Слабовидящим
Поиск

Полезно знать

Гарри Поттерді қазақша «сөйлеткен» кәсіпкер

19 февраля, 19:17

Жаңа жылда Джоан Роулингтің Гарри Поттер кітабы қазақ тілінде жарық көреді. Әлемнің 80 тіліне аударылған шығарма кейіпкерлері бірінші рет қазақша сөйлейді. Осыған орай, біз әлемдік бестселлерді қазақ тіліне аудару идеясының авторы Раиса Қадырқызынан сұхбат алдық.

Раиса Қадырқызы — Steppe World & Publishing баспасының негізін қалаушы. Моңғолияда туып, көп жыл Таяу Шығыс, Ұлыбритания, Германия мен Нидерландта тұрған. Каирдағы Америка университетінде саясаттану және гуманитарлық бағыттар, Лондон университетінде шығыстану, Ерасмус университетінде қаржылық менеджмент саласы бойынша білім алған. 

2016 жылы баспа ісіне ден қойып,  Джулия Дональдсонның «Ақын қоян» және «Груффало», Эрик Карлдың «Қомағай жұлдызқұрт»«Анна Франктің күнделігі» кітаптарын қазақ тіліне аударған. Қазір Джоан Роулингтің  Гарри Поттер кітабын баспаға дайындап жатыр.

Гарри Поттермен алғашқы таныстық

Гарри Поттер туралы бұрыннан білемін. Бірақ Роулингтің қиял-ғажайып әлемімен отыз жастан асқан шағымда таныстым. 2012 жылы алты жасар ұлыммен бірге Гарри Поттердің бірінші кітабын ағылшын тілінде оқи бастадық. Кейінірек әпкем Ұлыбританиядан Гарри Поттердің барлық жеті кітабын сыйға әкеліп берді. Күнде кешкісін балама ертегі орнына оқып жүрген кітаптан ерекше әсер алдым. Шығармадағы оқиға желісі баланы былай қойғанда, ересек адамның өзін қызықтырып, қиялын алға жетелеп отырады. 

Өзім — Моңғолияның қазағымын. Ол жақтағы диаспора қазақ әдебиетін, тілі мен өнерін сағынып, соған жақын болсақ деген ойда жүреміз. Алматыға бір сапарымда кітап дүкендерін аралап, қазақ тілінде сапалы әдебиет таба алмадым. «Тәуелсіз елде халық қалай өз тілінде кітап оқымайды?» деген сұрақ маза бермеді. Өйткені қай елге барсам да, сол халықтың тілінде шыққан кітаптарды көремін. 

Гарри Поттер кітаптары Италияның дүкен сөрелерінде — итальян, Германияда — неміс, Араб мемлекеттерінде — араб, Түркияда — түрік тілінде тұрады.  Гарри Поттерді  моңғол, өзбек тілдерінде де таба аласыз. Бірақ қазақ тіліндегі нұсқасы жоқ. Балама жақсы әсер сыйлаған кітапты басқа қазақ балалары да оқуы керек деп шештім. 

Кез келген істе адамның ниеті маңызды. Қазір Қазақстандағы қазақтардың үлесі шамамен жетпіс пайызға жуықтап қалды. Бірақ әлі де «қазақ тілінде сөйлейтіндер ауылдан келген», «қазақ тілі — заманауи емес» деген стереотиптер бар. Адамдардың арасында «Орысша сөйлесем, ойымды дұрыс жеткіземін, заман көшінен қалмайтын жаңашыл адам боп көрінемін» дейтін тренд байқалады. Кезінде елімізде мәдени империализм жүргенін, өз ұлтымыз бен санамызды төмен көрсету үшін саяси әрі экономикалық ықпал жасалғанын білеміз. Өткенді өзгерте алмаймыз. Бірақ қазіргі жағдайға оң әсер ету — өз қолымызда. Осындай оймен, қазақы санамен 2017 жылдың соңында Гарри Поттерді қазақ тіліне аудару үшін рұқсат алу процесін бастадық.

Роулингтен рұқсат алу

Келіссөзге бір жылдай уақыт кетті. Аудармаға рұқсат беру туралы шешімді автор мен оның агенті бірлесіп қабылдайды. Екеуімен де байланысып көрдік. Олар біздің баспаның жұмысымен танысып, серіктестеріміздің пікірін алды. Автор аударманың сапасына ерекше көңіл бөледі. Шығарма балаға жеңіл, түсінікті тілде мағынасы өзгермей жетуі керек. Аудармамыздың сапасын көріп, кәсібилігімізге көз жеткізген соң, 2019 жылы қаңтарда Джоан Роулинг кітапты аударуға рұқсат берді. 

Келісімшартқа сәйкес, бірден Гарри Поттердің барлық кітабын аударуға мүмкіндік алдық. Қазір алғашқы үш кітабын дайындап жатырмыз. Гарри Поттердің бірінші кітабы жаңа жылдан кейін жарық көреді. Әзірге он мың данамен шығады деп отырмыз. Кітаптың тұсаукесерін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында өткіземіз. Басқа қалаларда жанкүйерлер өздері оқырмандарға кітаптың таныстырылымын ұйымдастырғысы келсе, біз қуана-қуана көмектесеміз. Гарри Поттердің қазақ тіліндегі нұсқасы Қазақстандағы барлық кітап дүкендеріне қойылады. Одан бөлек, өзіміздің онлайн дүкен іске қосылады. Желтоқсан айының соңына қарай алғашқы кітап баспаға жіберілген кезде, алдын-ала тапсырыс қабылдай бастаймыз. 

Гарри Поттердің мұқабасын дайындау үшін бөлек рұқсат алу керек. Қазір бір қазақстандық суретші салған үлгіні авторға жіберіп, келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Келешекте қолымызға рұқсат қағазы тигенде, отандық иллюстратордың қолынан шыққан мұқабамен тағы бір нұсқасын шығарамыз деген жоспар бар. Әзірге кітап мұқабасын жасауға рұқсат алған төрт баспаның ішінен Ұлыбританиядағы Bloomsbury баспасының үлгісін таңдадық. Алғашқы кітаптар осы баспаның мұқабасымен шығады.  2020 жылдың соңына қарай Bloomsbury баспасының иллюстрациялары қосылған Гарри Поттердің суреті көп, қалың нұсқасы жарық көреді.

Адамзатқа ортақ құндылық

Жақында Фейсбук және Инстаграм желілерінде Potterheads Kazakhstan парақшалары ашылды. Парақшаны Гарри Поттердің жанкүйерлері жүргізеді. Бұған дейін жанкүйерлерді біріктіретін топтар мен шаралар орыс тілінде жүрсе, енді бірінші рет Гарри Поттер кітаптарын қазақ тілінде талқылау басталып жатыр.

Жанкүйерлер Гарри Поттер кітаптарының орыс тілінде шыққан соңғы нұсқаларында аударма сапасы төмен болғанын айтып, «қазақ тіліндегі нұсқасында мұндай олқылық жіберілмесе» деген тілек білдірді. Кітаптағы атаулар мен есімдердің бәрін бірдей қазақшалап жіберсек, шығарманың ерекшелігін жоғалтып аламыз. Сондықтан көп есімдер мен атауларды сол күйі қалдырып, қазақ тілінде үйлесімді естілетін кей есімдерді ғана аудардық. Бір ғана мысал келтірейін: Хагридтің Флаффи (Fluffy) деген иті бар. Оның қазақ тіліндегі аты Үлпек болады. 

Қазір қазақ аудиториясы шетел әдебиетімен негізінен Ресей арқылы танысады. Шығарма әуелі орыс тіліне, кейін қазақ тіліне аударылғанда, бәрібір бастапқы ерекшелігі, мағынасы жоғалады. Сондықтан кітаптарымызды тек түпнұсқадан аударамыз. Аудармашыға түпнұсқа тілін 100 %, ал қазақ тілін 200% білуі керек деген талап қоямыз. Аудармадан қазақ тілінің иісі аңқып тұруы керек.

Аударма сапалы болуы үшін Гарри Поттерді бізден бұрын аударған неміс, моңғол, түрік тілдеріндегі нұсқасын үнемі қарап, «олар мына тұсын қалай аударыпты, мына сөздің мағынасын қалай беріпті?» деп салыстырып отырдым. Гарри Поттердің британдық және америкалық жеңілдетілген нұсқасы бар. Біз британдық авторлық нұсқасын таңдадық. 

Гарри Поттердің алғашқы кітабы жарық көрген кезде-ақ қытайлар, жапондар мен немістер шығарманы өз тілдеріне бірінші болып аударды. Біздің елде Гарри Поттерді оқып өскен жастар Роулингтің туындысымен көбінде орыс тілінде танысты. Бұл жоба «әлемде миллиондаған оқырманы бар кітаптың қазақ тілінде өзіндік меншік аудармасы болса, енді өсіп келе жатқан, Поттердің қиял-ғажайып әлемімен әлі танысып үлгермеген балалар бұл ертегіні туған тілінде оқыса» деген ізгі ниеттен туды. 

Гарри Поттер сәби кезінде жетім қалып, тағдыр тауқыметін көп тартқан. Оның әпкесінің үйінде тар бөлмеде тұруы, асырап алған отбасынан қысым көруі оқырман баланың жүрегінде мейірім мен кейіпкерді қиын сәтте іштей қолдау сезімін оятады. Поттердің жанынан қалмайтын достарының адалдығы санасы әлі бекімеген баланы достық феноменімен таныстырады. Шығарма кейіпкерлерінің әділдік жолында жүргізген күресі балаға батылдық үлгісін көрсетеді. Бұл — тек бір ұлтқа ғана тән емес, бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтар. 

Мақсатымыз – қазақ тілінде сөйлейтін ұрпақ қалыптастыру

Steppe World & Publishing баспасы көбіне балалар әдебиетімен жұмыс істейді. Баспада «елу пайыз — балалар әдебиеті, қырық пайыз — ересектерге арналған көркем әдебиет, он пайыз — мотивациялық кітаптар» деген ережені басшылыққа аламыз. Болашақта ұжымымыз кеңейсе, кітаптарға бөлінген үлестің пайыздық көрсеткіштері де өзгеретін шығар. Бірақ балалар әдебиетін сол 40-50 пайыздық деңгейден түсірмейміз. Балалар әдебиеті — баспа жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып қалады. Өйткені біздің басты мақсатымыз — қазақ тілінде сөйлейтін ұрпақ қалыптастыру. 

Қазір «қалай тез ақылды боламын?», «қалай жылдам байлыққа кенелемін?» деген мазмұндағы бір-біріне ұқсайтын кітаптар көп. Аудармаға өзімізге ұнаған, оқырманға берері мол, пайдалы кітаптарды таңдауға тырысамыз. Кейде шетелде кең танылып, көп оқылған кітаптар қазақтілді оқырманға таныс болмай шығады. Мысалы, біз аударған «Анна Франктың күнделігі» кітабын қазақтілді оқырмандардың көбі білмейді екен.

Бұл кітап әлемнің көп елінде мектеп бағдарламасына енген. Қазақстанның оқу бағдарламасына да керек кітап деп ойлаймын. Өйткені шығарма бір жағынан балаларға Екінші дүниежүзілік соғыстағы геноцид тақырыбын түсіндірсе, екінші жағынан сол кездегі жасөспірімдердің қандай төзімді болғанын көрсетеді. Кітапта жасөспірім қыздың кездескен қиындықтарды қалай еңсергенін көрсету арқылы үлкен бір тарихи оқиға баяндалады.

Қазақ тарихындағы ашаршылық тақырыбы да Анна Франктың күнделігінен кем түспейтін  жақсы кітапқа арқау бола алады. Бізге қазақ тарихындағы зұлматты жылдар туралы балаларға арналған кітаптар жазылуы керек. Ондай кітаптарды ағылшын тіліне аударып, әлем оқырмандарының назарына ұсынса да артық емес. 

Көп іздеп, сүйікті ісімді таптым

2016 жылы кітап дүкендерінен қазақ тілінде жақсы кітап таба алмайтынмын. Сатып алған кітаптарым үйдегі балаларға  қызық болмай, олар бір-екі рет бетін ашқаннан кейін ары қарай оқығысы келмейтін. Бірақ соңғы үш жылда көп жақсы өзгеріс болды. Қазір үлкенді-кішілі баспалардың бәрі қазақ тілінде кітап шығара бастады. Бұл қазақтілді кітап индустриясы мен нарығын қалыптастыруға үлкен үлес қосады. Сан артқан соң, бәсеке туып, содан сапа түзеледі. 

Бұрын жеке кәсіппен көп айналыстым. Германияда тұрғанымда балаларға арналған бренд ашып, Еуропаға Моңғолияда тігілген органикалық киімдерді жеткізіп сатумен айналыстым. Біздің тауар белгісіндегі киімдер әлемнің танымал брендтерімен қатар тұрып, бір деңгейде сатылды деуге болды. Одан кейін Таяу Шығыста инвестициялық компанияда жұмыс істедім. Араб елдері Азияға көп инвестиция құяды. Ал мен инвестицияға қатысты экономикалық сараптама, зерттеулер жасайтынмын. Бала күтіміне байланысты үйде отырғанымда фрилансер болып, бизнес өкілдеріне жеке консалтинг жүргіздім. 

Өзімді көп салада байқап көріп, өміріме мән-мағына беретін жұмыс табу мақсатымен баспа ісін бастадым. Қазақ тілінде кітап таба алмай, туған тілге деген жанашырлықтан басталған идея бүгінде бизнес жобаға айналды. Мен үшін кәсібімнің өзіме және өзгелерге пайдалы болғаны өте маңызды. Қазір көп ізденіп, сүйікті ісімді тапқандай сезінемін.

Бір қарағанда оңай көрінгенімен, бұл — күрделі жұмыс. Шетелде жоғары бағаға ие болып, өзіміздің көңілімізден шыққан кітапты таңдау, оны қазақ тіліне аудару, басып шығарып, оқырманға таныстыру, қазақтілді аудиторияға шығарманың құндылығын жеткізу көп күш пен уақытты алады. Бір қызығы, осы процесс маған ләззат сыйлайды. Жанымды салып шығарған кітаптан оқырман жақсы әсер алса, бір жаңа дүние үйреніп, пайдасына жаратса деймін

 

Дереккөз: the-steppe.com

 


другие статьи

Чат-бот
Нашли ошибку?
Нашли ошибку?
Страница
https://corp.soyle.kz/article/view
Ваше имя
Почта или телефон
Пожалуйста опишите вашу проблему или идею
прикрепить файл
отправить
Спасибо за обратную связь!