Новости и объявления
«Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы»
15 октября, 12:55Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының 2020 жылғы 14 қазан күнгі ұйымдастырған өзге ұлт жастары арасындағы республикалық онлайн байқау осылай деп аталады.
Бұған дейін үш жыл қатарынан «Тілдарын» байқауы деп аталған бұл сайыс биылдан бастап «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» республикалық байқауы аталып ауқымын кеңейтіп отыр.
Қатысушыларды құттықтаған Комитет төрағасы Әділбек Қаба шараның маңызына тоқталды: «Мемлекеттік тіл саясатына орай тіл үйренуге, тілді қолдануға барлық жағдай жасалып жатыр. Мектеп пен жоғары оқу орындары ғана емес, кәмелетке толған әрбір қазақстандықтың тіл меңгеруі үшін арнайы оқыту орталықтары жұмыс жасайды. Бір тіл үйренген адам жаңа бір әлем ашады деген әдемі түсінік бар, Сіздер байқауға қатысу арқылы көрер көкжиектеріңізді кеңейтіп отырсыздар, жаңағы айтылған ұғым тұрғысынан кегенде бұл әрекеттеріңізді ерлік деп бағалауға болады. Бұл – мемлекеттік тілдің әлеуметтік мәртебесін жоғарылату ісіне, мемлекеттік тілді рухани-мәдени құндылық ретінде дәріптеуге қосқан үлесіңіз. Тіл – жалықпай үйренген жастың жүрегіне құйылатын нұр, олардың болашақ өмірінің Темірқазығы. Көбіңіз осы қасиетіңіздің арқасында ел игілігі жолында әртүрлі жауапты қызмет атқарып келесіз».
Ақпараттың, интеллектуалдық өнім мен идеялардың еркін қозғалысы жаһандану факторларының бірі болып табылады. Оларды өркендетуде тіл байланыс құралына айналады және жаһандану барысындағы тілдердің трансформациялануына жол ашады.
Қазақ тілінің жаһандану кезіндегі рөлін күшейтудің негізгі шарттарының бірі – өзге ұлт жастары арасында қазақ тілінің қолданыс ролін кеңейту. Осы мақсатта ұйымдастырылған онлайн-додаға еліміздің 14 облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан 21-35 жас аралығындағы облыстық және қалалық іріктеу кезеңдерінің 17 жеңімпазы қатысты.
Үміткерлердің тілді меңгеру деңгейі, жауаптың мазмұндылығы мен ерекшелігі, қазақ тілінде таза сөйлеуін бағалайтын қазылар алқасының құрамы кілең «сен тұр, мен атайын» танымал тұлғалардан тұрады. Олар: «Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры» директоры ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Азат Шәуеев, Назарбаев Университетінің ассисент-профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жазира Ағабекова, Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты басқармасы басшысы, Нұр Отан партиясы бюросы мүшесі, саясаттану ғылымдарының Phd докторы Дәулет Кәрібек, Жастар театрының актері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, көрерменге көптеген кинофильмдердегі басты кейіпкерлері арқылы жақсы таныс Дәурен Серғазин, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің басшысы Николай Путилин.
Республикалық байқау екі кезеңнен тұрды.
Алғашқысы кезең алдын ала жіберілген қатысушылардың өзі туралы 3 минуттан аспайтын мемлекеттік тілдегі бейнематериалдан тұрса, келесі бөлігінде сонша уақыт ішінде қазақ елінің тарихы мен ұлы тұлғалары, қазақ жері және оның аймақтары жөніндегі экрандағы ұяшықтарда көрсетілген тақырыпта ой тербеуі қажет.
Қазылар алқасының қызу талқылауынан кейін бәйгенің Бас жүлдесі Орал қаласы №26 жалпы орта білім беретін мектебінің бастауыш буынның қазақ тілі пәні мұғалімі Ирина Александровна Суетинаның қанжығасына байланды. Бірінші орынға Шымкент қаласы №3 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Роман Александрович Письменский лайықты деп танылды. Екінші орынды Қостанай облыстық Полиция департаменті, ақпарат және байланыс басқармасының инженері, полиция аға лейтенанты Кира Александровна Гартман жеңіп алды. Үшінші орынды Қызылорда облысы Жалағаш ауданы №31 мектеп-гимназиясы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Алита Сергеевна Бондаренко мен Атырау облысы Махамбет ауданы, Талдыкөл ауылы, Талдыкөл орта мектебінің «Сәндік қолданбалы өнер» үйірме жетекшісі Асемгул Александровна Таяпова бөлісті.
Алматы қаласы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2-курс магистранты Галина Сергеевна Дураченко, Алматы облысы Қаратал ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Альбина Борисовна Мироновалар ынталандыру сыйлығына ие болды.
Жеңімпаздар арнаулы Диплом, алғысхат және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Байқауды ұйымдастырушылар атап көрсеткендей, кең байтақ Отанымызда бір шаңырақ астында тұрып жатқан әрбір қазақстандық мемлекеттік тілде сөйлеп, жаза алса – бүкіл әлемге қазақ тілінің кең құлашты әлеуетін таныта алғанымыз. Сонда ғана күнделікті өмірде қазақ тілінде сөйлесу мәдениеттілік пен зиялылықтың белгісі болып қабылданып, жастар арасында жоғары мәнге ие болады; ата-бабадан мирас қасиетті тілге жасаған нағыз қамқорлығымыздың жарқын көрінісі деген осы.
Байқауға қатысушылар осы ойға тастүйін боп бекіп тарасты.
Abai.kz
другие статьи
-
Слово «Намыс»/ материал к 11 уроку
2 декабря, 23:29 -
ЛЮБИТЕ МУЗЫКУ? / МУЗЫКАНЫ ЖАҚСЫ КӨРЕСІЗ БЕ?
7 сентября, 20:08 -
«Слова назидания» Абая переведены на узбекский язык
3 ноября, 10:56 -
Как интегрировать языки в школьные предметы: исследование докторанта НУ
12 сентября, 19:34 -
Опубликован список грантов на 2020-2021 учебный год
25 мая, 20:04 -
«Қыз Жібек» фильмі туралы 20 қызық дерек
17 апреля, 22:30