Читаем
Абай ілімі және бүгінгі қазақ философиясы
31 мая, 22:39Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Халыққа Жолдауында 2020 жылы әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абайдың 175 жылдығын атап өтуді тапсырған болатын. Онда тойды ысырапшылдыққа емес, мән мен мағынаға толы етіп өткізуді ескерткен. Абай – тұтас қазақ ақыл-ойының барометрі. Абайды тану үшін – ең әуелі оның философиясын терең зерделеу, ұлттық философияның өзегін Абай ілімі арқылы негіздеу аса маңызды. Хат қоржынымызға келіп түскен философия ғылымдарының докторы Т. Рысқалиевтің толғамды мақаласы көпке терең ой саларына сенімдіміз. Автор Батыс философиясы мен қазақ философиясының ерекшеліктерін және Абай философиясындағы негізгі өзекті сөз етіп, өзгеше пайымдар жасайды.
Қазақ философиясының мәні мен мақсатын, өзіндік нұсқасын, болашақта қалай, қай бағытта дамуы керектігін Абай шығармасы, Абай ілімі арқылы шығаруға болады.
АДАМ КІМ? ОНЫҢ ДҮНИЕДЕГІ ОРНЫ ҚАЛАЙ?
Абай ілімінде қазаққа, қазақ дәстүріне, діліне тән мазмұн да, сонымен бірге даналық жолымен дамыған, даналықты жүзеге асырған Батыс және Шығыс ойшылдарына, атап айтқанда, Сократ пен Платонға, Монтень мен Паскальға немесе Конфуций мен Буддаға ұқсас пайымдау да бар.
К.Маркс өзінің Фейербах туралы тезистерінің бірінде «өзіне дейінгі философтарға дүниені түсіндірумен шектелді» деген кінә тағады және «философияның міндеті – дүниені өзгерту» деп атап көрсетеді. Бұл арада ол философияны ғылым ретінде, ғылымдардың негізі ретінде қарастырып отыр.
Біздің ойымызша, философияның қызметін ғылыми таныммен шектеп қоюға болмайды. Әртүрлі жағдайларға байланысты кейбір философтар, айталық, Аристотель, Декарт, Фр.Бэкон, Кант, Гегель, Маркс т.б. философияны ғылым деп танып, ғылымға қатысты мәселелермен тиянақты айналысты. Соның өзінде И.Кант философияны адамға бұрып, философияның алдына даналықты, түсінікті қажет ететін: Мен не біле аламын? Мен не істеуім керек? Мен неге үміт арта аламын? Мен кіммін? – деген сияқты мәселелер қойды, соларды шешуге арналған іргелі шығармаларын жазды. Канттың түсінігінде, философияның негізгі міндеті – адамға адам болып өмір сүруді үйрету. Канттың пікірінше, философияның ғылым жолымен жүріп, дүниені танудағы мақсаты – дүниені өзгерту емес, адамның дүниедегі орнын анықтау.
«Мен кімге, неге үміт арта аламын?» деген сұрақ қояды да, Кант оған: «Бәріне де, тіпті Құдайға да үміт артуға болады, бірақ түбінде бәрі адамның өзіне келіп тіреледі», – деп жауап береді.
Осындай күрделі сұрақ төңірегінде Абай да ойланып, толғанады:
Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар
Еңбегің мен ақылың екі жақтап, –
деп нақты жауап береді.
Бұл – барып тұрған философиялық ұстаным. Бірақ ол кәсіби философиялық тілде мәлім болып тұрған жоқ, қарапайым даналық тілінде, ойшылдың сөзімен бейнеленіп тұр.
Танымал орыс философы М.Бахтиннің афоризмге айналған сөзі бар: «Нағыз философтар, әрине, Германияда. Ресейде тек ойшылдар болған» деген. Бұл арада ол данагөй орыс ақындарын, жазушыларын – Пушкинді, Гогольді, Достоевскийді, Толстойды еске алып тұр. Қазақ даналарына да, би-шешендерге, ақын-жырауларға, соның ішінде Абайға да қаратып, Бахтинше айтуға болады. Бұлар да – нағыз ойшылдар.
Бірақ ойшылдар арқылы дамыған орыс философиясының, қазақ философиясының, Абай философиясының кәсіби философияға қарағанда дәрежесі кем, деңгейі төмен деген пікір тумайды. Мәселе орыс философиясының, қазақ философиясының өзіндік ерекшелігінде, яғни адамға, өмірге жақындығында. Әрине, Абай, Бахтин айтқандай, немесе Кеңес кезінде айтылып жүргендей, «нағыз» философ емес, яғни, кәсіби философ емес. Ол философиялық мектептерден өткен жоқ. Бірақ мен – кәсіби философ, ғылым докторы – Абайды оқи отырып, Сократпен, Платонмен, Конфуциймен, Паскальмен, Кантпен сырласқандай күй кешемін. Өйткені Абай қай адамды да қинайтын, жоғарыда аталған философтар қарастырған сұрақтар төңірегінде көп ойланады.
Есті адам ерте ме, кеш пе, өзі жөнінде, басқаларға қатынасы жөнінде, өзінің не үшін өмір сүріп жүргені жөнінде ойланады. Сөйтіп, қаласа да, қаламаса да, философиялық сұрақтарға тап болады. Кез келген адам сонда жауап іздеп кәсіби философтардан – Гегельден, Кант пен Ницщеден гөрі, Бахтин «ойшылдар» деп атаған Конфуций, Монтень, Пушкин, Абай, Достоевский, Толстой, Шәкәрім сияқты даналарға жүгінеді.
Гегель, Маркс сияқты кәсіби философтар жалпылама құбылыстарды, ұғымдарды қарастырады: жалпы дүние, жалпы табиғат, жалпы қоғам, жалпы адам, материя, сана, болмыс, себеп-салдар, тағысын тағылар. Ал Достоевский, Толстой, Абай сияқты ойшылдар жеке, дара, қымбат, жұмбақ нәрселер туралы, белгілі бір қоғамда, белгілі бір уақытта өмір сүретін нақты адам, оның көңіл-күйі, тұрмыс-тіршілігі, іс-қимылы, арман-мұраты туралы сөз қозғайды. Солардың қамын ойлайды, мұңын жоқтайды.
ФИЛОСОФ КІМ, ОЙШЫЛ КІМ?
2015 жылы тамыз айында Абайдың туғанына 170 жыл толуына орай «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Ойшылдың мен де санды бірімін деп» деген мақаламда мен «философ» және «ойшыл» деген ұғымдардың мағынасын ашып көрсеттім.
Сол ойымды жалғастырғым келеді.
Философ пен ойшылдың арасына шек қоюға болмайды. Философия дегеннің өзі – ойлау өнері – логика. Абстракты немесе формальды логика емес, нақты жағдайды нақты талдайтын, әр нәрсенің жөнін, қисынын көздейтін өміршең логика. Ойшылдың да көздейтіні осы. Ойшылдың сөзінде, пікірінде қарапайым философиялық ойлар жүзеге асып жатады.
Айырмашылық кәсіби философия мен қай адамға да қатысы бар, көпшілікке арналған қарапайым философияның арасында орын алады. Гегельдің философиясы – кәсіби философия. Толстой мен Абайдың философиясы – қарапайым философия (популярная философия). Гегельдің философиясы арнайы топқа, элитаға бағытталған. Гегельдің пікірінше, философия кез келген адамның кәсібі емес. Ал Толстойдың немесе Абайдың философиясы кез келген адамға бағытталған.
Кәсіби философия ғылыммен астасып жатыр; ақылға сүйенеді, сыртқы дүниеге, жалпылама құбылыстарға көңіл бөледі. Гегельдің әйелі айтады екен: «Гегель нақты жемістерді білмейді, оның білетіні – жалпы жеміс» деп (плод вообще). Гегельдің, Маркстің философиясында нақты адам жоқ, белгілі бір ортада, белгілі бір уақытта өмір сүретін адам жоқ, жалпы адам бар (человек вообще).
Ойшылдарға тән қарапайым философия адаммен айналысады; адам тану үшін ғылымнан гөрі әдебиетке, өнерге, дінге сүйенеді, өмірге, адамдардың тұрмыс-тіршілігіне, қарым-қатынасына, көңіл-күйіне жақын болып келеді; ақылға да жүгінеді, сонымен бірге сезімге, эмоцияға да орын береді. Абайдың философиясы – тап осындай философия.
Абай сөзін, ойын халқына, қарапайым адамға арнады. Бірақ оның сөзі заттың, құбылыстың бетімен қалқитын жеңіл-желпі, жай сөз емес. Қарапайым сөз, қарапайым тіл. Бірақ мәні, мағынасы терең, сан қырлы. Сондықтан да Абай замандастарынан терең ойды, терең ойдың телміріп соңына еруді, түбіне бойлауды талап етті. «Қайран сөзім қор болды, Тобықтының езіне» деп ішкі сырын жайып салды. Сондықтан да надандықты «халықтың қас жауы» деп сынады, надандықпен аянбай күресті. «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын? Халқым надан болған соң, қайда барып оңайын?» – деп өкінді.
Кәсіби философия да керек, оған сұраныс болады, болуы керек. Канттан, Гегельден, Хайдеггерден бас тарту ақылға сыймайды. Сонымен бірге сондай батыстық философияны нағыз философия деп, көпшіліктің көңілінен шығатын, нақты нәрселерге мән беретін қарапайым философияны, өмір философиясын, даналық философиясын елемеу, Сократ, Конфуций, Монтень, Достоевский, Л.Толстой, Абай, Шәкәрім, қазақтың билері мен шешендері сияқты даналардан бас тарту да ақылға сыймайды, олардан бас тарту – философияның түпкі мағынасын, негізгі қызметін түсінбеу, бұрмалау болып есептеледі.Философияның мағынасы да, қызметі де сан түрлі болып келеді. Кәсіби, ғылыми философия – Батыста кең тараған, бізге, бір кездегі Кеңес адамдарына сырттан таңылған философияның бір түрі. Философияны осы түрімен шектеп қоюға болмайды.
Философия ғылым ретінде, ілім ретінде, көзқарас ретінде біртұтас болса да, әркезде, әр елде әр қырынан көрініп, әртүрлі формаға ие болып, әр түрлі қызмет атқарып келген, бүгін де атқарып келеді. Философия осы жолмен дамыды, байыды, әмбебап күйге ие болды.
ҚАЗАҚ ӨЗІНЕ ӨЗІ ҰҚСАМАЙ ҚАЛДЫ…
«Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» – дегендей, әр елдің өз өмірінен пайда болған өзіндік төл философиясы бар. Неге біз неміс философиясына, орыс философиясына немесе араб философиясына жүгініп, солардың жолымен жүруіміз керек?
Кеше біз Маркстің, Лениннің философиясын бетке ұстадық. Жасыратыны жоқ, олардан үйренгеніміз көп болды. Бірақ бұл философия біздің салтымызға, дәстүрімізге, ділімізге сәйкес келмеді. Маркстік—лениндік философияға сүйене отырып, біз өзіміздің көптеген құнды әдет—ғұрыптарымыздан, салтымыздан, дәстүрімізден айырылып қалдық. Бізге сырттан таңылған Кеңестік философиядан өзімізді, өз кейпімізді таба алмадық, қазақ қазаққа ұқсамай қалды.
Бір кезде көрнекті орыс ойшылы И.В.Киреевский «орыс халқына қандай философия керек?» деген сұрақ қояды. «Бізге философия керек, – деп жазады ол. – Біз оны қайдан аламыз? Әрине, біз алдымен философиялық ойы жете дамыған елдің тәжірбиесіне жүгінеміз». Киреевский бұл арада өзі сабақ алған классикалық неміс философиясын меңзеп отыр. «Бірақ, – деп атап көрсетеді ол, – неміс философиясы бізге философия бола алмайды. Біздің философиямыз өз өмірімізден, өз болмысымыздан өріп, дамуы керек». Бұл пікірдің жаны бар және бізге, қазақтарға да қатысы бар.
Кеше Тәуелсіздік алған кезде біздің алдымызда да: «Қазақ философиясы қандай болуы керек?» деген мәселе тұрды. Әркім әртүрлі жолдар ұсынды. Менің ойымша, бүгінгі қазақ философиясы Абай іліміне ұқсауы керек. Қазақ философиясының үлгісін, сұлбасын Абай туындыларынан шығаруымыз керек. Біздің философияға қажет тақырып та, идея да, үлгілер де Абайда бар. Тек оларды қазіргі заман тұрғысынан қарап, қабылдауымыз керек.
АБАЙ БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМҒА ҮНДЕДІ
Философияға білім-ғылым керек пе? Әрине, керек. Бұл жөнінде Абайдың өлеңдерінде де, қара сөздерінде де (отыз екінші қара сөзін оқып көріңіз) нақты тұжырымдар бар. Философия – өнер, ойлау өнері және сол ойды жеткізетін сөйлеу өнері. Философияның өнерге жақындығы күмән туғызбайды. Абайдың өнерді қалай бағалағанын мына жолдардан аңғаруға болады: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс жұмыр келсін айналасы». «Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе». «Керек іс бозбалаға -талаптылық, Әртүрлі өнер, мінез, жақсы қылық», – деп тағы айтады. Байлық деген уақытша, өнер – мәнгілік. Отыз үшінші қарасөзінде: «Мал жұтайды, өнер жұтамайды», – деп атап көрсетеді хакім Абай.
Абайдың сол кездің өзінде-ақ, терең ойды алға тарта беруі таңқаларлық жайт. «Талап, еңбек терең ой…», «Терең ой, терең ғылым іздемейді», «Ынсап, ұят, терең ой, ойлаған жан жоқ, жауып қой», «Малда да бар жан мен тән, ақыл, сезім болмаса, тіршіліктің несі сән, тереңге бет қоймаса», «Терең ойдың телміріп, соңына ермей» адамның ісі бітер ме? Мұндай талапқа сол кездің адамдары түгіл бүгінгі XXI ғасырдың адамдары да жауап бере алмайтын шығар.
ӨЗ УАҚЫТЫНАН ОЗА ТУҒАН…
Абай өз уақытын басып озған ғұлама деуге болады.
Философиялық ой сөз арқылы, сұхбат, пікір алмасу арқылы мәлім болады. Бұл жағынан да жыраулар, би-шешендер, Абай, Шәкәрім негізін қалаған қазақ философиясы әлемдік философиялық деңгейден көріне алады. Қазақтардың ақылдылығын, шешендігін елімізде болған шет ел зиялы өкілдері бірауыздан мойындаған. Абай да – ғажайып ақын ғана емес, суырып салма шешен. Әкесі Құнанбай да – дана, көреген, шешен болған. Ол баласын жастайынан сөз саптауға баулыған.
Философия діннен де нәр алады. Діннің жайын, соның ішінде мұсылман дінінің құндылықтарын, талаптарын Абай өзінің отыз сегізінші қара сөзінде жан-жақты талдап, тарқатып берген.
Философияның басты нысанасы – адам. Нағыз философия адам танумен, адам жұмбағын шешумен айналысады. Сондықтан да философия адамды адам ететін, өсіретін, жетілдіретін, түзу жолға салатын даналыққа, білімге, білімнің нәрі, түпкі өзегі болып табылатын түсінікке айрықша мән береді. Тап осындай нағыз философияны, бізге қазір де, болашақта да керек болатын философияны Абайдан таба аламыз. Тек Абайды оқу керек, түсіну керек, игеру керек.
Адам дегеніміз кім, адам қалай өседі, жетіледі, адам болады? Осы жолда ол нені білуі, неге ұмтылуы, неден қашық болуы керек? Адам қалай сүрінеді, қателеседі, қайтіп ол түзеле алады? Кімнен ол үйренеді, кімге ұқсауы керек? Махаббат, достық, ар-ұят, ынсап дегеніміз не? – осының бәрі Абай туындыларында жан-жақты сөз болады. Абай адам туралы, «адамның кейбір кездері», жақсы не жаман қылықтары туралы айтқанда құрғақ пайымдауға салынбайды, көкейкесті ойларын сырлы, сұлу өлеңдерімен, терең мағыналы қара сөздерімен жеткізеді. Абай туындыларында ешқандай жасандылық, немқұрайылық атымен жоқ. Абай адам туралы, «қалың елі, қазағы, қайран жұрты» туралы айтқанда артықшылығынан көрі кем-кетігіне, кеселіне көбірек тоқталады, ашынады, күйінеді, шенеп-мінейді. Мұндай кекесін, сын да философияға, ойшылға тән қарекет. Әжуасы, сыны, кекесіні үшін гректер Сократты «Бөгелек» («Овод») деп атаған. Халық қамын ойлаған, езілген таптың мүддесін көздеген ойшылдар, философтар болды. Бірақ та тап Абайдай халқының қамын ойлап, мұң-зарын жүрегімен сезінген, жүрегінен өткізген ойшыл болмас.
Мысқыл, сарказм, сын Абай үшін халқын түзетудің бірден бір жолы болды. «Ызалы жүрек, долы қол, улы сия, ащы тіл. Не жазып кетсе жайы сол, жек көрсең де өзің біл», – деп, өзінің миссиясын ашық айтады.
АБАЙ ТРАГЕДИЯСЫНЫҢ ТҮП МӘНІ
Абайдың ұстанымы – қалыптасқан жағдайды сырттан бақылап, ақылгөйсіп, кемшіліктерді тізіп тере беретін, немқұрайлы төрешілердің ұстанымы емес, тағдырын туған халқымен бірдей көретін, халқы үшін қиналып, күйінетін жанашыр жанның ұстанымы. Ақын өлеңдеріндегі, қарасөздеріндегі ащы, ашынған жанның назын білдіретін: «Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей», «жүрегім менің қырық жамау», «мен ішпеген у бар ма?», «Ішім өлген, сыртым сау», «Қаны қара бір жанмын, жаны жара», немесе: Қазақты «жөндеймін деуге, жөнделер, үйренер деген үмітім де жоқ», «Мен өзім тірі болсам да, анық тірі де емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба… еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты… бір жүрген қуыс кеудемін» (Тоғызыншы сөз) деген сияқты жолдарды оқығанда Абайдың трагедиясы өзінің жеке басына да, сонымен бірге халқының қасіретіне де байланысты екен деп ойлайсың.
Батыста осы кезге дейін философияны ғылым деп, методология, логика, гносеология деп бағалайды. Сондай философия болғаны, болатыны, бар екені рас. Бірақ философияның төл қасиеті, негізгі міндеті (назначение) даналықты жүзеге асыру. Сократ үшін, Сократты пір тұтқан Абай үшін философия дегеніміз – ең алдымен даналық.
Қазақ философиясында, билердің, шешендердің, Асан Қайғының, Абайдың сөздерінде даналық бар ма, жоқ па? Оларды оқып білген адам үшін мұндай сұрақ қоюдың өзі артық. Қазақ философиясында, Абай сөздерінде таңғажайып даналық бар.
Қазақ ойлауындағы даналықтың кейбір үлгілерін келтірейін.
Майқы биде: «Естіге айтқан тура сөз, Шыңға тіккен тумен тең. Езге айтқан тура сөз, құмға сіңген сумен тең» деген тәмсіл бар. Тарқатып, талдап жатудың қажеті жоқ, өзінен өзі түсінікті. «Даналықты паш ететін ой қайдан шығады?» деген сұраққа ел аузындағы сөзге қарағанда қазақ данасы былай деп жауап беріпті:
«Аспанның астынан шығады.
Жердің үстінен шығады.
Өнерлінің ісінен шығады.
Ғалымның күшінен шығады.
Жақсының сөзінен шығады.
Тарихтың ізінен шығады.
Шешеннің тілінен шығады.
Әншінің үнінен шығады.
Жаманның көрген күнінен шығады.»
Осы сөздердің өзі даналықтың үлгісі болып табылады.
Даналықтың түйіні, нақты көрінісі – түсінік. Қазақ ойлауында мұндай құбылыс бар ма екен? Батысша ойласақ, ғылымы, ғылыми танымы болмаған көшпенді халықта түсінік болуы мүмкін емес, болса да тайыз болып шығады.
Классикалық философия, шынында да, түсінікті танымнан, ғылымнан шығады. Қазақ ойлауындағы, би-шешендер сөзіндегі, Абай сөздеріндегі таңқаларлық түсінік, жоғарыда айтқанымыздай, өмірден, тарихтан, адамдардың сөзінен, ісінен, қарым-қатынасынан пайда болған.
Атақты неміс философы М.Хайдеггердің айтқаны бар: «Ғылым ойламайды («Наука не мыслит»)», – деп. Ғылымда таным бар, бірақ түсінік жоқ. Түсініктің ғылымға қажеті де жоқ. Өйткені ғылымды қызықтыратын нәрсе – объект, әр алуан табиғат және қоғам құбылыстары. Бұларды танып-білудің өзі жеткілікті. Философияны қызықтыратын нәрсе – адам, ал адамды танып кою аз, түсіну керек.
АТЫМДЫ АДАМ ҚОЙҒАН СОҢ…
Адамға қатысты нәрселердің бәрін Абай терең түсінеді.
Жоғарыда сөз еткен жаманның көрген күнінен тәлім алуға болады. Қазақта «жаман» деп адамның мінін, кемістігін айтпайды, сөзін, ісін, мінез-құлқын, адамдарға қатынасын айтады. Жаманның көрген күнін Құдай басқа бермесін. Философияда «қорлық» деген ұғым бар. Адам болып туып, адам қатарына қосыла алмау – қорлық. Адам болып туып, надан болу – қорлық. «Атымды адам қойған соң, – дейді Абай, – Қайтіп надан болайын». Философияда қорлық деп басқаның зорлығымен болған нәрсені емес, адамның өз надандығынан, тайыздығынан, өзін-өзі сыйламағанынан тапқан тауқыметін айтады. Абайдың тағы бір сөзі сұранып тұр осы жерде:
«Еріксіз түскен ылдидан,
Еркіңмен шығар өр артық.
Қорлықпен өткен өмірден,
Көсіліп жатар көр артық.»
Көптеген философтардың, атап айтқанда, Сократтың, Платонның, Конфуцийдің, Шопенгауэрдің Достоевскийдің, Толстойдың, Абай мен Шәкәрімнің ілімін түсінік философиясы деп тануға болады. Қазіргі батыстағы беделді философиялық ағым – герменевтиканы Батыста түсінік философиясы деп атайды.
Даналық, түсінік мәселесін көптен зерттеп жүрген, даналық, түсінік туралы монография – («Даналық пен түсініктің үлгілері.-Алматы:Ақыл кітабы,1999), докторлық диссертация – («Философия тарихындағы даналық мәселесі»), оқулық – («Философия тарихы»: – Алматы: Экономика, 2015) жазған мен үшін нағыз түсінік философиясы біздің Абайда бар.
Адам туралы, дүние, өмір, ар-ұят, жақсы-жаман мінездер, махаббат, достық, білім-ғылым туралы терең, ғажап түсінік бар. Ондай түсінік оқудың барлық жолдарынан өткен бүгінгі адамдарда жоқ.
Абай даналыққа, даналықты аңғартатын сөзге, іске, мінез-құлыққа ерекше мән береді, даналықты танып, бағалайды. Абай іліміндегі даналық – теориялық тұжырымдама емес, адам болып өмір сүру тәсілі.
Абайдың поэмасындағы Ескендір (Александр Македонский) патшаға қаратып: «Мықтымын деп мақтанба, ақыл білсең, мықты болсаң, өзіңнің нәпсіңді жең», – деп айтқан сөзінен де өмір көрген дананың түсінігін аңғарамыз.
АБАЙ ДИАЛЕКТИКАСЫ
Батыс философиясының, соның ішінде ежелгі грек және классикалық неміс философиясының айтарлықтай жетістігі – диалектиканы теория, әдіс және көзқарас ретінде жан-жақты дамытқаны.
Диалектика – дүниедегі, өмірдегі шиеленіскен қайшылықтарды танып, шешу тәсілі.
Өмір – тартыс, күрес, қайшылық. Қазақ «Дүние – жалған» деп тауып айтқан. Ешнәрсе сол күйінде қалып қоймайды, өзгереді, дамиды, ескіреді, өзіне өзі қайшы келеді, жоқ болады. Пайда болу, өмір сүру, жоқ болу –тіршіліктің заңы. Ал осындай диалектикалық сезім (чутье), диалектикалық түсінік, дүниедегі, адам өміріндегі қайшылықты, келеңсіз құбылыстарды тап басып тану, суреттеу қазақ философиясында, соның ішінде Абайда бар. Диалектикалық тұжырым мұнда Гегельдегідей, Маркстегідей том-том шығармаларда емес, толымды ой, бір ауыз сөз, бір шумақ өлең түрінде бейнеленген.
Бернияз ақын қамшының сабындай қысқа өмірді қызғалдаққа теңейді. Қызғалдақ қанша тұрады?
«Қызғалдақтай қызық өмір
Күні келсе солмай ма?
Еркін жүрген ерке көңіл
Қайғы-зарға толмай ма?
Тасқан қайтып, толған солып,
Сарғайтпай ма сондайда?
Алтын жастық жалған болып,
Аһ ұрар күн болмай ма?»
Ғұмар Қараш жалған дүниені қылт етіп, қия бассаң – тайып кететін жел қайыққа теңейді. «Тіршілік бес күн небар тиген еншің, Пайдалан мейлінше қанат жайып» дейді.
Шәңгерей Бөкейұлы:
«Ағаш едің құрма өскен,
Ұршық болдың шуда өскен.
Бір қалыпта тұрмақ жоқ,
Шығармалық мұны естен», – деген бір шумақ өлеңмен болмыс, өзгеру, терістеу, қарекет туралы түсінігін жеткізе білген.
Абайдың әр өлеңі де, қара сөзі де осындай диалектикалық ойлаудың үлгісі:
«Өмір жолы – тар соқпақ,
бір иген жақ,
Иілтіп екі басын ұстаған хақ.
Имек жолда тиянақ, тегістік жоқ,
Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ».
Мына жолдарға да назар аударсақ:
«Жас қартаймақ, жоқ тумақ,
туған өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмір
қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық
артта қалмақ,
Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек.»
Диалектикалық пайымдау деген осы.
«Өмір – дүние дегенің –
Ағып жатқан су екен.
Жақсы-жаман көргенің
Қарап тұрсаң –у екен».
Бұл да – шындық. Және ол құрғақ теория емес, өмірден алынған, әркімнің басынан өткен, әркімге түсінікті жайт.
«Күшік асырап, ит еттім,
Ол балтырымды қанатты.
Біреуге мылтық үйреттім,
Ол мерген болды, мені атты».
Адам басында мұндай жағдай болмай ма? Болғанда қандай.
« Адамзат – бүгін адам,
ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ертең өзің, қайдасың, білемісің,
Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ».
Диалектикалық ойлауға тән нәрсе – ащы шындықты жайып салу. Күл-білтелеу дегенді диалектика білмейді. Бәрі уақытша, бәрі өткінші, ертеңгі бүгінгінің қарама-қарсы жағы деп қарап тұрады.
Абайдың сөзі кім-кімнің де жанына батады. Абай – әкесіне де, ағасына да, қазаққа да айтарын тура айтқан, батырып айтқан ойшыл. Абайды рахаттану үшін оқи алмайсың. Абайдың сөзі ден қойған адамды қинайды, өкіндіреді, ашындырады. Абайды оқығанда қайда кетерге жер таба алмайсың.
Өзің үшін, халқың үшін күйінесің: алауыздық, қызғаныш, көре алмаушылық, даңғойлық қазаққа арылмайтын дерт болып жабысқан екен деп ойлайсың.
«Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек».
Кеше де, бүгінде тап осылай.
Жиырмасыншы қара сөзінде де Абай сол өзгерісті тілге тиек етеді: «Дүние бір қалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бірқалыпты тұрмайды. Әрбір мақлұққа Құдай тағала бірқалыпты тұрмақты берген жоқ.
Енді көңіл қайдан бірқалыпты тұра алады?» – дейді.
БАТЫС ФИЛОСОФИЯСЫНДА ЖҮРЕК ТУРАЛЫ АЙТЫЛМАЙДЫ
Абайда абайтанушылар көптен сөз етіп журген толық адам туралы ілім бар. Толық адам, жетілген, яғни, бақытты адам туралы кезінде әл-Фараби жазды.
Адам қалай толық, жетілген тұлға болады? Абайдың жауабы қысқа, қысқа болса да нұсқа: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», – дейді. «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек», – деп тағы қосады. Адамның басқа қасиеттері осыдан шығады. «Адамзатқа не керек? Сүймек, сезбек, күйінбек. Харекет қылмақ, жүгірмек, Ақылмен ойлап сөйлемек», – деп Абай ақыл, қайрат, жүректің қалай іске асатынын көрсетеді.
Батыс философиясында ақыл (разум) туралы көп айтылады. Қайратқа, дүниені өзгертуге көп мән беріледі. Практикалық ақылды (практический разум) алға тартады. Бірақ классикалық философияда жүрек туралы сөз болмайды. Тек бір ойшыл – Блез Паскаль таным құралдарының қатарына ақыл-парасатпен бірге жүректі қосады. «Біз ақиқатты ақыл арқылы ғана емес, жүрек арқылы да тани аламыз», – деп жазады. Жүрек нені тани алады? Сыртқы дүниені ме? Жоқ. Адам өмірінің қырлары мен сырларын.
Абайдың даналығын, тереңдігін адам өміріндегі жүректің ерекше рөлін ашып көрсетуінен аңғаруға болады. Абай ақылды, қайратты жүрекке бағындырып қояды. Адам өмірінде бәрі жүректің әмірімен, қалауымен болады дейді. Құдайды қалайтын – жүрек. Адамды адамға жақындататын –жүрек. Махаббат та, достық та – жүректің қалауы. «Әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық» – бәрі де жүректен шығады дейді он жетінші сөзінде. «Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі. Ар-ұяттың – бір ақыл күзетшісі», – деген де Абай.
ИНДИВИД ПЕН «ӨҢКЕЙ НӨЛ»
Философия адамның өсіп жетілу сатыларын индивид, индивидуалдық, тұлға деп ажыратады. Индивид – көптің бірі. Қазақша айтқанда – пенде. Бәріміз де – индивидпіз, көптің біріміз. Бірақ адам жай пенде болып қалғысы келмейді, өседі, жетіледі, дараланады. Индивидуалдық деп көпке ұқсамайтын, өзіндік ерекшеліктері бар адамды айтады. Абай он сегізінші сөзінде: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі – ақымақтық» деп жазады.
Индивид күйіндегі адамды Абай топ, тобыр, дүрмек деп әжуалайды. Тобыр өздігінен түк те бітіре алмайды, «өңкей нөлге» айналады. Ал адамдар бір мүдденің, философиялық тілмен айтқанда, идеяның соңына түсіп біріксе, тобыр емес, зор күшке айналады, түбі дегеніне жетеді. Философия адамдарға сондай ортақ идеяны ұсынып келеді.
Абайдың «толық адам», «адам бол», «терең ой», «дүниеге кірпіш болып қалан», «әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан» деген идеялары, халқын сынап, мінеп, оятып, бірлікке, білімге, өнерге, кәсіпке шақырған өсиеті көпті әлеуметтік күшке айналдырмақ болған әрекеті болды. Топты, көпті жөнге салып, нақты күшке айналдыру үшін тұлға, «единица» керек дейді Абай. «Единица жақсысы, ерген елі бейне нөл. Единица нөлсіз-ақ өз басындық болар сол. Единица кеткенде, не болады өңкей нөл?!». Отыз жетінші сөзінде Абай: «Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркты отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім?» – деген сұрақ қояды. Оған: «Ол – көп, ендеше, көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал», – деп жауап береді. Ақынның «единица» деп тұрғаны – тұлға (личность). Ол өзін танып біледі, өзінің міндетін, борышын, қоғамдағы, дүниедегі орнын біледі. Тұлға айналасына, болып жатқан процестерге немқұрайлы қарай алмайды. Сондай дара тұлға – Абайдың өзі. Ол тұлғалар қатарына әкесі Құнанбайды, інісі Оспанды, үміт артқан баласы – Әбішті жатқызады. Туған ағасы – Тәкежанды ол тұлғалар қатарына қоспайды. Ол –көптің бірі.
Қазіргі заман, нарық, бәсеке заманы тұлғаларды қажет етеді.
Мұхтар Әуезов айтқандай, «Абай деген дария ғой». Абай ілімі – ұшан-теңіз. Бәрін қамтып шығу мүмкін емес. Біз тек философияға, атап айтқанда, қазіргі қазақ философиясының мән-жайына қатысты ойларды сөз еттік. Әркім Абайды өзінше оқып, өзінше қабылдайтыны анық. Әркім өсу үшін, өзін-өзі түсіну үшін Абайды оқыса екен деген тілекпен өз ойымды аяқтайын.
Тілекжан РЫСҚАЛИЕВ, философия ғылымдарыныңдокторы, профессор
другие статьи
-
В Национальной библиотеке Таиланда прошла презентация книг Абая
31 декабря, 20:55 -
Призёром Абаевских чтений стала школьница из Семея
1 сентября, 9:08 -
Цифровизация казахского языка в действии
21 февраля, 12:09 -
Обряд «Шашу»
1 марта, 10:15 -
Үйден шықпай қазақша үйрен
1 апреля, 23:29 -
15-летний подросток из России самостоятельно выучил казахский язык
24 декабря, 10:47