Слабовидящим
Поиск

Читаем

Киім-кешек атаулары

3 октября, 21:27

СЫРТ КИІМДЕР

Ер адамның сырт киімдері

Аба – киім сыртынан киетін жамылғыш.

Қамзол – жеңсіз жеңіл киім.

Бешпет – тік жағалы, ұзындығы тізерлікке жететін, астарлап тігілген жеңіл киім.

Шалбар (аяққап) – қой терісінен не матадан тігілген, балағы аяқ басына жететін, бұтқа киетін киім. Тігілу үлгілері мен материалдарына байланысты түрі көп. Мысыла: түймелі шалбар, тері шалбар, жарғақ шалбар, елтірі шалбар, қырықпа шалбар, қап шалбар, сырма шалбар, сал шалбар.

Сым – 1. Екі балағына белдіктен төмен, ені екі елідей жіңішке сым тартылып теріден тігілген ертедегі шалбардың бір түрі. 2. Матадан тігілген шалбар.

Сақсыр – тар балақты, жұмсақ материалдан тігілген шалбар.

Кеудеше – жас түйенің иірілген жүнінен не түбіттен тоқылған жағасыз, жеңсіз тоқыма.

Қаттау – қалың кездемеден тігілген кеудеше.

Кебенек – күзем жүнінен сұрыпталып, жаңа басылған киізден бітеу тігілген, боранда, жауын-шашында киетін сырт киім.

Күме – арасына түйе, қой жүнін салып, шүберекпен астарлап, тыстап, сырып тігілген жылы киім.

Жадағай – астарсыз не жұқалап қой жүні салып астарланған жеңіл сырт киім. Далбағай, далбай, жолбай деп те аталады.

Шапан – астарына жүн не мақта салып сырып тігілген не астырсыз сырт киім.

Желең – кең, жеңіл жұқа шапан.

Қара шапан – жібектен өзге матадан тігілген шапан.

Қаптал шапан – жұқа, сырмалы, жағасыз, етек ұзындығы тізеге, кейде одан да төмен түсетін шапан.

Күпсер – қаптал шапанның бір түрі.

Күмпей шапан – арасына түтілген түйе жүні қалың салынып сырылған, сырау аралығы күмпиіп тұратын шапан.

Қималы шапан – қынама шапан.

Шеге шапан – мақұлдасуға келген жаушыға кигізетін шапан.

Шапанша – кішкене жеңіл шапан.

Шекпен – жүннен иіріліп, өрмекпен тоқылған сырт киім.

Бозшекпен – боз түйе жүнінен тоқылып тігілген шекпен.

Биязды шекпен – түйе жүнінен түйін қосып тоқылған шекпен.

Шидем шекпен – түйе жүнінен тоқылып астарланған, сырылып тігілген шекпен.

Има (име) шекпен – биязды жүннен сәндеп тоқылған жеңіл шекпен.

Қаптама шекпен – сырты тысталған қалың киім.

Мая жүн шекпен – мая (түйе) жүнінен тоқылған, жауын-шашында киетін ұзын сырт киім.

Ішік – іш жағына аңның, малдың терісі салынып, сыртқы жағы бағалы матамен тысталған жылы сырт киім. Ішік түрлері: түлкі ішік, қасқыр ішік, күзен ішік, құндыз ішік, бұлғын ішік, жанат ішік, қоян ішік, пұшпақ ішік, зерлі ішік.

Қамқап – қамқа терісінен істелген аса бағалы ішік.

Тайжақы – құлын, тай терісінен иленіп, астарланған, көктемде, күзде киетін ішік.

Тон – иленген қой терісінен, жүнін ішіне қаратып тіккен жылы қалың сырт киім. Тонның түрлері: жабағы тон, бүрмелі тон, қаптал тон, жарғақ тон, былғары тон, тұлып тон, шолақ тон, зерлі тон, қырықпа тон, іштік тон.

Іліктон – құдалыққа барғанда сыйға тартылатын әдемі тон.

Шентон – лауазымдылық киім, мундир.

Оқалы тон – оқа, түйме тағылған, сыйға тартылатын әдемі тон.

Күпі – 1. арасына жүн салып, тысталып тігілген қыстық сырт киім. 2. матамен тысталған тері тон.

Күрте – былғарыдан не арасына мақта салып, матадан тігілген жылы сырт киім.

Сырма – арасына жүн не мақта салып немесе жай сырып тігілген сырт киім.

Мәллә - басқы, диуаналардың ұзын сырт киімі.

Жеңде – бақсылар мен серілердің түрлі түсті кездемені қарап, әшекейлеп тіккен сырт киім.

Шалма – түйе жүнінен не түбіттен тоқылған, мойынға салатын орамал.

Шобыт – ескі-құсқы киімдер.

 

БАТЫРЛАР КИІМІ

Бадана – темір торлы сауыт.

Торғауыт – сауыттың бір түрі.

Аймауыт – жиі торлы сауыт.

Ақкөбе- сауыттың көп түймелі түрі.

Көбе – қалың темір қаптама.

Берен – болаттан жасалған сауыт.

Ақсауыт – берік сымнан көз-көз етіп тоқылған сауыт.

Пыран – сауыттың сәнді және берік түрі.

Дулыға – темірден, жезден жасалған қылыш кеспес, найза, садақ оғы өтпес бас киім.

Жыға – төбесі үшкір, маңдай алды қабақ-қасқа түскен, желке жағына мойынды айнала 1-1,5 қарыстай шынжырлы бау тағылған, соғыста киетін бас киім.

 

БЕЛБЕУЛЕР

Дембет белбеу – күмістелген, күміс жапқан белдік.

Күдері белбеу – жұмсақ иленген бұлан не бұғы терісінен жасалған белдік.

Кісе белбеу – 1. адамның әлеуметтік дәрежесін танытатын сәндік белбеу. 2. қару-жарақ ілінетін белдіктің ең көне түрі.

Кемер белбеу – бетіне алтын не күмістен өрнекті жапсырма бекітілген, ішік, тон, шапан сыртынан буынатын жалпақ сәнді былғары белбеу.

Көнте – қон теріден жасалған қалың, жалпақ белдік.

 

ӘЙЕЛДІҢ СЫРТ КИІМІ

Белдемше – той-думандарда көйлек үстінен киетін сәнді сырт киім үлгідерінің бірі. Той киімі ретінде жаңа түскен келінге да арнап тігіледі.

Келеме – жібектен тігілген, сәнді киер сырт киім.

Кеудеше – кеудеге киетін сырма, жұқа жеңіл киім.

Кәзекей – жеңсіз, жағасы кеңірек ойылған, етегі белден төменірек түсетін, бағалы матадан тігілген жеңіл киім.

Қамзол – көйлек сыртынан киетін жеңсіз не шолақ жең жеңіл сәндік әрі жұмыс киімі.

Кіреуке – алтын тінді зерлі жіппен тігілген, аса қымбатты, сәнді жібек шапан.

Сатипа – жеңіл шолақ сырт киім.

Тізеқап – суықта, аязды күндері екі бұтқа ғана киетін, ауы, ышқары жоқ екі балақ.

Қырмызы тон – қыз-келіншектерге арналып қызыл масатыдан тігілген қаптал шапан.

Қамқа тон – иі қандырылып өңделген жұмсақ қой терісінен, қамқадан, өзге де әдемі аң терісінен жаға салып тігілген, қаусырмамен түймеленетін бағалы киім.

        Қыздар мен әйелдердің өздеріне лайықтап сәндеп тіккен шапандары, шекпендері, тайжақылары, тондары, ішіктері, т.б. сырт киімдері бар. Олардың үлгілері, нақыштары ерлердің сырт киімдернен өзгеше, жатық тігісті, кестелі, зерлі-оқалы, пішімі сыпайы, сәнді келеді.

 

Бас киімдер

Ер адамның бас киімдері

Тақия – кестелеп, сырып тігілген дөңгелек жеңіл бас киім.

Пәс- шашақты биік тақия.

Топы – жан-жағы тік, төбесі жайпақ тақия.

Тебетей- тамық, бөрік ішінен киетін дөңгелек жұқа тақия.

Телпек – төбеге ғана киетін тақия тәрізді бас киім.

Күләпәрә - мауыттан, шұғадан, шидемнен тігілген, басты шаңнан қорғау үшін жазда не жаңбыр мен қардан сақтану үшін, қыста тамықтың сыртынан киетін жеңіл бас киімнің бір түрі.

Бөрік – елтіріден, аң терісінен істелген жиегіне жұрын жүргізген, матамен тысталған, құлақсыз дөңгелек бас киім. Жаздық, қыстық түрлері бар. Жаздығы жеңіл, қыстығы қалың астарлы. Тігілген материалдарымен тігілу үлгілеріне қарай бөріктің атауы көп. Мысалы: жекей бөрік, қама бөрік, құндық бөрік, үкілі бөрік, тік бөрік, шоқты бөрік, нар өркеш бөрік, қазақы бөрік, ноғай бөрік, шеркеш бөрік.

Жапатай – бас киімнің бір түрі.

Құлақшын – аң терісінен, елтіріден тігілген, құлақты жауып тұрар бөлігі бар жылы бас киім.

Малақай – құлақшынның бір түрі.

Қалпақ – ақ қозының кузем жүнінен түбіт араластырылып басқан, жұқа киізден тігілген жаздық бас киім. Ақ қалпақ, айыр қалпақ түрлері бар.

Тымақ – аң терісінен жасалған, суықта киетін, мойынды, құлақты жауып тұратын бөлігі бар жылы, қалың бас киім. Тымықтың түрлері: барыс тымақ, қарсақ тымақ, қайырма тымақ, далбай тымақ т.с.с.

Делегей – қыста қардан, жауын-шашыннан қорғану үшін құлақшынның, тымақтың сыртынан киетін жамылғыш бас киім.

Жалғабай (далғабай ) – екі жаны мен артқы етегі тұтас, иық пен желкені жауып тұратын тымақ тәріздендіріп қалың матадан, жұқа ақ киізден тігілген бас киім.

Шалма – ендей кездемеден жасалған, басқа орайтын бас киім.

Дастар – қымбат матадан орап жасалған арнайы бас киім.

Сәлде – мұсылман дінбасыларының басқа орайтын салмасы. Үш кез ақ матадан қабаттай орап жасайды, бір ұшын намаз оқыған кезде желке тұсты жауып тұру мақсатында бос қалдырады.

Мұрақ – қайырмасының арт жағы иіліп, қошқар мүйізделген, салтанатта, тойда киетін хан мен уәзірдің сәнді бас киімі.

Тәж – хан мен патшалардың алтындатқан лауазымды бас киімі.

 

Әйелдің бас киімдері

 

Орамал - әртүрлі матадан, әр алуан үлгіде жасалған басқа тартар.

Біртартар – үшкіл, кішігірім бас орамал.

Түрме – түре тартатын жеңіл орамал.

Шаршы – кішкене шаршы бас орамал.

Байлама – басқа салатын шағын орамал.

Шылауыш – кимешек үстінен байланатын үлкен ақ шаршы.

Кимешек – ақ матадан тігілген, омырау мен арқаны жауып тұратын, беті ойылып жасалған әртүрлі үлгідегі бас киім.

Жаулық – ақ матадан, ақ жібектен тігілген бас киім. Үлгісі көп.

Бергек – жаңа түскен келіншектің әшекейлі бас киімі, той өткен соң киетін сәукеленің жеңіл түрі.

Сораба – тақия тәріздес, артында шалпыншағы бар, төңірегі шашақты қыздар киетін бас киім.

Делегей – ертеде қыздардың қыста киетін бас киімі.

Жырға – асыл тас, моншақ тізіп тіккен, көп салпыншақты сәнді бас киім.

Тақия – қызыл, жасыл, көгілдір түсті шұға, мауыт, мақпалдан ұлттық өрнек салып тіккен қыздардың үкілі жаздық бас киімі. Айшықты, зерлі түрлері болады.

Қасаба – үшкір төбесіне бір шоқы үкі қадап, маңдай тұсын алтын, күміс, асыл тастармен безендірген, оң жақ самайлығына моншақты 5-6 қатар төгілдіре қадап, ұзын салпыншақты етіп тіккен қыздар тақиясының бір түрі.

Зере – ұзын, іші қуыс, сәукелемен бірге киетін бас киім.

Сәукеле – қыздардың ұзатыларда, келін болып түсерде киетін көп әшекейлі, қымбат бағалы, сәнді бас киімі. Жұқа ақ киізден сырылып тігіліп, сыртық қызыл шұғамен тысталады. Қымбат бағалы аң терісімен әдіптеліп, алтын, күміс, моншақ әшекейлер тағылады. Жоғары жағы жіңішкеріп, төбесіне үкі қадалады. Тірсекке түсетін асыл тасты, оқалы бау тігіліп, бетті көлегейлейтін желекті болады.

Желек – келіншектердің сәукеледен кейін басына жамылатын орамыл.

Күлә - ханшалардың қалпақ сияқты бас киімі.

Күндік – кимешектің үстінен сәлде сияқты, бірақ жалпақ етіп орайтын ақ мата немесе егде әйелдердің ақ жаулығы.

Салы – жібектен, бағалы жіптен шашақсыз тоқылған бөкебай.

Бөртпе – жібектен шашақтап тоқылған орамал, жаулық.

Бөкебай – түбіттен қалың тоқылған қыстық орамал.

Бөрік – қымбат бағалы матамен тысталған, әртүрлі бағалы аң терісімен термеленген, әр үлгіде тігілген қыздардың жаздық және қыстық бас киімі.

Қалы – қымбат бағалы түкті шәлі.

Шарқат - әйелдердің басқа тартатын үлкен жібек орамалы.

Сарапшаң – жұмсақ тоғын, жібекпен жылқының қылынан, шуданың қылшығынан тоқылған, қыздар мен келіншектердің бетін шаң-тозаңнан қорғайтын бет перде, шаң тимес деп те аталады.

Ақбүркеншек – алғаш түскен келінге сәукеле сыртынан жабатын жамылғыш.

Қарқара – төбесі биік шошақтау келген, қауырсын қадаған жас әйелдің, қыздардың сәнді бас киімі.

 

Аяқ киімдер

Ер адамның аяқ киімдері

Шәркей – көннен тігілген жеңіл аяқ киім.

Шоқай – көн теріден бүріп тігілген жұмысқа киетін жеңіл аяқ киім.

Шабата – жөкеден, талдан тоқылған жаздық жеңіл аяқ киім.

Боршын – қоғадан тоқылған жазғы аяқ киім.

Башмақ – үй ішіне киетін өкшесіз жеңіл аяқ киім.

Шүбек – үй ішіне киіп жүретін жеңіл аяқ киім.

Шұлық – аяқ киімнің ішінен киетін қонышы қысқа жүн тоқыма.

Шұлғау – етік кигенде аяқты орайтын мата.

Шарық – аяқ киімнің сыртынан киетін, шикі теріден орап не бүріп тіккен аяқ киім.

Бекі (бәкі) – түйе терісінен жасалған жұмысқа киетін кебіс.

Кебіс – мәсінің сыртынан киетін былғарыдан тігілген,ұлтаны қалың өкшелі аяқ киім.

Мәсі – етік тәрізді, жұмсақ былғарыдан, ешкі терісінен тігілген өкшесіз, ұлтаны жұқа, кебіспен киетін қонышты аяқ киім.

Етік – былғары, көн сияқты материалдардан тігілген, қонышы ұзын, ұлтаны қалың, өкшелі аяқ киім. Түрлері: бастама етік, бітеу етік, мықшима етік, көн етік, қисық табан етік т.с.с.

Жұмсақ табан етік – аң аулағанда киетін етік.

Бір тақа етік – атқа мінгенде ыңғайлы, арнайы тігілген етік.

Көн етік – көннен тігілген етік.

Шоңқайма – қонышы тізеден аспайтын, тұмсығы үшкір, өкшесі тайқы былғары етік.

Саптама – ішінен байпақ киетін, кең қонышы жуан қара санға жететін былғары етік.

Бекіс – басы былғарымен қапталған киіз етік.

Пима – жүннен басылған қысқы аяқ киім.

Байпақ – етіктің ішінен киетін, жүннен басылған не киізден істелген қонышты аяқ киім.

Киіз байпақ – киізден жасалған қысқы аяқ киім.

Киіз етік  таза қой жүнінен, киізден етік үлгісінде басылған қысқы жылы аяқ киім.

Әйелдің аяқ киімдері – түрлі үлгі мәсі, кебіс, етік. Ер адамның аттас аяқ киімдеріне қарағанда биік өкшелі, сүйір тұмсықты, ою мен өрнек салынған, сірісі, басы, қонышы жібек жіппен тігіліп зерлеген, көксауырланған, әдемі келеді. Әйелдер киетін өте сапалы былғарыдан сірісіне көксауыр қондырған биік өкшелі кәкима аталатын етік ерекше сәнді. 

другие статьи

Чат-бот
Нашли ошибку?
Нашли ошибку?
Страница
https://corp.soyle.kz/article/view
Ваше имя
Почта или телефон
Пожалуйста опишите вашу проблему или идею
прикрепить файл
отправить
Спасибо за обратную связь!