Новости и объявления
Қазақ тілін үйрететін кадр жоқ – Қордай ауданының дүнгендері
22 сентября, 18:30Биыл ақпан айындағы Қордай оқиғасынан кейін ауданға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі барып, жергілікті дүнген ұлтының өкілдеріне мемлекеттік тілді үйрену керек екенін айтқан болатын. Содан бері жарты жылдан астам уақыт өтсе де, мұнда қазақ тілінің қолданыс аясы айтарлықтай кеңеймеген. Диаспора өкілдері тілді үйренгіміз-ақ келеді дейді, алайда оны үйрететін маман ауылдарда жоқтың қасы. Azattyq Ruhy тілшісі дүнгендер шоғырланған бірнеше ауылға барып, жағдайды өз көзімен көріп қайтты.
Қордай ауданында 45 мыңнан астам дүнген тұрады. Оның 24 мыңы – Сартөбе ауылдық округінде, 19 мыңы – Масаншы ауылында. Негізінен егін егіп, саудамен айналысады. Ірі-ірі төрт ауылдың халық құрамы 98-100% дүнгендерден құралғандықтан, қазақ тілінде қатынас жоқ деуге болады. Алайда, биылғы ақпан оқиғасынан кейін олар балаларын жаппай қазақ мектептеріне бере бастаған. Ауыл ақсақалдары мен диаспора жетекшілері қазақ тілін үйрететін орталықтардың жоқ екенін айтып шағымданды.
ҚАЗАҚША СӨЙЛЕУГЕ МҮМКІНДІК БЕРЕТІН ОРТА ЖОҚ
Тіл үйрететін орталық бар. Тек маман саны екеу ғана. Облыстан жіберілген екі филолог Сартөбе ауылдық округінде 8 топ жасақтап, жүзден астам тұрғынға қазақ тілін үйретіп жатыр. Солардың бірі – Харме Санва. Оның мемлекеттік тілді үйрене бастағанына екі айдан асыпты. Абайдың өлеңдерін жаттап, мақал-мәтел арқылы сөздік қорын арттырып келеді. Тек қазақтың астарлы сөздерінің мәнін ұқпай қиналамын дейді.
«Қазақ тілін құрметтейміз. Оқып жатқаныма енді екі ай болды. Қазақша сөйлей бастадым. Бірнеше мақал білемін. Өзіме қызық», - дейді Харме Санва.
Харменің тобында өзі секілді бірнеше қыз-келіншек бар. Олар тіл үйрету тобының жұмысы тоқтап қала ма деп алаңдайды. Өйткені облыстан келген екі маман қазан айында жұмысын аяқтап, орталыққа қайтады екен. Әкімдік олардың орнына өзге мамандарды жібере ме, жоқ па, оны білмейді. Қазір «Томирис Тұман» балабақшасында имамдар мен ауылдың әйелдері оқыса, «Бүлдіршін» бөбекжайында сол мекеменің тәрбиешілері тіл сындырып жатыр.
«18 жастан асқан тұрғындарға қазақ тілін оқытамыз. Тілге деген қызығушылық өте жоғары, мемлекеттік тілді үйрену керек екенін түсініп жатыр. Курсқа қатысушылардан өзге ауыл тұрғындары да тілді үйретіңдер деп ұсыныс айтуда. Бірақ олардың ары қарай сөйлеп кетуіне мүмкіндік беретін орта жоқ. Менде төрт топ, әріптесімде төрт топ бар. Жуырда «А-1» қарапайым деңгейді аяқтаймыз да, Таразға қайтамыз, курс жабылады. «А-2», «В-1», «В-2», «С-1» сынды деңгейлерді жалғастырып оқытса, өзге мамандар көмекке келсе, толық сөйлеп кетер еді», - дейді Жамбыл облысы тілдерді дамыту басқармасынан келген оқытушы Индира Тұрлығұл.
Дүнгендердің Орта Азияға қоныс тепкендеріне 1,5 ғасырға жуықтаған. Олар өздерінің хуэй тілінен бөлек, орыс тілін кең қолданады. Қордай ауданы халқының 34%-ын осы дүнгендер құрайды. Олар тек биылдан бастап қана мемлекеттік тілді меңгеруді қолға ала бастаған. «Тілдерді оқыту орталығы» арқылы тегін курстан жалпы саны 136 мұғалім мен 40 тәрбиеші қазақ тілі курсының бірінші деңгейін келесі айда аяқтамақ. Ауыл ақсақалдары мен диаспора жетекшілері тіл үйрену жұмыстары тоқтап қалмай, кадр тапшылығы жойылса дейді.
«Бұған дейін мен де қазақша сөйлей алмайтынмын. Үйреніп жатырмын. Мемлекеттік тілді еліміздің әрбір азаматы білуі және құрметтеуі керек. Өзім балабақша меңгерушісі болып жұмыс істеймін. Біздің ауылда тілді үйренгісі келетіндер саны өте көп, бірақ үйрететін орталық және кадр жоқ. Уақытша келіп-кететін маман емес, бізбен бірге қалып, біздің толыққанды қазақша сөйлеп кетуімізге көмектесетін мамандар жіберсе екен дейміз. Ауыл халқының 98% дүнген болғандықтан, қазақша сөйлесетін орта жоқ», - дейді Жамбыл облысы дүнген мәдени орталықтары қауымдастығының жетекшісі Айша Идыбо.
ДҮНГЕН БАЛАЛАРЫ ҚАЗАҚ СЫНЫПТАРЫНА БАРЫП ЖАТЫР
Қарасу, Масанчи, Ауқатты, Сортөбе ауылдық округтерінде орналасқан мектептерде биыл қазақ сыныбына барған балалар саны күрт артқан. Ересектер «өзіміз білмесек те, балалар үйренсін» деп, кішкентайларды жаппай қазақ сыныптарына бере бастапты.
«Ауданда 48 мемлекеттік, 3 жекеменшік мектеп бар. Жаңа оқу жылынан бері 31 525 оқушы білім алып жатыр. Ал Масанчи, Сортөбе, Ауқатты сынды округтерде былтыр қазақ сыныптарының саны 30% болса, биыл ол 70,7%-ға жетті. Аталған округтерде алғаш мектеп табалдырығын аттаған 1 359 балаға 58 сынып ашылды. Сол 58 сыныптың 41-і қазақ тілінде, 17-сі орыс тілінде ашылып отыр. Бұл – түсіндіру жұмыстарының нәтижесі. Қазір Масанчи аулында 600 орындық қазақ мектебі салынып жатыр. Мектепалды даялыққа баратын балалардың 80% қазақ сыныбына қабылдадық. Кезең-кезеңімен бұл жоспарды жүргізе береміз. Бұл білім саласындағы өзгерістер. Егер халықтан ұсыныс түссе басқарма арқылы тіл орталықтары ашылады», - деді Қордай аудандық білім бөлімінің жетекшісі Елдос Нұрәлиев.
Ал Жамбыл облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Сейітбекқызы ынтасы жоғары этностарды елеусіз қалдырмаймыз деп отыр. Қазіргі уақытта аудан орталығында тұрақты жұмыс істейтін орталық ашылып жатыр. Мекеме жұмысқа кіріскенде курсқа қатысушылар саны да артады.
«Масанчи, Сортөбе ауылдарында тіл оқыту курстарының саны, ондағы тыңдаушылар саны артты. 327 адам қазан айынан бастап курстарға қатысады. Тіл оқыту курстарына оқытушы ретінде сол ауылдардағы мектептердің қазақ тілі пәнінің мұғалімдері штаттан тыс тартылып, олар облыстық тіл оқыту орталығының аудандық филиалымен келісімшарт жасасты. Бүгінгі күні аудан әкімдігінің қаулысымен аудандық Тіл оқыту орталығы жеке мекеме ретінде 12 штатпен ашылды. Қазір заңды тіркеу жұмыстары жүргізілуде», - деді басқарма басшысы Рахия Тұрмағанбетова.
Еске салайық, ақпан айының басында Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты бірнеше ауылда жанжал болып, 11 адам қаза тапқан болатын. Жараланғандар саны көп.
Әмірболат Құсайынұлы, Жамбыл облысы
другие статьи
-
Англо-латинский вариант «Soyle.kz» привлечет интерес иностранцев
26 февраля, 1:16 -
Мәдина Омарова.Патша қызының өлімі (ертегі)
31 мая, 22:44 -
«Қыз Жібек» фильмі туралы 20 қызық дерек
17 апреля, 22:30 -
Изучаем казахский язык: бесплатные сайты и приложения
13 мая, 14:50 -
Отмечать День Абая как день казахской литературы предложил ректор
10 августа, 19:12 -
Азат Шауеев: Учить казахский легко
6 октября, 10:46