық автор Қанат Тасыбековтің «Ситуативный казахский» атты кітабының үшінші томы жарық көрді. Сөздік деп аталатын бұл кітапта орыс тіліндегі кең таралған тұрақты сөз тіркестері, қанатты сөздер мен мәтелдердің қазақша ­баламалары жиналған. Кітапты оқып отырып, орыс/қазақ мәтелдеріне сай келетін ағылшын идиомаларын тауып, жазып отырдым.

Мысалдардың бір тілдегі нұсқасы басқа тілдегісіне қарағанда көңілге әлдеқайда жақсы қонатынын бай­қадым. Алайда үш тілде бірдей әсер қалдырып, есте жақсы сақталатын мысалдар да болды:

Орысша: Когда рак на горе свистнет / После дождичка в четверг.

Қазақша: Тезек гүлдегенде / Ешкінің құйрығы аспанға жеткенде.

Ағылшынша: When hell freezes over [сөзбе-сөз: тозақта аяз болғанда] /When pigs fly [шошқалар аспанға ұшқанда].

Орысша: Делать из мухи слона.

Қазақша: Түймедейді түйедей ету.

Ағылшынша: Make a mountain out of a molehill [көртышқанның інін тау деу].

Сол кезде қазақ фразеологизм­дерінің шығу төркіні мен оларға тән ерекшеліктерді анықтап көрсе не ­болады деген сұрақ туындады. Арнайы әдебиеттерді қарап-талдаудан бұрын, өзімде жиналған мысалдар негізінде қазақ фразеологизмдерін жасауда «жан-жануарлар тақырыбы» (адам болмысын айтқанда төрт түлікті, үй және жабайы жануарларды, олардың тұрқын, қылығын, т.б. сөз ететін идиомалар) жақсы дамыған деген болжам қалыптасты. Мысалы:

Evil communications corrupt good manners («Араммен араласып жүрген жан айырылар адал салтынан», Жаңа Өсиеттен) – Арам малдың арты азап.

No fool like an old fool (сөзбе-сөз: қарт адамның құтырғаны/есіргені жаман) – Атан түйе ойнақтаса, жұт болар.

No garden is without its weeds (арамшөпсіз бақ болмайды) – Бір биеден ала да туады, құла да туады.

Осы болжамды тексеріп көрейін деп, аталған «Ситуативный казахский» кітабымен қоса арнайы сөздіктерді («Орысша-қазақша фразеология­лық сөздік» / Х.Қ.Қожахметова және басқалары/, «Ағылшынша-қазақша фразеологиялық сөздік» /Ү.Кеңесбаева/) қарап шықтым.

Қазақ мәтелдерінің о баста қандай жазба деректерде қолданылғанын анықтай алмадым. Бұл мұқият зерт­теуді қажет ететін бөлек тақырып сияқты. Бір байқағаным, «Орысша-қазақша фразеологиялық сөздікте» мәтелдердің қолданылу мысалдары, көбінесе, Мұхтар Әуезов пен Ғабиден Мұстафиннің шығармаларынан алынған екен. «Ағылшынша-қа­зақша фразеологиялық сөздікте» қазақшаға аударылған мәтелдердің дереккөздері көрсетілмеген (бұл басылымда ағылшын идиома­ларын қазақшаға аударудың түрлі тәсілдеріне көп көңіл бөлінген), ал ағылшын тіліндегі фразео­логизмдердің қолданылу мы­сал­дарының көбісі Сомерсет Моэм­ның туындыларынан алынған.

Соған қарамастан бастапқы болжамым расталды: өзім санап, жазып алған мәтелдердің ішінде (мен құрған рейтинг десеңіз болады) құрамында жан-жануарлардың атауы бар фразеологизмдер (зооморфизмдер) бірінші орында.

Зооморфизмдер ағылшын тілінде де, орыс тілінде де көп. Мұндағы менің назар аударғаным – ағылшын, орыс тілдерінде жиі қолданылатын әрі құра­мында жануарлардың атауы жоқ мәтелдердің қазақ тіліндегі баламаларында жан-жануарлар атауының көптеп кездесуі. Қалай болғанда да, мұндай қазақ мәтелдерінің өз алдына бөлек санат екендігі сөзсіз. Мысалы:

Not to show up (show one’s face) (сөзбе-сөз: көрінбеу, бет-жүзін көрсетпеу) – Ат ізін салмау.

In the middle of nowhere (қайдағы бір жерде) – Ит өлген жерде.

Bare as a bone (сүйектей тап-тақыр) – Жылан жалағандай.

Like two peas in a pod (бір қабықтан шыққан екі бұршақтай) – Егіз қозыдай.

Much ado about nothing (storm in a teacup, болмашы нәрседен шыққан айғай-шу) – Айдағаны екі ешкі, ысқырығы жер жарады.

The mills of Gods grind slowly, but they grind exceedingly small (тас диірмен баяу айналғанымен, оған түскен нәрсе тартылмай, ұнтақталмай қалмайды) – Өгізге туған күн бұзауға да туады.

Lavish feast (ағыл-тегіл той) – Ақ түйенің қарны жарылды.

Қазақ фразеологизмдерінің екінші үлкен санаты сүт өнімдерімен байланысты (сүт/сүт қышқылды өнімдердің ­атаулары, оларды жасау, сақтау, ­пайдалану). ­Мысалы:

In perfect harmony (сөзбе-сөз: мінсіз үйлесім тапқан) – Сүттей ұю.

Music to someone’s ears (құлаққа жағымды естілу) – Құлағына майдай жағу.

Shame (disgrace) oneself (масқара/жаманатты болу) – Абыройы айрандай төгілді.

True angel (нағыз періште) – Сүттен ақ, судан таза.

In pristine condition (ешкім тиіспеген, о бастағы қалпында, қаз-қалпы) – Қаймағы бұзылмаған күйде.

Аспан шырақтары (Күн, Ай, жұл­дыздар т.б.) мен отбасы/туыстық қатынастар деп шартты түрде белгіленген мәтелдерді өзім жасаған тізімде үшінші-төртінші орындарға қоятын едім. Мысалы:

As clear as day (сөзбе-сөз: күндей ашық) – Айдай анық.

Someone’s luck held (жолы болды) – Айдан іздегені алдынан табылды.

Smiles of fortune (бағы жанды, бақ қонды) – Жұлдызы оңынан туды.

Cut from a same cloth (birds of a feather, қауырсыны бірдей құстар, бір матадан тігілген) – Ағама жеңгем сай, апама жездем сай.

What am I, chopped liver? (Мені кесіп, лақтыра салатын өкпе-бауыр/ішек-қарын деп тұрсың ба?) – Біз не, тоқалдан тудық па?

Be beside oneself with joy (қуанышы қойнына сыймау) – Әйелі ұл тапқандай қуану.

Осылай. Кездескенше күн жақсы!

Ерлан ЫСҚАҚОВ,

аудармашы

anatili.kazgazeta.kz

другие статьи

Чат-бот
Нашли ошибку?
Нашли ошибку?
Страница
https://corp.soyle.kz/article/view
Ваше имя
Почта или телефон
Пожалуйста опишите вашу проблему или идею
прикрепить файл
отправить
Спасибо за обратную связь!