Слабовидящим
Поиск

Полезно знать

КИЕЛІ КИІЗ ҮЙ

22 октября, 17:52

Киіз үй - қазақ халқының бір шегесіз жиналып, бір шегесіз құрылатын, қыста жылы, жазда салқын, көшіп-қонуға ыңғайлы тұрмыстық үй.

Киіз үйдің қазақ өмірі мен әлеуметтік жағдайына үйлесімдігі сондай, оны үлкейтіп, кішірейтіп, тіпті бір-біріне қосып, екі-үш бөлмелі етіп тігуге де болады. 

Туырлықтан жазда ыстық, қыста суық, жауында су өтпейді. Кейде қыстан киіз үймен шығатын қазақтар туырлықты екі қабат етіп жабады. Үй іргесін шөппен бітеп, айналасын қамыспен шалылап қоралайды. Көбінесе қопалы, қамысты жерді паналайтындықтан, жел де көп болмайды. 

Міне, осындай үйде ел даңқын асырып, намысты қолдан бермеген данышпандарымыз бен батырларымыз туып, өскендігін мақтанышпен айтуға болады. 

Әрқашан қоныс аударғанда таза жерге тігілген үйдің саф ауасы аспан, жер, сумен астасып, қасиетті қара шаңырақтың киесі, мүмкін, осындай ұлылардың көкірегіне нұрлы сәулесін құйған болар.


Киіз үй атаулары: 

Абылайша. Керегесіз, уықтан тігілген шағын киіз үй.

Ақ шаңқан үй. Сүттей ақ, аппақ киіз үй.

Ақтағыр. Екі қанатты, екі үзікпен жабылатын шағын киіз үй.

Жаппа. Керегесіз, киізбен жабылған баспана.

Жолым үй. Уыққа киіз жауып, уақытша тігілген шошақ үй.

Қара құрым үй. Киізінің тозығы жеткен, ескі үй.

Қара үй. Киіз үйді кейбір жерде қара үй деп атайды.

Қараша үй. Қоңыр түсті, жыртық, тесік, ескі үй.

Орда. Еңселі, салтанатты киіз үй.

Отау. Ұлға енші беріп, бөлек шығарған киіз үй.

Тоңқайма. Бірнеше уықпен ғана көтерген киіз үй.

Ұраңқай. Уық тәрізді сидам ағаштардан басын түйістіріп тігілген киіз үй.


Киіз үй жабдықтары:

Сықырлауық - (жарма есік) кереге шеңберін тұйықтап, киіз үйге кіріп - шығатын есік қызметін атқарады. 

Ол табалдырық пен маңдайшадан, қос босағадан және жарма беттерден құралады. Сықырлауық киіз үйдің басқа материялдары сияқты жиналмалы болады. 

Кереге - киіз үйдің негізгі қаңқасын құрайды. Керегенің әр ағашын желі, ал керегелік желінің ең ұзынын - ерісін, қысқалауын - балашық, ең қысқасын - сағанақ деп атайды. 

Керегенің көктеліп біткен әр бөлігін қанат деп атайды. Қанат саны (3 қанаттан бастап 12 қанатқа дейін) үй көлеміне қарай көбейе береді. Керегенің бас санына қарай уық саны азайып, көбейіп отырады. 

Уық - кереге басы мен шаңырақты ұстастыратын ағаш. Ол сәмбі талдан жасалады. Уықтың кереге басына байланатын жағы жалпақтау, имектеу болып келеді, мұны уықтың иіні деп атайды. 

Уықтың жоғары түзу жағын қары, шаңырақ көзіне сұғынатын төрт қырлы ұшын қаламы дейді. Уықтың кереге басына байланатын жағын тесіп, бау өткізеді, оны уық бау дейді.

Шаңырақ - киіз үйдің еңсесін құрап, тұтастырып тұратын күмбез. Оны көбіне тораңғыдан, сом қайыңнан иіп қиюластырады, қоспаларын жылтырауық металмен, күміспен құрсайды. 

Шаңырақтың дөңгелек шеңберін тоғын дейді. Оған уық сұғынатын төрт қырлы көз - қаламдықтар теседі. Түндікті көтеріп тұру үшін және киіз үйдің төбесіне жауын - шашын іркілмеуі үшін 45 градус шамасында айқастыра бекітілген ағаштарды күлдіреуіш деп атайды. 

Киіз үйді тігу үшін ең алдымен ауыл азаматы сықырлауықты құрып ұстап тұрады. Одан соң оң босаға жақтан бастап кереге керіліп байланады. 

Кереге құрып болған соң ауыл азаматының бірі (ер адам болу керек) бақанмен шаңырақты ортаға көтеріп ұстайды. Осы кезде қыз, келіншектер уық шаншып байлай бастайды. 

Киіз үйді тігуге ауылдағы бар жастар ұйымдасқан түрде қатысады. 

Киіз үйдің ішкі баулары Киіз үйдің сүйегін бір-бірімен ұластыру мақсатында бау-құрлар қолданылады. 

Таңғыш - екі керегенің сағанағын (жігін) кіріктіріп таңатын өрнекті жіңішке құр. 

Бас арқан - керегенің басын сыртынан бастыра орап таңатын қыл - арқан. 

Шалма - уықтарды ығып кетпеуі үшін шалмалап байлайтын құр. 

Желбау - өрнекті, төгілме шашақты құр, шаңыраққа үш жерден байланып, керегеге асылады, киіз үйге сәндік жиһаздық сипат береді. Оның негізгі міндеті - дауыл кезінде шаңырақты салмамен басып тұру. 

Басқұр - киіз үйдің ішін безендіру үшін, әр туырлықтың кереге басына үйкелмеу үшін уық пен керегенің түйіскен жерін сыртынан бастырып тағатын, өрнекті жалпақ құр. 

Үзік бау - үзіктің екі жиегінен екі немесе үш жерден айқастыра тартып керегеге байлайтын жалпақ терме бау. 

Белбау - туырлықтың керегеге тығыз жатуы және жел көтеріп кетпеуі үшін сыртынан бастырып буатын қыл арқан. 

Киіз үйдің шилері Кереге мен туырлық арасынан айналдыра тұтылатын шилер туырлықты кереге көгінің жылуынан қорғап, киіз үйдің сырт пішінін жұмырлай түседі.

Түндік - шаңырақты, киіз есікті туырлық шетін бастыра жабылады. Түндіктің төрт бұрышына түндік бау байланады. Түндікті ық жақтан қайырып ашады, әйтпесе жел көтеріп, желпіп кетуі мүмкін.

Әдебиет және өнер музейінің экскурсоводы Зәуреш Тағанбаева.

Бейсенгали Көкей.

другие статьи

Чат-бот
Нашли ошибку?
Нашли ошибку?
Страница
https://corp.soyle.kz/article/view
Ваше имя
Почта или телефон
Пожалуйста опишите вашу проблему или идею
прикрепить файл
отправить
Спасибо за обратную связь!