«Парасат майданы» - жазушының адамзатқа бағытталған жанайқайы; өмірдің тылсым сырына үңілген жанның өзгелерге айтар өсиеті. Төлен Әбдіковтің аталған философиялық шығармасында қоғамның болашағы үшін қам жегенін, оған жаны ашып, жол сілтемек болғанын байқаймыз. Жақсылық пен жамандықты, жауыздық пен мейрімділікті қатар қойып, кімнің жеңіске жететінін баяндайды.
Оқиға кез келген адамның басында болуы мүмкін болғандықтан, автор бас кейіпкердің атын атап, түсін түстемеген деген ой келеді. Ол кейіпкер ауруханада жатып адамдардың ізгі қасиеттері туралы көп ойланады. Жаратылысымызға тән пәк, ең таза деген сезімдер туралы ойын күнделік бетіне түсіре бастайды. Қалың ойдың шырмауына түсіп жүргенінде бейтаныс адам күнделігін оқиды. Оқып қана қоймай, басты кейіпкердің ойына жауап жазады. Жауабында жақсылық, мейірімділік, сыйластық, ізгі қасиет атаулысын жоққа шығарып, тығырыққа тірейді. Осылайша санадағы соғыс майданы басталып кетеді.