Слабовидящим
Поиск

Полезно знать

Анар Фазылжан: Тіл жаңғыруы үшін алдымен жазуды реттеуіміз керек

23 марта, 18:23

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында латын әліпбиіне көшуді таяу жылдардағы негізгі міндеттердің бірі деген еді. Осы мақсатта 2018 жылдың 19 ақпанында латын негізіндегі қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы бекітілді. Бұл нұсқа қоғамда қызу талқыға түсіп, бірнеше рет өзгеріске түсті. Ал өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық пікірлерді ескере отырып, соңғы әліпби нұсқасын жетілдіруді тапсырды. Осы орайда жазуды жаңа әліпбиге көшірудегі жаңашылдықтар туралы «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым-хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанмен әңгімелескен едік…

– Анар Мұратқызы, Президент тапсырмасынан соң жаңа әліпбиді жетілдіру бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

 – Қазір бағдарламаны іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия жанынан құрылған төрт жұмыс тобы бар. Соның ішінде орфографиялық топқа көп салмақ түсіп отыр. Оның құрамында қазақ тілінің теориялық мәселелерін терең меңгерген, тіл ғылымының жазу теориясы, жазу мәдениеті, сөз мәдениеті, фонология, фонетика, грамматология сияқты жазуға тікелей қатысты салалармен айналысатын мамандар шоғырланған. Олар Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасымен жаңа әліпбиге қандай жетілдірулер жасалады деген мәселені шешті. Бірауыздан келісіп, бір-бірінен принципті тұрғыда айырмашылығы аз, жетілдірілген акутты және умлаутты екі жобаға тоқталып отыр. Орфографиялық жұмыс тобының барлық отырысын, жобаны әзірлеу барысындағы сараптамалық, сауалнамалық жұмыстарын түгелдей «Тіл – қазына» орталығы ұйымдастырды. Біздің орталық Тіл саясаты комитетінің қолдауымен осы жобаларды Жалпыхалықтық талқылауға ұсынды. Кейін Мәдениет және спорт министрлігіне табыстадық. Енді тезірек Үкіметке, Үкіметтен Президентке жетіп, сол әліпби бекітілгенін күтеміз.

– Латын әліпбиіне көшудің негізгі жоспары өзгерді ме?

 – Жаңа әліпбиге көшу жұмыстары әуел баста белгіленген жоспар бойынша іске асып келеді. Дегенмен біз мынандай хабарды естіп таңқалып отырмыз. Әуелде латын әліпбиіне кезең-кезеңімен көшу жоспары 2018 жылдың наурыз айында сол кездегі Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевпен бекітілген. Сол жоспардағы қыруар шара Білім және ғылым министрлігіне тиесілі еді. Министрлік аталған жоспар бойынша биылдан бастап нөлінші сынып оқушыларын, келер жылы бірінші сынып оқушыларын латын әліпбиіне көшіруі тиіс болатын. Жақында ғана білім берудің жаңа бағдарламасы бекітілді. Бірақ 2020 жылы тұрмақ, 2025 жылға дейінгі министрлік атқаратын шаралардың ішінде оқушыларды жаңа әліпбимен оқыту мәселесі жоқ екен. Қазір Мәдениет және спорт министрлігі латын әліпбиін ересек адамдарға оқытуды қолға алды. Бірақ білім беру жүйесі бұл шараны жастар арасында жалғастыруға асықпай отыр.

Латын графикасына көшу әріп ауыстыру ғана емес. Ол рухани жаңғырудың өзегі. Өйткені әріп – тіліміздің құрсауы. Біз оны ұлттық тіліміздің жүйесіне сәйкес өзгертіп, жаңартып, жақсартып алсақ, ертең жаһанияттың қандай да бір кері әсері тіліміздің саламаттығына қауіп төндіре алмайды.

– Латыннегізді жаңа әліпбиге көшудің себептерін әркім өзінше түсіндіреді. Бұл бастама тіл ғылымы үшін несімен маңызды?

 – 1991 жылы бұл бастама көтерілгеннен бері Тіл білімі институтында қаншама зерттеулер жүрді. Латынға көшпей-ақ, кирил қарпінің құрамындағы орыс әріптерін алып тастауға болар еді. Бізде ондай тәжірибе болды. Орыс тілінен енген сөздерді қазақша жазыңдар дедік. Ц, э, щ, ь, ю, я, секілді әріптердің бәрін алып тастадық. Сол кезде мен өз ана тілімде сөйлеймін деген азаматтарымыздың өзі орыстың сөзін қазақша жазбай қойды. Біз «альбомды» кирилмен «әлбөм» деп жаза алмаймыз деді. Сонда біз неге бұлай деп ойландық. Сөйтсек, кирил әліпбиі біздің санамызға жай ғана әліпби ретінде орнықпаған екен. Халық, ұлт дегеніміз – сана. Санаң қазақи сана болмаса, қазақ ұлтының өкілімін деп айту бекер. Сонда сананы тіл қалыптастырады, тіл санаға қазіргі заманда жазу арқылы жол тартады, жазуың ақсақ болса, ұлттық санаңның саламатты болуы екіталай екен. Бұл – жазудың құдіреті. Кирил әріптері біздің санамызға «мені орысша жаз» деген стереотиппен бірге орнығып алған екен. Стериотип – психологиялық құбылыс. Оны жеңу мүмкін емес. Ол санаға орныққаннан кейін бүкіл өміріңді басқарады. Мысалы, қазақта «төр» деген стереотип бар. Ақсақал кіріп келсе төрден орын береміз. Біздегі бұл стериотип бүкіл әрекетімізді басқарып тұр. Сол сияқты кирил санамызға «орыс сөзін орысша жаз» деген стереотиппен отыр, сондықтан кирилде қала берсек, шет сөздерді қазақша жазу қиындай береді.

– Демек, бұл қажеттілік ең алдымен тіл тазалығын сақтаудан туындап отыр ма?

– Енді қараңыз, орфографиялық сөздіктің төрт басылымын әзірлеуге қатыстым. Әр жылғы сөздік сөзтізбесінде орысша жазылатын сөздер артып отырды. Сонда жыл өткен сайын жаңа құбылыс, дүние, зат атауларының көбі тілімізге орыс сөздері арқылы еніп жатқанына көз жеткіздім. Біз бұлардың бәрін қазақ сөзімен атап үлгермей жатырмыз. Кейбірінің аудармасын тапқанымызбен, қаншамасы орыс тіліне қалай аударылса, тілімізге солай енуде. Егер оны қазақ жазуына икемдеп, тарелканы – тәрелке, пуховойды – бөкебай деп өзгертіп жазбайтын болсақ, біздің орфографиялық сөздіктің құрамындағы сөздер жыл өткен сайын орысшаланып, түптің түбінде ғылыми санамызды қалыптастыратын лексика орысша болып кеткелі тұр. Міне, сондықтан біз ешқандай стериотиптермен бұзылмаған жаңа әліпби іздедік. Ал латын қарпін жаһанияттың 70 пайызы қолданады.

– Латынға көшудің рухани жаңғырудағы маңызы неде?

– Тіліңді жаңғыртсаң – рухың да жаңғырады. Бұл сөзді мен айтқан жоқпын. Тілді зерттеп, талай ғасырдан бері тілге қызмет етіп, әлемдік лингвистиканың алдына шыққан ұлы ғалымдардың сөзі. Сондай тұлғалардың бірі неміс ғалымы Гумбольд «Тіл деген – рух» дейді. Тілің саламатты болса – рухың саламатты. Тілің таза болса – рухың таза. Тілің күшті болса – рухың күшті дейді. Ал рухың күшті болса экономикаң да, өмірің де, денсаулығың да күшті болады. Сондықтан, біз тілімізді жаңғыртамыз десек алдымен жазуымызды реттеуіміз керек. Жарты сөзін орысша, жартысын қазақша жазатын мынандай әліпбимен біз қазақ тілін жаңғырта алмаймыз. Міне, сол үшін біз латынға көшіп жатырмыз.

– Қазір жаңадан ашылған дүкен немесе қандай да бір орталықтың иелері өз атауларын латынша жазатын болды. Бұл жұртшылықтың жазудағы жаңашылдыққа құлшынысын білдіре ме?

– Бұл өте қызық құбылыс. Әсіресе бизнес, экономика секторында латынға көшу ешқандай әкімшілік немесе саяси күштеусіз, өздігінен стихиялы түрде жүзеге асып жатыр. Қарапайым кәсіпкерге дүкеніңнің атын латынша жаз деп ешкім айтпаған. Оған себеп латын әріптерін танымайтын жаһанияттың өкілі жоқ, әрі латын әрпіне «Сапа» деген концептінің байлаулы болуы. Мысалы, ең мықты брендтер атын латынша жазады. Егер тауарының атын солай жазса, ол да бір бренд екен деген пікір тұтынушыны сол тауарға тартып тұрады. Сондықтан латындану үдерісі бизнес, сауда секторында өздігінен жүріп жатыр.

– Жаңа әліпбиге көшуде «Тіл – қазына» орталығы қандай іс-шаралар атқарып жатыр?

– Біздің орталықтың бұл бағыттағы жұмыстарына қатысты сын айтылып жатады. Біз әрқашан сынға ашықпыз. Дегенмен өз басым соңғы екі жылда орталықтың қанша маңызды шараны іске асырғанын көрдім. Латын әліпбиі бекітілгеннен кейін қарапайым халыққа осы мәселені түсіндірумен айналысқан бірден-бір мекеме – «Тіл-қазына» орталығы. Мысалы, орталық 2018 жылы жалпы сана 16 мыңнан астам адамның қатысуымен көзбе-көз кездесулер ұйымдастырып, латынға көшудің маңызын, қажеттілігі мен артықшылығын түсіндірді. Сондай-ақ шамамен 1 млн. 600 мың адам қатысқан тұңғыш жалпыхалықтық диктант өткізді. Бір қарағанда бұл қарапайым шара сияқты көрінеді. Ал сол кезде қазақ жұрты қолына қалам алып, бір сәтте барлығы өз тілінде, ұлттық әліпбиінде мәтін жазды. Меніңше, бұл халықтың басын біріктіретін, өз тіліне, жазу сауаттылығына назарын аудартатын жақсы шара. «Тіл-қазына» орталығы латын әліпбиінің насихатын ғана емес, 4 жұмыс тобының қызметін де ұйымдастырып отыр. Оның құрамындағы ғалымның әрқайсының пікірін жинақтап, халыққа жеткізіп келеді. БАҚ өкілдерімен, сарапшылар қауымдастығымен байланыс орнатып отыр. Қандай мәселе болсын, алдымен мамандар арасында сауалнама, сараптамалық жұмыстар жүргіземіз. Сонымен бірге емле ережелерін әзірлеуге атсалысып отыр. Әрине, емле ережелерін Тіл білімі институтының ғалымдары әзірлейді. Бірақ оның практикалық жағын, яғни халықпен кері байланыс, жұртшылық қалай қабылдайды деген мәселелерді «Тіл-қазына» орталығы анықтап беріп отыр.

– Әліпби ауыстыру азаматтарымыздың өз ана тілінің тағдырына алаңдаушылығын оятып, тілтанымдық ізденістерін арттыратыны анық. Бұл ретте қалың бұқараның барлығына қолжетімді болатын өнімдер бар ма?

– Орталық мемлекеттік тіл туралы жұртқа пайдалы өнімдерді әзірлеп, ұсынады. Ол қандай өнімдер? Тек қағаз нұсқадағы өнімдер емес, сонымен бірге, интернет ресурстар да көптеп әзірлеп отыр. Егер интернет болса, қазақтың барлық сөзін «қалтаңызға салып» жүре аласыз. Мұндай мүмкіндікті «Сөздікқор» қосымшасы береді. Онда қазақ сөздіктерінің  алуан түрінің 300 мыңнан астам сөз қолданысы автоматтандырылған, сондай-ақ, гиперсілтемемен қамтамасыз етілген мәтіндік базасы бар. Сонымен қатар «Тіл-қазына» орталығы «Qazlatyn.kz» ресурсын әзірледі. Онда кирил және төте жазудағы кез келген мәтінді емле ережесіне сәйкес латынға ауыстыруға болады. Сондай-ақ латын қарпінде «Til – Qazyna» атты алғашқы газет жарық көрді. Жұртшылықтың латын графикасына деген көздағдысын қалыптастыруды көздейтін басылымның интернет ресурсы да бар. Онда латынға көшудегі жаңалықтарды жаңа әліпбимен оқуға болады. Сол секілді Termincom.kz сайтынан бүгінге дейін қазақ терминологиясы бойынша жасалған барлық сөздіктер жинағын таба аласыз. Осы ресурстағы «Алаң» айдарында қазіргі терминдерді таңдау, сараптау, стандарттау, бекіту бойынша ашық пікір білдіруге, талқылауға болады. Atau.kz атты жер-су атаулары, кісі есімдері қалай жазылуы керек немесе оның этимологиясы қайдан шыққан деген сияқты түрлі сауалға жауап алуға болатын ресурс та бар. Qujat.kz – ісқағаз стилінде әзірленген барлық құжаттың үлгілері жинақталған сайт. Осының барлығы «Тіл-қазына» орталығы атқарған жұмыстарының толық емес тізімі. Орталық жас мамандарының ұйымдастыруымен  әзірленген балаларға тіл үйрететін «Balatili.kz» сайты, ересектерге өз бетінше мемлекеттік тілді оқытатын «Tilqural.kz» оқыту-инновациялық қосымшасы, түрлі анимациялық фильмдер, бейнероликтер, тележобалар да бар.

– Яғни орталық тек латын әліпбиімен ғана емес, тіл саясатының маңызды практикаларымен де айналыса ма?

– Орталықтың ең бірінші мақсаты – мемлекеттік тіл саясатынның ғылыми-практикалық негізін жасау, тіл саясаты бойынша белгіленген шараларды жүзеге асыру. Қазақ тілін «жұмсақ күш» ретінде қолдана отырып, қазақ мәдениетіне өзгетілді жұртшылықты тартуды мақсат тұтады. Бір сөзбен айтқанда қоғаммен байланыс жасап, қазақ тілін насихаттауды көздейді. Осындай шаралардың алуан түрін ұйымдастырып отырған бірден-бір мекеме «Тіл-қазына» орталығы. Сонымен бірге биылдан бастап «Қазақ тілінің ұлттық корпусы» деген жобаны қолға алып жатырмыз. Аталған бастама қазақ тіліндегі мәтіндердің ақпараттық-инновациялық «ақылды»  базасын құруды көздейді. Яғни барлық қазақша мәтіндер бір жерге жиналады да, сол мәтіндердің құрамындағы барлық сөзге «паспорт» жасалады. Сөздің паспорты арқылы тұтынушы «сөз қалай жасалып тұр, түбірі қайсы, жалғау-жұрнағы қайсы, аудармасы қандай» және басқа да алуан түрлі ақпаратты бір ресурстан ала алатын болады.

– Бастамаларыңызға сәттілік тілеймін. Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Биболат СӘТЖАН

Дереккөз: qaz.neonomad.kz

другие статьи

Чат-бот
Нашли ошибку?
Нашли ошибку?
Страница
https://corp.soyle.kz/article/view
Ваше имя
Почта или телефон
Пожалуйста опишите вашу проблему или идею
прикрепить файл
отправить
Спасибо за обратную связь!