Полезно знать
МІНЕЗ ДЕГЕН НЕ?
22 июля, 12:07
Қазақтың мінезі қандай?
Қазақтың мінезі қандай?
Көк асты, жер бетіндегі адамдардың мінезі екі үлкен күретамырдан бастау алып қалыптасады. Бірі – "тума мінез", енді бірі - "жұқпа мінез".
Тума мінез деген не?
Қазақ - жеті атадан жалғасқан қанды, генді, текті, тұтас туыстықты қуып тұтасқан, ата белінен ана құрсағына мәнни судан пайда болған, сүтпен біткен, сүйекке сіңген тума болмысынан қалыптасқан, дара табиғатынан дарыған, үлкен әулеттік меншікті мінезді "тума мінез" деп атаймыз.
Тума мінез - бір адамның өзіне тән, басқаларға мүлде ұқсамайтын жеке бітімі, қимыл-қозғалысы, сыр мен сипаты, ісі мен әрекеті, өмірге көзқарасы, қоғамдық ортадағы тіршілік ету жолы, махаббат жарасымы, ар ман үжданы,қажеті мен мүддесі, рухани көңіл күйі, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы, дүниетанымы, наным-сенімі, жалпы жанұяда қалыптастырып, қоғамдық-әлеуметтік ортаға алып шыққан жеке сыр-сипаты, өмір көріністері болып табылады. Өнері, мәдениеті, білімі, ақылы, ары, ұяты - бәрі-бәрі де сол жеке өзіне тән көрініс беріп тұрады. Болмысы да солай қалыптасады.
Жұқпа мінез деген не?
Әрбір пенденің бала күнінен бастап көрген-білген, көңіліне түйген, айналадан сезген, кітаптан оқыған, қоғамнан қорытқан, айналадан алған, халықтан білген, жүрттан жүқтырған, әлеуметттік ортадан қалыптастырған жалпы білімі, әдеті мен әдебі, мәдениеті мен дүниетанымы, көркемдік талғамы, өнер-өресі, білім қабілеті, сөйлеу дағдысы, іскерлік пен шеберлігі, дамыған санасы, аңсаған арманы, тілеген тілегі, алға қойған мақсаты, махаббат жарасымы, төрткүл дүниеден қабылдаған жұғысып-жұқтырған, қызығып-қызғанып қабылдаған, еліктеген, соларға ұқсаған мінезі "жұқпа мінез" деп аталады.
"Жұқпа мінез" бен "тума мінездің" парқы не?
Мінез де бейне жұқпа ауру сияқты. Бір адам екінші бір адамның мінезіне еліктеу, сол адамға ұқсау арқылы мінез жұқтырады. Атам қазақта "Ағаш ағаштан мәуе алады, адам адамнан тәлім алады" деген мақал бар. Бір адам екінші бір адамға қызыға да, қызғана да қарайды. Сосын ол адамға еліктеп, оның киген киіміне, сөйле- ген сөзіне, іс-әрекетіне, қимыл-қозғалысына, күлген күлкісіне, ішкі жан сезіміне, тұрмыс-әдетіне, адамдармен болған әдебіне, білім қабілетіне, өнер-ғылымына, кісілігіне, ой-қиялына, іскерлігіне түгел еліктейді. Бейне сол адамдай болғысы келеді. Ақыры сол еліктеудің нәтижесінде сол адамға барған сайын ұқсап қалады. Кейбіреулері сол өзі еліктеген адамның егізіндей болып көрінеді. Оның сыңары секілденіп кетеді. Міне, жұқпа мінездің жұқпалы ауруға ұқсайтын жері дәл осында.
Иа,Жұқпа мінез тек өзі жақсы көрген, ескеріп, еліктеген адамынан ғана жұқпайды. Басқа да қоғамдық-әлеуметтік, әулеттік ортадағы топтардан, сан алуан нәрселерден де жұғады. Мәселен, оқыған кітаптан, көрген ки- но-театрдан, мәдени ортадан, тұтынған бұйымдардан, көрші-қолаңнан, оқыған мектебінен, қатар отырған сабақтастарынан, жақын достарынан, арысы басқа ұлттардан, ұлыстардан, өзге де мемлекеттерден, жасаған жаратылыстық ортасынан, табиғаттың сан-алуан құбылмалы құбылыстарынан, тағы басқа толып жатқан мінезге әсер ететін нәрселерден түгелдей мінез жұқтырады. Керек десеңіз, бала күнгі ойнаған ойыншықтары да сол жұқпа мінезді ең алғаш жұқтыратын құралдардың бірі болып саналады. Себебі қазақ "Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі" дейді. Жаңағы бала күндегі бастап қызыққан нәрсесі әлде біреулердің есейіп, ер жеткенде соған тағы қызығып жүргенін көрсетеді.
Ал "тума мінез" "жұқпа мінездің" негізгі тұғыры, тағантасы, арқауы мен өзегі саналады. "Тума мінез" басты орында тұрып, адам өмірінде шешуші роль ойнайды. "Тума мінез" - "жұқпа мінездің" тиянағы. Осы тиянақ, яғни, тағантас мықты болса, тума мінез жұқпа мінезді еркіне жібермей меңгеріп, әулеттік мінезді қартайғанға дейін өзгертпей алып жүреді немесе көп өзгеріске ұшыратпайды. Егер тағантас әлсіз, жетесіз болса , онда жұқпа мінез тума мінезді еркін бағындырады да, тума мінезді өзгертіп, жұқпа мінезбен өмір сүретін болады. Ондай адам жас кезінде біртүрлі мінезде, қартайғанда басқа мінезде болып өзгеріп кетеді. Бұл адам табиғатының өзгерісі болып табылады. Мінезінің құбылмалы екенін түсіндіреді.
Жә, дана бабамда "Үйретінді сөз дауға жарамайды, сүйреп салған тазы түлкі алмайды" деген мақал, маржан сөз бар. Осы мақалдың арғы, алыс астарында мәтінді мәйегінде көк теңіздей түпсіз ой иірімі үйіріліп жатыр.
Жарамсыз жан, жетесіз адам қанша оқыса да, өз табиғатында жылт болмаса ,одан дәнеңе де шықпайды. Оның көкірегінде қайнап тұрған, білімнің көзді бұлағы болмаған соң, оның жаттанды білімі, кітаби білімі тоқтау суды ағызғандай арты тез сарқылып қалады. Жаттанды білім, жалдамалы ғылым жанға азық болмайды. Жаттанды білім, жарымжан ғылым бел асырғанымен, ел асырмайды. Бейне қыз қууға (қыз қуарға) мінген аттай тыз ете қалады да, ары қарай бауырын жазып, төселіп шаба алмайды. Кітаптан көрген, елден білген аз ғана нәрсемен шектеледі . Түқырып тұйыққа тіреледі. Жол таппай, сөз таппай отырып қалады. Алдыңғы жағы қап- қараңғы түн секілді болады да, алға ілгерілей алмайды.
Білместің су қараңғы көзі соқыр,
Ойпыл-тойпыл жүрегі соғып отыр.
Ақылдың қалтасының түбі тесік,
Біле алмай әр нәрсеге аң-таң отыр.
Жә, бәрін айт та, бірін айт. Басқа емес-ау, "ақылдың қалтасының түбі тесік болса", осы рухани тесік қалтаға қандай ақыл жамау болады?
Қандай мінез одан түсіп қалмай тұра алады?
Қандай білім оған тұтқа болады?
Иә, нәрсіз білім, дәнсіз ақыл, қуатсыз ой, жаттанды, жарымжан, мүгедек дүние оған қалай тұра алмақ? Бұл тесіктен өздігінен-ақ салаң етіп түсіп қалмай ма?
Атам қазақта "Құйма құлаққа айтсаң құйып алады, ақпа құлаққа айтсаң ағып кетеді" деген марқа мақал бар. Осы мақалдың түп тегінде тектілік пен тексіздіктің, арлылық пен арсыздықтың аражігі ашылады, анық көрінеді. Ақылды мен ақылсыздың арасы айқын білінеді. Енді жақсы қандай, жаман қандай деп айтып жату артық.
Артық емес. Ұят, масқара, мазақ. Көргенді мен көргенсізді салыстырып, ары қарай жарыстырып жазудың өзі жаңағы ақылдың тесік қалтасынан түсіп қалумен бірдей емес пе?
Иә, қанында қалыптасқан қасиетті қаңқа бастан іздеу дәні жоқ қауызға ие болумен бірдей құбылыс. Одан тарыдай нәтиже өнбейді. Ондайлар әншейін жүрген тобыр, құлқын құлы. Ашық айтқанда омыртқалы хайуандар қатарына жататын өлі жан иелері. Қара қан баснан аспайтын, өмірге келді-кетті топтар. Арты белгісіз, із қалмайтын, тірісінде бәрін жалмайтын, өзімен өмірі бірге өлетін, күндікші.
Ал ондайлардан сыр мен мінез іздеудің түкке де қажеті жоқ.
Қазақта "қаракөктің тұқымы" "жеті атасы қара-көк", "көкжал мінез", "көкжалдың тұқымы", "бөрі мінез", "көкбөрі", "көкжал жігіт", "арыстан азамат", "атпал жігіт", "киелі шаңырақ", "қарашаңырақ", "қан тұқымы", "батыр балуан", "көсем-шешен", "ел ағасы", "орда иесі", "жаны, ары таза", "тұнық азамат", "арлы бала" деген сөз тіркестері бар.
Бұл не?
Бұл - мінез.
Мінез болғанда "тума мінез". "Әулеттік қасиет", "дара табиғат". Әр шаңыраққа, әр текке, әр генге, әр қанға, әр тәрбиеге байланысты, керемет мінез, кербез сыр. Көзі ашық, көкірегі ояу, киелі де иелі шаңырақ иелерінің бірегей мінезі. Олардың тұнба төсінде, кең көкірегінде білімнің қайнап жатқан көзді бұлағы бар, өнердің сарқылмайтын кені бар. Атадан балаға сабақтасқан, шаңырақтық салты бар. Үлгі мен өнегесі бар. Өнері мен өнбегі бар. Иманды ыждағаты бар.
Қазақ "Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі" дегенді тектен текке айтпаған. "Отан сүю отбасы, ошақ қасынан басталады". Тәрбиесі кем адам он екі мүшесі толық болса да, рухани жақтары мүгедек адам. Көкірек көзі ашылмаған адам қараңғы, надан адам. Надан адам қоғамның кемтар мүшесі. "Әке-шешесі жоқ жетім - жетім емес, рухани күші жоқ жетім - нағыз жетім".
Ақылдан кенде – мүгедек пенде...
Жә, "қатынды бастан, баланы жастан" деп түсінетін, нағыз қаракөктің тұқымдары ең әуелі жанұядағы тәрбиені, үлгі мен өнегені бесік жырынан бастап, жас сәбидің уыз құлағына құйып, ұйыта бастайды. Ұлға отыз үйден, қызға қырық үйден тыйым салып, бөгде-бөтен орта, шарғы, шаңырақтардан жаман мінез жұқтырып алудан сақтанады. Өздерінің үлгі-өнеге, тәртіп-тәрбиесін сақтайды. Тағантас мінезін бүтін ұстайды. Ұлын ұлылыққа, қызын қырмызылыққа баулып отырады. "Жаман болады", "ұят болады", "обал болады", "зиян болады", "Сырап болады" деген сөздерді құдайдың құтты күні құлағына құяды да отырады. Бұл сөздер үлкен қамал, үлкен тау, үлкен кітап секілді. Мұны жастайынан естіп өскен бала бұл қамалды бұзып, бұл таудан асып, ешбір жамандыққа бармайды. Төрт құбыланы ақыл көзбен шолады. Жамандықтан жиреніп, жақсылықтан үйреніп, үлгі алып жүреді. Өнеге көрсетіп жүреді.
Қазақ осындай жағымды жанұяда әдеп-тәрбиесін көріп, өсіп жетілген жетелі ұрпақтың жүрегі жылы болады, кеудесі күн сәулесіндей жарқырап тұрады. Олар иманжүзді келеді, көкірегіндегі ізгілік сәулесін басқаларға да түсіре біледі. Олардың тұтас қимыл-қозғалы- сы, іс-әрекеті, сөйлеген сөзі үлгі мен өнегеге, бірлік пен берекеге толы болады деп қарайды. Олардан өшпес із қалады. Олар дүниеден өткеннен кейін де, олардың бойынан қалған ұлағат, ізгілік артқы ұрпақ бойынан ұлылық тауып, ұласып жатады. Қазақ осыларды нағыз қаракөктің тұқымы, жеті атасы түгел қаракөк, текті шаңырақтың балалары, ұрпақтары, тұқымдары деп қарайды. Бұлардың тума мінезі сол қалпында өзгермей өмір сүреді. Дағдысы, әдеті, тәрбиесі өзгермей жалғаса береді.
Ал әлсіз, жетесіз, тексіз орта шарқы шаңырақтарда, ондай мызғымас мықты тәртіп, саналы тәрбие, сапалы өмір салты болмайды. Сондықтан олар қоғамдық ортаның ықпалына көп әрі тез ұшырайды. Айналасына жалтақтап, қараға көп ілеседі. Дербес ойлау, дербес сөйлеу, дербес істеу, дербес жол табу жақтарында өте әлсіз болады да, басқалардың айтқан ақылы, көрсеткен жолы, сызған сызығымен жүреді. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екеніне ой жүгіртпейді, тіпті назар да салмайды. Мұндай әлсіз адамдарда жасампаздық қуат болмайды. Елдің басқан, салып кеткен сүрлеуімен жүреді. Әлсіз, дәрменсіз өмір сүреді. Сондықтан олар жұқпа мінезді көп жұқтырады. Әрі сол жұқпа мінезбен өмір сүреді. Күн алдап күн көреді. Мұндай пенденің көңілі толқымалы болады, сезімі тұрақсыз, мінезі айнымалы келеді. Табанында қышыр болмайды. Айтқан сертте тұрмайды. Бәрінен де тез айниды, тез жалығады, тез өзгереді. Егер мұндай адамның қолы аяқ астынан бір нәтижеге жете қалса, аспан астында өзінен басқа жан жоқтай, алшаңдап, талтаңдап кетеді. Құдайын ұмытады, тез семіреді. Керек болса, өзін де танымай қалады. Жүріс-тұрысы, сөз сөйлесі, киім киісі, қимыл-қозғалысы әп сәтте өзгереді. Ол адамды сіз, таңертең көрсеңіз біртүрлі мінезде жүреді. Түсте мансапқа отырады. Сіз оны кеште көрдіңіз, ол кезде сіз өз көзіңізге өзіңіз сенбейтін боласыз. Ол сіздің берген сәлеміңізді де алмайды, не шекесінен шертіп қарайды, не қолы бүйірінен әзер қозғалып, ерні әзер жыбырлап сәлем алады.
Бұл не?
Бұл - жұқпа мінез.
Жұқпа мінездің құбылмалы, ауыр індеті, қуыс көкіректің көрінісі, көргенсіздіктің белгісі.
Мінез - адамды айқындап көрсететін шар айна. Таразылап тартатын әділ таразы. Қара қылды қақ жаратын, нағыз қазы.
Мінез - адамның сыртын ғана емес, ішкі жан құпиясын да айпарадай ашып көрсетеді. Әр пенденің мінезі - өмірінің негізі. Бағы мен соры тіке мінезге қатысты болады. Оның қоғамдағы дұрыс адамдармен болған қарым-қатынасын көрсетеді. Адамның кім екендігін мінезі дәлелдейді.
Қазақ мінез - адам бойындағы байлық деп бағалайды. Мінезді адам қайда барса да, қайда жүрсе де, қай ортада өмір сүрсе де, оған жол ашық, айнала кең. Үлкенмен де, кішімен де, жоғарымен де, төменмен де, баламен де, данамен де, тіпті тұтас кісімен де сол жағым- ды жарасымды мінезі арқылы араласа алады. Балдай батады, судай сіңеді, тіл табысады.
Ал тарпаң адам қайда барса да сыймайды. Оның жолы тар, айналасы қыспақ, барған жеріндегі қақпалар жабулы.
Атам қазақ "Кең болсаң, кем болмайсың" деген дана сөзін, ата ақылын дәл осындай тар мінезді, тарпаң адамдарға қарата айтып, ақыл бергені ғой.
Жұқпа мінездің пайдасы бар ма?
Жұқпа мінез екі түрлі бейнеде жұғады, екі түрлі бейнеде өмір сүреді. Бірі - "жағымды жұқпа мінез", енді бірі - "жағымсыз жұқпа мінез".
Жағымды жұқпа мінез дегеніміз не?
Жағымды жұқпа мінездің адамдарға пайдасы бар. Қоғамдық ортада жағымды, жақсы роль атқарады. Берекелесіп өмір сүріп, бірлікте тіршілік кешуге үлкен дәнекерлік роль ойнайды. Жағымды жалғастық жасап отырады.
Иә, жұмыр жер бетінде өмір сүріп, тіршілік кешіріп жатқан пенделер арасында, небір ұлы ғалымдар, ұлағатты ұстаздар, тарлан таланттылар, өресі биік өнерпаздар, иманды молдалар, көреген көсемдер, шежіре шешендер, дарабоз даналар, қас батырлар, арда ардагерлер, қасиетті бабалар, арлы аналар, тәрбиелі балалар, жетелі жігіттер, білікті білгірлер, жез таңдай әншілер, алтын қол күйшілер бар.
Міне, осындай саналы, сапалы, ұлы тұлғалардың текті мінезіне, қимыл-қозғалысына, асыл арманына, үлгі-өнегесіне, өрелі өнеріне, саналы салтына еліктеп олардың сарқытын ішіп, сара жолымен жүргендер жұқпалы жағымды мінез жұқтырады. Өз бойындағы кемістіктерді жояды. Қоғамға жарамды, жақсы адам болып, елі үшін, халқы үшін, Отаны үшін еселі үлестер қосады.
Жағымсыз жұқпа мінез деген не?
Жағымсыз жұқпа мінезден қай пендеге де пайда жоқ. Отбасына да, қоғамдық ортаға да, қарақан басына да зиян келтіреді, залал жеткізеді.
Иә, сонау ескі ғасырдан бүгінгі жаңа заманға дейін үрдісін жоймай, жоғалтпай, жалғасып келе жатқан тұтас адамзат қоғамына пайдасыз мінез. Адам баласына бақас қара күштер қалыптастырған мінез. Бұл мінез өте қанқұйлы, құйтырқы, алақұйын, алауыз, екіжүзді, табансыз, тайғанақ, жағымсыз мінез. Мұндай жетесіз, торлаусыз, жүгенсіз, нашар мінезді жұқтырып алудан сақ болған абзал. Бұл - мінездегі үлкен кінәрат.
Кінәрат қана емес.
Жазылмас індет, жаман ғадет, бастағы қайғы, көңілдегі азап, мұндай мінез адам баласын тіріде әуре-сарсаңға салады. Өміріне ауыртпалықтар туғызады. Ел алдында, жұрт көзінде қарадай қадірін кетіреді. Ал өлгенде артында жаман аты қалады. Қазақ мұндай адамды екі дүниеде де оңбайды деп қарайды.
Неге?
Мұндай мінез жаманның аздыруына ерген, жамадықтың бәрін көрген, сұмдықты түгел сезген, жаман жолда жүрген, ұрлық қылған, кісі өлтірген, тонаушылықпен айналысқан, зина қылған, қарадай ұрыс-қағыс жанжал шығарған, ісі ілгері баспаған, қадамы кейін тартып тұратын адамдардан көрінеді.
Адамның сыртқы бітімі - ішкі жан-дүниесін көрсетеді. Ішкі дүниесі - сайқал, қызғаншақ, іші тар, білімі таяз, ардан кеткен, ақылдан азған адамдар тұрған жерінде шәркез жылқыдай одырайып бөтен мінез көрсетіп, айналасымен ұрыс-қағыс шығарып, сыйымсыз болып өтеді.
Ал ондай адамдар арақ ішкен кездерінде берекесіздіктің көкесін тудырады. Бұл бір-ақ мысал. Осыларға еліктеуді жағымсыз "жұқпа мінез" деп атайды.
Жағымсыз мінезді адам бүгінгі мәдениетті қоғамға, өркениетті ортаға жат саналады. Әсіресе, ғылым мен өнер, экономика мен өркениетті ғасырда, мұндай жағымсыз жұқпа мінез жараспайды. Мәдениетті қоғамда әдепті, ибалы, иманды, ұятты, қайырымды, мейірімді, таза көңілді, тәртіпті адамдар ғана қоғамдағы белсенді мінезді адамдар саналады. Бүгінгі дәуірге керегі де сол- жүқпа мінезді адамдар.
Жұқпа мінездің жұғу ортасы қандай?
Жұқпа мінездің жұғу ортасы өте күрделі болады. Әрі сан салаға бөлінеді. Егер оны сапқа тұрғызып, санап айтар болсақ, айғақтап айырып жазар болсақ, пікір көп, көзқарас жеткілікті, бейнелік бедері баршылық.
Иә, ең әуелі "ананың жерік асынан", "кіндік анасынан", "азан шақырып ат қойған атасынан", "бөлеген тал бесігінен", "кірген есігінен", "туған күнінен", "өскен айынанм, "жасаған жылдарынан", "кескен тұсауынан", "отырған сүндетінен", "оқыған мектебінен", "тәлім алған ұстазынан", "көрген көріністен", "жасаған ортадан", "айналасынан", "жолдасынан", "киген киімінен", "ішкен тамағынан", "көрші-қолаңынан", "ел салтынан", "мінген атынан", "қонған өнерінен", "қабылдаған мәдениетінен", "тоқыған ғылымынан", "тіпті жинаған қаржысынан", "мал-мүлкінен", "мәрте- бе-мансабынан", "істеген қызметінен" тағы басқа толып жатқан ортадағы жағдайлардың барлығынан адам баласы қағыс қалмайды. Осылардың барлығының ықпал-күшіне ұшырайды. Сөйтіп әрқайсысының бәрінен мінез жұқтырып отырады. Өйткені, қоғамдық құбылыстардың барлығы да адам миына, сана-сезіміне ықпал көрсетеді. Кейбіреулері мінез-құлқын өзгертеді. Кейбіреулері үлкен мидың жетілуіне әсерін тигізеді. Шартты және шартсыз түрде өзіне бағындырады. Қоғамдағы идеология адам баласының өсіп жетілген сана-сезімінің қалыптасқан тәртібі, мінезінің айқын туындысы болып табылады.
Жә, адам мінезі де осы қоғамдық идеологияның өзгерісіне ілесіп, бірге дамиды. Бірге өзгереді. Одан тыс жан-пенденің жас ерекшелігіне қарай сезімдік танымнан ақылдық танымға қарай өтіп отырады. Ақыл-пара- сатының кемелденуіне ілесіп, толысып отырады. Адамның тәжірибесі молыққан сайын, қақсал тартады, байызды күйге келеді. Сабырлы әрекетке көшеді. Сапалы іске қарай аяңдайды.
Қазақта "Сөйлей-сөйлей шешен болады, көре-көре көсем болады" деген інжу сөз бар. Осы тоқ етер сөзде тоқсан тоғыз тарау марқа ой маңырап келіп, ақыл емшегін еміп жатыр...
Жұқпа мінез басқа ұлттар мен ұлыстардың жиі араласуы, мәдениет, ғылым, экономика, тұрмыс алмасуы жақтарында да бір-біріне жұғады. Мысалы, сіз қазақ бола тұрып ,басқа бір мемлекеттің көлігін мініп, көйлегін киіп, тілінде сөйлеп, ақшасын төлеп, сол ділде ойлап, соның мәдениетіне бойлап, өсіп жетілген азамат болсаңыз қазақы тұрмыс туралы білеріңіз шамалы болмақ. Намысыңызды, арыңызды тағы да мінезіңіз көрсетері хақ.
Мінездің қалыптасуы сіздің жасаған ортаңызға байланысты байлаулы болады.
Қазақтың "Байлауыңыз қалай еді?" деп сұрап жатуы да ,тектен-текке айтылмаса керек-ті.
Жә, жұқпа мінез екі түрлі жағдайда жұғады. Бірі - "шартсыз ерікті жұқпа мінез", енді бірі - "шартты еріксіз жұқпа мінез". Ерікті түрдегі "еркін жұқпа мінез еш пенденің зорлауынсыз, үйретуінсіз, көмегінсіз өз еркімен басқалардың мінез-құлқына, тұрмыс-әдетіне, мәдениет-әдебіне, салт-дәстүріне еліктеу, қызығу, құмарту, соларға ұқсау арқылы жұғады. Қоғамдық ортаға өз еркімен араласады. Оған біреу мынаны үйрен, анаған елікте, оны қабылда деп айтып жатпайды. Сабақхана ашып, сабақ бермейді. Нұсқау көрсетпейді. Әр пенде өз санасы арқылы қабылдап, өз білген еркімен еліктеп, үйреніп алды. Мұны қазақ "ерікті, еркін жұқпа мінез" деп атайды.
Ерікті еркін жұқпа мінезге қойылар шарт, басқаша талап, ереже-тәртіп болмайды. Уақыт белгісі, уақыт тынысы, орын-ортасы шектелмейді. Әр пенде еркін жүріп, шектеусіз, байлаусыз өмір сүрген ортасынан, араласқан адамдарынан қабылдай береді.
Ал "шартты еріксіз жұқпа мінез" бұған ұқсамайды. Ол қоғамның және мемлекеттің қажетіне қарай әралуан формадағы саналы ұйымдастыру, қимыл-қозғалысы арқылы жұғады. Адамдарды шартты түрде оқыту, үйрету, ұйымдастыру, тәрбиелеу, тәртіпке шақыру арқылы жұқтырады. Мінднтті түрде қалыптастырады.
Демек, ұрпақтарды ұлағатты етіп өсіру үшін, қоғамға жарамды дарынды етіп жетілдіру үшін ғылымның сала-сала тармақтарынан мектеп, медресе ашады. Жоғары оқу орындарына қабылдайды. Адамдарды бала кү- нінен бастап, сол мектептерде оқытады. Қоғамды, өмірді дұрыс танып өсуі үшін - жаратылыс, табиғат заңдарын ойдағыдай меңгеру үшін ғылым мен мәдениетті, экономика мен саясатты, заң мен моральды, тіл мен дінді, ділді, аспан мен жерді, тіпті тұтас он сегіз мың ғаламды, адамзат қоғамының тарихы мен бүгіні, болашағын білу үшін, көркемдік талғамды дұрыс пайдалану үшін, адамдарды жасына, санасына қарай саты-саты бойынша оқытады. Осы оқу арқылы адамдар көптеген білім қабілетіне ие болады және әр алуан өнерлерді игереді, кәсіптенеді. Сол кәсібіне қарай мінез жұқтырады. Қазақ осы жұқтырған мінезді "шартты еріксіз жұқпа мінез "деп атайды немесе "үйретімді мінез" деп біледі.
Ал расында адамдар оқымаса, білім-ғылым, өнер игермесе надан болады. Надан, қараңғы адам қоғамда өмір сүре алмайды. Қазақ "Дүниедегі ең жаман адам - надан адам" деген екен.
Жә, жұқпа мінез әр пенденің істеген кәсібіне, қуған өнеріне, зерттеген ғылымына, айналысқан шаруашылығына, талдаған талабына, арман-мүддесіне байланысты болады. Адамдар бала күнінен неге әуестенсе есейгенде соны кәсіп етеді. Сол кәсібіне зейін-зердесін, ақыл-есін аударады. Барын соған салады. Әр пенде өзі таңдап алған, сүйіп істеген кәсібінен басқа кәсіпке оншалықты назар салып кетпейді. Ой аудармайды, көңіл бөліп жатпайды. Ол адамның әңгімесі де, ой-қиялы да, сөзі де сол кәсібі туралы болады. Кәсібі туралы айтады, мінезі де кәсібіне байланысты қалыптасады. Мұны қазақ "кәсіптік міне" деп атайды.
Жа,кәсіптік мінез туралы атам қазақ:
Қойшыға жолықсаң, -
Бойдағы мен тұсағын айтады.
Түйешіге жолықсаң, -
Ботасы мен тайлағын айтады.
Сиыршыға жолықсаң, -
Қатығы мен айранын айтады.
Маскүнемге жолықсаң, -
Елге салған ойранын айтады.
Жылқышыға жолықсаң, -
Жүйрігі мен жорғасын айтады.
Егіншіге жолықсаң, -
Егіні мен дорбасын айтады.
Жақсы адамға жолықсаң, -
Тауып, ойдағыны айтады.
Жаман адамға жолықсаң, -
Қауып қайдағыны айтады.
Қатынға жолықсаң, -
Баласы мен байын айтады.
Сауыншыға жолықсаң, -
Құрт пен майын айтады.
Қызға жолықсаң, -
Тапқан жігітін айтады.
Ұстазға жолықсаң, -
"Оқы" деп, үгітін айтады.
Балаға жолықсаң, -
Ойыншығы мен ойынын айтады.
Қыдырмашыға жолықсаң, -
Қатынасқан тойын айтады.
Батырға жолықсаң, -
Жеңген жауын айтады.
Шешенге жолықсаң, -
Шешкен дауын айтады.
Шендіге жолықсаң, -
Шекпені мен шенін айтады.
Көміршіге жолықсаң, -
Қазған кенін айтады.
Саудагерге жолықсаң, -
Ұтқаны мен сатқанын айтады.
Аңшыға жолықсаң, -
Олжасы мен атқанын айтады.
Байға жолықсаң, -
Мақтанып, байлығын айтады.
Кедейге жолықсаң, -
Зарлап, шайлығын айтады.
Емшіге жолықсаң, -
Емі мен демін айтады.
Сыншыға жолықсаң, -
Сынап, мінеп мінін айтады.
Балықшыға жолықсаң, -
Құрған ауын айтады.
Сарбазға жолықсаң, -
Қырған жауын айтады.
Молдаға жолықсаң, -
Білген шариғатын айтады.
Тарихшыға жолықсаң, -
Тарихатын айтады.
Құмаршыға жолықсаң, -
Ұтқанын айтады.
Балуанға жолықсаң, -
Жыққанын айтады.
Данаға жолықсаң, -
Ақыл беріп, ақыл айтады.
Наданға жолықсаң, -
Бұтып-шатып қайдағыны айтады.
Иә, осы кестелі керемет маржан сөзді әр кәсіпке байлаған, бағлан мінезді талғап-талдаған, бұтақтап-бұталаған адам мінезінің келбеті көрінеді. Оны арытып айтудың, жасытып талдаудың жөні жоқ, жосығы келмейді. Бәрі де жамырап, марқа қозыдай маңырап тұр. Жан құпияның түбін тінтеді, түгінен бүгіне дейін түгендеп айтады.
Бұл нақылды хан оқысын, мейлі қара оқысын, болмаса дана не бала оқысын, түсінбейтін түйін жоқ, шешілмеген шешім жоқ. Бір тамшы ұғылмайтын ұғым жоқ. Бәрі қазақы қара тілмен қаузап айтқан қарапайым ұғымдар. Бірақ соншалықты дәл, анық, айқын, түсінікті. Көзге ұрып, бірден көңілге ұялай кетеді. Бәрі де таныс, бейне белгілі бедерлер. Көз көрген, құлақ естіген, үйреншікті бітімдер, сыр алғы сымбаттар. Әрқайсысы өз жұмысымен, шаруасымен, шаруашылығымен айналысқан пенделер. Солардың өзіне тән қас меншікті мінездері, қимыл-әркеттері, жан дүниелері, орны мен ойлары, тілі мен ділдері, көркі мен көріністері, сөзімен танылған ,ішкі жан тыныстары.
Мінез демекші.
Мінез - адам бойындағы ұлы байлық, асыл қасиет, адам болмысы, бітімі. Туа қалыптасқан ішкі иірімі, терең құпиясы. Оның сыртқа теуіп шыққан қимыл-қозғалысы, сөз әрекеті, көзге көрінген көрінісі. Әр пенде үлкен табысқа, бақыт-байлыққа, ұлы істерге, биік мәртебеге, жақсы сый-құрметке, береке-бірлікке, жағымды, дұрыс қарым-қатынасқа, арман-тілекке, мақсат-мұратқа, достық байлауға, махаббат жарасымына, жарасымды жанұяға, сүйкімді ұрпаққа жағымды, жақсы, жарасымды, кең пейіл, сұлу мінезімен ғана жете алады.
Мінез - адам баласының бағын ашатын, бақытқа қолын жеткізетін, құрметке бөлейтін, сыйға кенелтетін алтын кілт...
Қазақ "Жақсы мінез - жан көркі" дейді. Осы маржан сөздің астарында марқадай маңыраған, ұласпалы, ұлағатты ой бар. "Өзі жақсы кісіге – мың кісілік орын бар", "Кең болсаң – кем болмайсың", "Жақсы – көпшіл, жаман – кекшіл", "Ақылды бәрін алақанында ұстайды", "Мінезді адам – мінсіз адам", "Адам бәрін мінезден табады", "Адам мінезінен танылады" деген сөз тіркестеріндегі ұлан ғайыр ой жолдарында нардай-нардай жоталы ұғымдар жатыр. Адам мінезін танып, тауып айтқан тарыдай сөзде таудай наным жатыр. Жарым ырысты, сұлу тынысты жақсы сөз жатыр...
Сөз ғана жатқан жоқ.
Әділ баға жатыр. Расында, жақсы мінезді адамнан ешкім де ,теріс айналмайды. Бет бұрмайды, қайта оны үлкен болса сыйлайды, кіші болса – құрметтейді. Оның мінезіне де, біліміне де сүйсінеді. Жақсы мінезді адамды дүйім жұрт мақтап, жақтап, қолдап, қуаттап, қорғап, қолпаштап, марапаттап, солардың мінезін айтып, өзі де мақтанып жүреді. Ылғи да соларға еліктеп, үлгі көріп, өнеге алып жүреді...
Иә, көптің құрметі, жұрттың сыйы – бағасыз байлық болмақ. Дүйім жұрт ішінде беделді болудан, сыйлы- құрметті болудан артық қандай бақыт болмақ. Қандай береке-бірлік болмақ.
Қазақ жағымды мінезді адамды бағзы заманнан-ақ қастерлеп келді. Әлпештеп, төбесіне көтерді, үлгі етті, өнеге тұтты, ұрпақтарына айтып, тәрбие берді. Отбасы тәрбиесі – тәрбиенің анасы. Отбасында жақсы тәрбие алған бала – қоғамның сарасы. Қазақта соған орай туған "Мінезді адам екен", "сырбаз екен", "кең пейілді, дарқан мінезді", "мінезі төр жайлаудай", "жаны тұнық, жарқын жүзді – перизат", "ішіне кеме жүзеді", "алтын адам", "гүлдей нәзік жан", "сыпайы сылық жан", "көңілі көлдей шалқиды", "жылы жүректі", "ыстық ықыласты", "мөлдір сезімді", "мінезі жібектей", "майда мінез, сылық сөз", "түсі жылыдан түңілме", "иман жүзді", "көзі ашық, көкірегі ояу", "арлы, адамгершілікті азамат", "дала мінезді", "күн көңілді", "шуақ сезімді", "бүкпесіз азамат", "ел ағасы", "ел анасы", "жұрт атасы" деген сөз тіркестерінің тігісінде түйедей-түйедей мінезді ойлар шөгіп жатыр. Ардан туған, арман қуған асыл азаматтар мен айдай арулардың, айна көлдей жарқыраған, сымбатты мінездері көңілге қонады, көзге ұя басады.
Бұл не?
Бұл - жақсы адамның жағымды мінезі, сыр сымбаты, оған дүйім жұрттың бағасы, алқап айтқан алтын сөзі. Көп алқаған, жұрт сүйген адамның, азаматтың, арудың, ананың, атаның, баланың ғұмыр жасы ұзақ, денсаулығы мықты, білімі күшті, білікті болары, болашаққа өлмей жетері хақ.
Ал мінезі тарпаң, көңілі қартаң, шәркез-шарқая, ішіне құрық бойламас, қулығына сырық салдырмас әлде біреулердің көзі адырайып, мінезі шадырайып, тебеген биедей одырайып тұрады. Тиіп кетсе, сызып кетеді. Ашуы ұстараның жүзіндей қылпылдап тұрады. Айналасын жайпап, сүзеген сиырдай шайқап, жанына жан жуытпайды. Іргесіне ел қондырмайды, мұндай мінездегі адам еш табысқа қолы жетпейді. Жұрттың сөгісіне, елдің табасына қалады...
Адам баласы басына пәлені бірінші - мінезден, екінші - тілден, үшінші - әрекеттен табады. Күнәға да содан батады. Қазақта "Басқа пәле – тілден, жаман ойы, жаман сөзі – ділден", "көкдолы", "шарқая", "арамза", "екібеткей", "батқа", "имансыз", "арсыз", "ұятсыз", "опасыз", "кісіліктен дырдай, адамдықтан жұрдай", "зымиян", "әккі", "жылпос", "түкпіш", "қорс етпе", "қырсық", "қыңыр", "қызғаншақ", "бұлданшақ", "шамданшақ", "тырысқақ" тағы басқа деп келетін сөз тіркестерінің бәрін де шадыр мінезді, шарқая адамның табиғатына байланған ішкі жан тыныстарын ашатын ұғымдар жатыр.
Расында, мінезі жаман адам мынау аз өмірде, қысқа ғұмырда, келте тірлікте, талай кесапат, кесірге ұшырайды. Мінезі қырсық адамның жұмысы да қырсығады, оңына айналмайды. Ілгері басқалы тұрған ісі де ,кері айналады. Адамның бар ісі пиғылына, пейіліне, мінезіне, көңіліне байланысты болады. Мінезі қырсық адамның ақылы шолақ, ісі олақ болады. Жоқтан өзгеге өкпелейді, кір арзымас нәрсеге ренжиді. Қарадай бұлданады, шамданбасқа шамданады. Сөйтіп шамырқанып жүріп, ілгерілегелі тұрған ісін бүлдіреді. Өзі ғана ренжіп қалмай, қарсысындағы адамды, жан-жағындағы жақын жанашырларын да ренжітеді, өкпелетеді. Сонымен бәрі сәтсіз болып шығады.
Мінездің жамандығы – надандық.
Надандық – қараңғылық.
Қараңғылық – кім-кімді де адастырады.
Иә, аурудың көбі – жаман мінезден жабысады. Күмән-күдіктен өмір қысқарады. Ондай адам өмірден тез торығады, тіршіліктен тез суиды. Аз өмірде бір ысып, бір суып жүріп, күйгелектеніп тіршілік кешіреді. Бағалы, бақытты өмірдің, қымбат тіршіліктің бағасын сондай қыңыр мінез кетіреді.
Ал адам баласы жамандықтан аулақ болуы үшін жақсы мінезде өмір сүре білуі керек. Жайраң қаққан жамалды мінезді адамның дидары бал-бұл жанып, дидарынан нұр тамып тұрады. Аса ажарлы көрінеді. Көзі күндей күледі, көңілі күндей шуақтанады. Бойы жеп-жеңіл болады. Кәдімгі қанаты бар ұшатын құс секілді сезінеді, сері жүреді, сергек сезінеді, сұлу сөйлейді.
Қуаныш – жүректің ажары. Күлкі – жанның ләззаты. Сезім – өмірдің қанаты. Ақыл – адамның абыройы. Серілік – көңілдің көлі. Өнер-ғылым – адамның беделі. Ұрпақ – ізі. Жолдасы – сүйеніші. Панасы – ордасы. Адамның бүкіл мінезі осындай өзін қоршаған сан алуан, сан сала қатынас қасиетті нәрселерден қалыптасады. Осының бәрі орталық миға әсер етеді. Мінезді өзгертеді. Ақылды адам бәрін дұрыс ретке келтіріп, қалыпты өмір сүреді.
Қуаныш – адамды шаттыққа кенелтеді. Байлық,мансап – асқақтыққа, бақытқа бастайды. Өнер-ғылым, білім, еңбек жемісі – адамды өмір бойы тер төктіреді, шынықтырады. Бір адам жөнінен алып айтқанда өмір бойы көңілді болып өту мүмкін емес. Бір нәрседен қуанады, бір нәрседен ашуланады, бірде жылайды, бірде күледі. Зарығады, торығады, түңіледі. Тіпті түршігеді, өлімді күнді де ойлайды. Бірақ осының ем-дауасы – ақыл мен сабыр, білім мен өнер, ар мен иман, кісілік...
Қазақ "Ашу деген – ағын су, Алдын ашсаң – арқырар. Алдын тоссаң – тоқырар", "Ашудың арыстанын ақылдың ақ беренімен атып ал" дейді. Ашуды ақыл жеңеді. Ақыл сабырға тоқтайды. Бәрінен айырылсаң да, ақыл мен сабырдан айырылма. Сабыр мен ақыл тары- дай болса да ,таудай ашуды көтереді. Ал ашу он сегіз мың ғаламды бүлдіреді.
Қазақта "Қасы жаман қасындағы досын аңдиды" деген мақал бар. Мінезі жаман, надан адам қасындағы досымен күндес болады, жолдасынан қызғанады, онымен алысып-жұлысып, күндесіп-жүндесіп, өкпелесіп өтеді. Бұл – жетесіздік. Ұршық айналмайтын надандық. Басына көк шеге қақса түсінбейтін бітеу бастық, арысы арсыздық.
Жетесіз адамдар ояуында ғана емес, түсінде де басқалармен тіресіп, дауласып-жауласып жүреді. Атам қазақ "Жақсы – ісіне сенеді, жаман – түсіне сенеді" дейді. "Көргенді-көргенсіз" дейді.
Бұл не?
Бұл – мінез.
Сын-сипат, тіршілік деген – жанталасу, жан бағу, күресу, озбырланып озу, басқалардың алдында жүру, жол бермеу, өзін зор, басқаны қор санау. Әйтеуір, дес бермеу деп түсінетін адамдар бәлкім осыдан да ләззат алатын шығар. Бұл – өзімшілдік. Өзгені ойламау, басқаға жаны ашымау, қадірлемеу, сыйламау, құрметтемеу. Өзінен басқаға жол бермеу. Мұның арысы – тексіздік, ақылсыздық, дәрменсіздік, көргенсіздік. Оның кеудесінде қызғаныштың қызыл түлкісі ұялап жатады. Басы күмәннан, көзі тұманнан ашылмайды. Жарық әлемде жүрсе де, басы мен кеудесі қараңғы болған соң, қараңғы дүниеде өмір өткізіп жатқанмен бірдей болады. Ызбарлы жүректе сұп-суық сезім, мұздай ой түнеп жатады. Сезі- мі қаңтардай суық, ақпандай шыңылтыр келеді. Мұны қазақ "суық мінезді", "түсі суық жан екен" дейді.
Жә, дүниені бүлдіретін де, елді күйдіретін де "өсек сөз", "буаз ғайбат". Өсек жүрген жерде мінез бұзылады. Жақсы адам да ,жан жылылығынан айырылады. Күмән қаптайды, өсек көбейеді. Адамдар бір-бірімен алакөз болады. Өсек берекені алады, ақылды аздыра- ды, арды шаршатады.
Жаман сөз – сұр жылан. Ойды жегідей жейді. Сезімді кеміреді. Қазақта "Ешкілі ауыл – өреген, қызды ауыл – өсеген", "Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді" дейді. Расында, өсек пен ғайбат жүрген жерде күнә жүреді. Берекесіздік ілеседі, жамандық орнығады. Жүрекке ін салады, көңілден көр қазады.
Ақылды, жетелі, арлы, адамгершілікті, адал адамдар өсек айтпайды. Айтылған сөз атылған оқ деп қарайды. Қазақта "Жолбарыс ізінен, жігіт сөзінен қайтпайды" деген тәмсіл бар. Олар бәрін өз санасымен таразылайды, өз көзімен безбендейді. Ақыл саңылауынан өткі- зеді. Жеңілтектік істемейді. Дұрыс-бұрысын айырып, тура қорытынды шығарады. Он өлшейді, бір пішеді. Сан ойлайды, сапалы сараптайды. Обал-сауабын айырады. Міне, нағыз ақылды адамның көргенді, жетелі кісінің мінезі, өмір ұстанымы дәл осылай болады.
Атам қазақ сан мен сапа туралы да түйінді сөз түйе білген. "Мың күнгі қараңғылықтан бір күнгі жарық артық", "Жаманның мың күнінен жақсының бір күні артық", "Қиялап ұшып құз басына қыран да шығады, өрмелеп жүріп жылан да шығады", "Жақсының бір күні жаманның өтіп кеткен мың күніндей" дейді. Бұл білген адамға түсінікті. Қазақ "Көп сөз – көмір, аз сөз – ал- тын" дейді. Көжедей көпіріп, көбікті сөзді көп айтуды ұнатпайды. Алтындай жарқыратып, аз сөзбен айтқан ұғымды сөзді ұнатады. Он сегіз мың ғаламды тарының қауызына сыйғызған тәрізді тарыдай сөзге таудай ұғым ұялата айту тек хас шебердің қолынан келеді.
Сөз демекші.
Сөз – адам мінезінің айнасы. Жан құпиясының көрінісі. Атты жүрісінен, адамды сөзінен таниды. Қазақта "Жаманның өзі емес – сөзі тең", "Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ" деп сөз еркіндігін береді. Кімнің болса да сөзін оң құлақпен есту, сөзге құрмет ету даналардың, білімді адамның ісі. "Басқа пәле – тілден» деп қызыл шоқты тілден дүйім халық ортасына өрт кетіріп алмау үшін абайлап та сөйлейді...
Адамның мінезі жас шағынан бастап қартайғанға дейін тоқсан тоғыз түлейді, тоқсан тоғыз өзгереді, тоқсан тоғыз жол басып қалыптасады. "Мінез мінәжаты", "мінез сыры" дегеніміз осы.
Жа, бәрі де дұрыс, қоғамдық өреде айтылған сөздің бәрінде өзіндік ой, өзіндік дәлел, өзіндік сыр, өзіндік негіз бар. Себеп-салдар бар. Салысытырып айтып, жарыстырып жазып, түгінен бүгіне дейін қазбалаудың қажеті жоқ. Ата-баба салған сара жолмен жүріп, ұрпақ өсіру, өрен тәрбиелеу – ең маңызды міндет. Ең жақсы жол. Ел жаңа, жер жаңа, заман жаңа, қоғам жаңа, өмір жаңа, ғылым-өнер жаңа. Қазір бәрі жаңалыққа толып сықап тұр. Жастар көне мінезді тарих ретінде оқысақ болды, ол бүгінге жарамайды деп, қабылдамайды. Бағзы заманғы тарих деп қана түсінеді.
Иә, расында заман өзгерді, қоғам өзгерді, ұрпақ өзгерді, ғылым-өнер өзгерді, құлақ естігенді түгел көз көрді. Бірақ бұрынғы өткен ата-бабаларымыздың ірі-іргелі мінезі, өрелі өнері, ісмер іскерлігі, жойқын жомарттығы, даладай дарқандығы, көріпкел әулиелігі, күндей нұрлы көңілі, тас жарып аққан бұлақтай мөлдір шешендігі, қайырымдылығы, жанашырлығы, батырлығы, балуандығы, сарқылмайтын сабыры, беріктігі, береке бірлігі, имандылығы, ыждаһаттылығы, дара даналығы, мәйекті мәдениеті, толғақты толғамы, теңіздей терең ойлылығы, тапқыштығы, тарлан таланты, пейіштей пейілі, қырандай қиялы, адалдығы, ұлылығы, бесік алақаны, құтты құшағы, бал әуезді бесік жыры, ат шаптырым, қоян жон дала, ақ дастарқаны қайда қалады?
Қыздарымыздың нәзік жаны, ибалы иманы, әдебі, уыздай ұйыған ұяңдығы, сылқым мінезі, ерке-назды сезімі, айдай дидары, мөп-мөлдір махаббаты, тап-таза пәк сезімі, бұзылмаған қаны, терең құпия жаны қайда қалады?
Міне, осының бәрі өткен ата-бабаларымызда қанды, генді, текті қуып, жеті атадан жетектеп, бір-біріне жетіп, тәрбиелеп келген өнегесі емес пе?
Оны тарих деп қою, ескі мінез деп тастау дұрыс па?
Қазіргі жұқпа мінезді адамдар айналасынлағы адамдармен рухани қарым-қатынас жасаудан көрі, заттық қарым-қатынас жасауды жақсы көреді. Рухани мәдениет алмасудан көрі, заттық алым-берім алмасуды ұнатады. Адамдардың жанын бағаламай, қабын бағалайды. Ішкі сырына емес, сыртқы сымбатына назар аударады. Затына емес, атына қарайды. Сөйтіп рухты табалайды, затты бағалайды...
Арсыз адам ақша көрсе ақылдан айырылады. Ақшаны абыройға санайды, байлыққа балайды, тіпті асқақтап кетеді. Осы күндері "Ақшалы адам – ағай, ақшасыз кісі – малай" деген жаңа мақал туып еді, ол да сақалын көрсетіп қалды. Ірі мінез ұсақ мінезге ауысты. Ұлықтарға құлдай иледі, байларға құрдай жорғалайды. Ақшаны жанындай жақсы көреді. Затты бақытына балайды, бауырына басады.
Бұл не?
Бұл – мінез.
Бұл – қоғамдық жалпылама мінез. Бұрынғы өткен ата-бабаларымыз бір-біріне жолыққанда "Ассалаума- ғалейкум", "Отбасы аман ба?" "Бала-шаға аман ба?", "Ел-жұрт тыныш па?"деп сұрайтын-ды. Ал қазір, бір-біріне жолыққан адамдар "Үй бар ма, машина бар ма?" "Ақша бар ма?" "Мәртебең өсті ме?" деп амандасатын болды.
Бұл не?
Бұл – мінез.
Иә, солай. Жаңа заман адамдарын сөгуге келмейді. Өйткені, мінез тұмау секілді микроп, вирус. Ол тез жұғады және тез тарайды. Барлық нәрсе, барлық тіршілік зат пен ақшаға байланып тұрса, оған не шара? Байлық жарыстыру – бақталасу, байлығына қарай араласу, жоқты көзге ілмеу. Дәл қазіргі қоғамдық жоқпа мінез.
Бұл не?
Бұл – мінез.
Мінез болғанда да , уақыт өзгеріткен мінез. Заттық мәдениетке байланған , рухани дүниеден қол үзген, салтанатқа иек артқан жетесіз мінез.
Тағы ары қарай айтар бар.
Күн санап, ай санап, жыл жылыстап ұшқан құстай дамып отырған ғылым-техника, заттық мәдениет адамдар санасына орасан зор дәрежеде әсер етті. Күшті ықпал жасады. Мінездерін өзгертті. Атом-микро ғасырынан күрделі электрондық нәзік аспаптар ғасырына өттік. Әлем дүниесінде өндіріліп жатқан не ғажайып тұтыну бұйымдары экономиканың қарыштап тез дамуын жүзеге асырды.
Мәдениеттің де нәзік тұстарын иіріп әкетіп аспанға шығарды. Өндіргіш күштер тез қарқын алып дамыды. Әуелі ұлттар мен ұлыстар ара, мемлекеттер мен мемлекеттер ара халықаралық деңгейде хабарласу қатынасу құралдарының дамуында орасан жоғары техникалық көрсеткіштер барлыққа келді. әсіресе қолфондармен қасқағымда мағрупта отырып, мәшрухпен сөйлесетін күйге жеттік. Ғарышта отырып, жердегі теңгедей хатты оқи- тын күйге келдік. Бейнелік тасымалдар қас-қағымда бір құрлықтан бір құрлыққа, бір қаладан бір қалаға екінің бірінің қолында жүрген қолфондар арқылы көшіріліп жатты. Ал сіз ,ойлаған жеріңізге діттеген уақытыңызда үлгеріп барасыз. Бәлкім, болашақ бұдан да керемет болар. Қатынас құралы хабарласу құралының жылдамдығына өтетін кез де жетер.
Әйт дегенде тәйт деп оған да барармыз. Тұтас жаһан, күллі адамзат осындай заттық техникалық мәдениеттің көмегіне жүгінді. Тіпті жанұядағы күнделікті күнбе-күндік тұрмыстық бұйымдарымыздың өзі техникалық электрондық тетіктермен басқаратын жүйеге өтті. Осындай тасқындап кірген бөгеу бермес ғылым техниканың заттық мәдениеттің қажеттері адамдарды ақшаға және ғылымға мұқтаж етті-ау.
Енді мінез өзгермей қайдан тұрсын.
Иә, солай да солай.
Солай болмасқа да шара жоқ. Жұмыр жер бетіндегі жұмыр басты пенденің бәрі дәуірдің ағымына ілесіп өмір сүреді. Дәуірге бағымды болады. Өйткені адам – дәуірдің туындысы. "Заманына қарай күлкісі, тоғайына қарай түлкісі" деген тәрізді тұрмысына қарай тұмсы- ғын созады...
Жә, басқаны доғара тұрып, мына бір ащы шындыққа жүгінейік. Жастар айтса айтқандай. Бұрын бес жыл жоғары оқу орнын озат бітіріп «қызыл диплом» алса болды, сол алған білімімен өмір бойы қызмет етеді, демалысқа пенсияға шығады. Басқа жақтан білім іздеп үйренбейді. Бес жылдық білім бір өмір нан тауып жеуіне жетеді. Бір диплом бір отбасын бағушы еді.
Ал қазір ше?
Олай емес. Бес жылдық оқу өз алдына, бес жылға жарайды. Тіпті шындаса бір жылға жарайды.
Неге?
Мынау электрондық ерекше даму бес жылда бес ғасырлық, бес айда бес жылдық күрделі техникалық өзгерістерді әкеліп отыр. Әлем еліндегі бар жаңалық базарға салынып отыр. Қоғамның әр мүшесі тек қана өзі тұтынатын қарақан басының қамы үшін де сағат сайын, сәт сайын тынбай үйреніп отыруы керек. Әр жаңалықты жатсынбай қабылдап отыруы керек.
Жаңа техника- ларды игеріп отыру керек. Басқаны қой, тек үйдегі үй мүлкіне арналған тұрмыс бұйымдарын игерудің өзі оңай емес. Бұл бәрімізге түсінікті жай. Ғылым техниканың жойқын тасқынында көміліп қалып, көз аша алмай отырсаң, қоғамдық ортада өмір сүрудің өзі де қиын. Арман мақсатты орындау былай тұрсын, қара жұмысқа қатынасып, нан тауып жеу де оңайға соқпайды.
Иә, міне, дамыған ғасыр. Бірақ, адам игергенді адам игереді. Адам жасағанды адам жасайды. Біреудікіне қызықпа, қызықсаң одан артық етіп жасап ал. Бәрі қолыңнан келеді. Оны сенің құлшынуың біледі. Жұқпа мінез кәсіптік мінезге айналды. Адамдардың досы – компьютер. Құлағы, көзі, тілі, сезімі, ойы, арманы, мәдениеті, ғылымы, арысы махаббаты – компьютер.
Бұл не?
Бұл тағы да мінез.
Тағы да заттық мәдениет, көңілді жаулап алған заттық негіз, техникалық парыз үлкен экономикалық көзқарасты тудырды. Заттық байлыққа бағымды болған адамдар адамдардың ішкі дүниесін білгісі келмейді де. Арттағыны қойып, алдыға ілсе алмай жүрсек не істейміз деп дал болатындары да бар. Байлық үшін барлығын базарға салып, қарбалас жүрген әлдебіреуден ата- бабаның салтын сұраудың өзі де ұят...
Өндіргіш күші дамыған елдер сан алуан техникаларды базарға салды. Пайдаға белшесінен батты. Бірақ олар тарихынан, тілінен, ділінен, дінінен, салт-дәстүрінен кеткен жоқ. Заттық мәдениет пен рухани мәдениетті құстың қос қанатындай пайдаланып дамыған үстіне дамыды, өркендеген үстіне өркендеді.
Біз ата-баба мінезін байлыққа балап, қордалыққа санап, экономика мен ғылымды осылардың пайдасына шешсек, бақытты боламыз, әрі қазақы мінезімізде қала береміз. Салтымыз да, дәстүріміз де бұзылмайды.
Аттан жығылсақ та, салттан жығылмайық.
Болат Бопайұлы
другие статьи
-
Более 25 тысяч жамбылцев изучают казахский язык онлайн
13 апреля, 21:31 -
Абай ілімі және бүгінгі қазақ философиясы
31 мая, 22:39 -
Наурыз - праздник весны и изобилия
2 декабря, 23:47 -
В праздник Наурыз в эфир цифрового вещания выйдет телеканал «Туркестан»
29 декабря, 21:17 -
«ӘЛІППЕНІҢ» ӘЛЕГІ
6 августа, 21:09