Новости и объявления
Qazaqsha Jaz қозғалысы 70-тен астам компанияның қазақшалануына әсер еткен
20 октября, 12:36
«Burger King, Samsung, LG, Pepsi, Aviatа компаниялары қазақ тілінде жазуға ерекше ықылас білдірген…» Qazaqsha Jaz белсендісі Әлия САРИМЕН қозғалыстың жетістіктері жайлы әңгімелескен едік.
Qazaqsha Jaz жобасының идеясы қалай пайда болды? Қай уақыттан бастап іске кірістіңіздер?
Қазақтілді тұтынушының тауар, қызмет жайлы қазақша ақпарат алу құқығын қорғайтын қозғалыс құру қажеті бұрыннан бар еді. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл екеніне, еліміздің 70-80%-ы қазақ тілін білетініне қарамастан, желіде қазақша ақпарат беретін компания өте аз болды. Осы жағдайды өз қолымызға алып, Qazaqsha Jaz қозғалысын құрдық. Қозғалыстың іргетасын қалаған Жалғас Ертай болды.
Неге дәл осы бағытты таңдадыңыздар?
Зерттеуге сүйенсек, карантин кезінде онлайн-қозғалыстың қарқыны күшейді, жергілікті патриотизм артты, адам желіде көп уақытын өткізе бастады, онлайн-тапсырыс жүйесі дамыды. Осы үрдістер қозғалыстың бірінші күннен-ақ ауқымды, жемісті болуына әсер етті деп ойлаймын.
Қозғалыс белсенділерінің негізгі портреті қандай?
Инстаграм парақшамыздың статистикасына сүйенсек, оқырманымыздың көбі 18-35 жас аралығында, 53%-ы әйел, 47%-ы ер адамдар. Qazaqsha Jaz белсендісінің жинақтаушы бейнесін құрасақ, ол еркін ойлайтын, қоршаған ортасына жағымды өзгерістер әкелуге дайын, табанды, сауатты, мәдениетті қала тұрғыны. Саусағынан өнер тамған, әзілқой, ұйқасшыл белсенділер де баршылық.
Осы уақытқа дейін қанша компанияның қазақша жазуына әсер ете алдыңыздар?
Qazaqsha Jaz шілдеде ашылып, қысқа уақытта 70-тен астам компанияның қазақшалануына әсер етті. Оның 50 шақтысын тербеуге алсақ (тербеу – нысан парақшасына барып қазақша ақпарат сұрау — QA), қалғаны өз еркімен қазақша, орысша ақпарат береді. Инстаграм парақшамызда осы компанияларды белгілеп, пост жазып қолдаймыз. Ең ерекше ықылас білдірген компаниялар: Burger King, Samsung, LG, Pepsi, Aviata. Постта қазақша мәтінді бірінші жазып, bio-ға, суретіне қазақша ақпарат қосты, тіпті тікелей эфир, сторис, бейнежазбасы екі тілде. Бізді қолдайтын бейкоммерциялық компанияларды ерекше қадірлейміз. Мысалы, Recycle Birge Qaz – экологиялық қозғалыстың толық қазақша парақшасы.
Сіздердің өтініштеріңізге қарсылық білдіріп, қазақ тілінде ақпарат беруден бас тартқан компаниялар болды ма? Болған жағдайда қандай әрекет жасайсыздар?
Әрине, бірі өтінішімізді байқамайтын, екі тілде де жазуға уәде беріп, уақыт созатын компаниялар да бар, бірақ оның саны аз. Біздің әдісіміз – сыпайылық пен табандылық. Тербеген компания құлақ салмаса, келесі нысанға көшеміз, бірақ бір айналып, қайта тербейміз. Біздің тағы бір жемісті әдісіміз – компания өкіліне өтініш жазу. Біз онымен сәлемдесіп, мәселені ашып, бізбен тікелей байланысқа шығуын, қолынан келген көмегін беруін сұраймыз. QJ қозғалысының мақсаты – бизнеске зиян келтіру емес, тек тұтынушы ретінде қазақша ақпарат болуын сұрау.
Бұл жоба әлеуметтік желіде ғана емес, жалпы қазақша қызмет көрсетуді талап ететін үлкен қозғалысқа айналуы мүмкін бе?
Қазір оның қажеті жоқ, желідегі қозғалыс болып қаламыз. Біздің мақсатымыз – барлық ірі, қолымыздан келсе орта, кіші компанияның да желіде екі тілде ақпарат беруі. Қазіргі әрекетіміз Инстаграм, Фейсбук, Вконтакте, Твиттер желілеріне бағытталған. Kaspi.kz қосымшасына қазақша интерфейс қосуына да ықпал етіп, белсенділік танытып жүрміз.
Дереккөз: qadam.asia
другие статьи
-
Грамматика казахского языка в таблицах и схемах
28 марта, 4:54 -
Один из самых высоких флагштоков в Казахстане открыли в Атырау
30 декабря, 20:50 -
БАЙҚАУҒА ҚАТЫСЫҢЫЗ, ЖАС ТАЛАПКЕР!
19 августа, 15:50 -
ЖЫЛ МЕЗГІЛДЕРІ / ВРЕМЕНА ГОДА
4 апреля, 2:59 -
Cерікбол Қондыбай. Қазақтың латындық әліпбиі жөнінде
3 июня, 11:25