Слабовидящим
Поиск

Полезно знать

Ұлттық тілдің әліпбиі де ұлттық болуы керек!

20 февраля, 18:46

Адамзаттың, оның ішінде белгілі бір ұлттың бір-бірімен қарым-қатынас жасасуы дыбыстық тілге негізделетіні барша жұртқа белгілі. Кез келген ұлттық тіл жаратылыстағы барлық зат, құбылыс пен ұғымды өзіне ғана тән тіл дыбыстары және солардың сан ғасыр бойы қалыптасқан ұлттық тіркесімі бойынша таңбалап, түрлі сөздерге айналдырады. Сол себептен әрбір ұлттық тілде барлық адамзат танып-білген заттар, құбылыстар, ұғымдар түрліше дыбысталып айтылып, өзіндік ұлттық ерекшелігін танытады.

Демек, тілдің таңбалық сипаты оның негізгі ерекшелігі болса, оны жазбаша жеткізуде тіл дыбыстарын дәл таңбалау – аса маңызды. Кез келген таңбаның, оның ішінде тілдік таңбалардың (тілдік дыбыстар, морфемалар, сөздер, сөз тіркестері, сөйлемдер) екі жағы болатыны белгілі. Бірінші жағы – тұлғасы (формасы) болса, екінші жағы – мазмұны екені ақиқат.

Әріп – дыбыстың сыртқы формасы болса, бір әріпке телінген дыбыс оның мазмұны. Екеуінің арасындағы байланыс – шартты. Яғни бір таңба (әріпке) бір тілдік дыбысқа телінген жағдайда ғана ол тілдік құрал бола алады. Сондықтан да тілдік әр дыбысқа қандай таңба берсең де бәрібір. Алайда жаңадан таңбалар ойлап тауып, жаңа әліпби құрастырғаннан гөрі, бүкіл адамзат тұтынып жүрген жалпыхалықтық әліпбиді (мәселен, ағылшын) өзіне лайықтап құрастырып алудың көпжақты пайдасы бар екені даусыз. Оған тоқталып жатудың қажеті жоқ болар.

Жанды (ауызша) тілде тілдік таңбалар (сөздер және т.б.) дыбыстармен таңбаланатын болса, сол дыбыстар жазбаша тілде әріптермен таңбаланып, сөздің дыбысталуын барынша дәл бейнелеуі керек. Ал ұлттық жазып-сызу (графика) қай елдің (тілдің) әліпбиіне негізделсе де, өзінің ұлттық сипатын жоғалтпай, өз сөздерін айтылуына барынша дәл келтіріп таңбалап, ұлттық тіл болдып қалуы қашанда маңызды.

Қай ұлт, мейлі, кімнің әліпбиін қабылдаса да, өзінің сан мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан тілдік зандылықтары бойынша барша адамзатқа ортақ дыбыстармен қатар өзінің төл дыбыстарын, өзіндік дыбыс тіркесімдерін (сөздерін) таңбалау, жазу, оқу, айту үшін алады. Бұл да табиғи заңдылық. Сондықтан да жазбаша тілдік таңбалардың ішіндегі өте-мөте маңыздысы – тіл дыбыстарының дұрыс таңбалануы.

Өзгетілдік дыбыстарды және олардың таңбаларын (әріптерін) немесе тек ұлттық тілде бар дыбыстардың әріптерімен жазылған, бірақ дыбыс тіркесімдері өзгеше (өзгетілдік) сөздерді (лексика, грамматика, синтаксис т.б.) «халықаралық сөздер» деген желеумен талғамсыз-талғаусыз қабылдау ұлттық тілдің өзінің табиғи бітім-болмысынан біртіндеп ажырап, өзгеруіне, бүлінуіне, ақыр аяғында жоғалуына апарады. Оның алдын алу үшін, ең әуелі, қазақ тілінің болашақ латын негізді әліпбиі өзінің ұлттық сипатын сақтап қалуы аса маңызды. Сондықтан да қазақ тілінің болашақ латын негізді әліпбиі – А. Байтұрсынұлы түгендеп беріп кеткен қазақ тілі дыбыстары санынан артық та, кем де болмауы қажет.

А. Байтұрсынұлы түзген әліпбиді басшылыққа алып, латыншаланған жаңа әліпби құрастырдық, ең дұрысы сол-ақ дейік. Бірақ әліпби құрастыру бір басқа, сол әліпбиді пайдаланып жазып-сызу бір басқа мәселе. Бір қарағанда қазақ дыбыстарын ғана таңбалайтын сол әліпбиді пайдаланып, қазақ тілі сөздерін жазуда еш қиындық туындамайтындай болып көрінетінетіні рас. Алайда А. Байтұрсынұлы әліпбиінен мүлдем алшақтап, орыстық сипат алған, яғни біздің қазіргі қолданып жүрген кирилше «орыс-қазақ» әліпбиіміз қазақ сөздерінің айтылымы (орфоэфиясы) мен емлесі (орфографиясы) арасына біраз сына қағып кетті. Осыны жаңа әліпби қабылдаған кезде қатаң ескеруіміз керек.

Әдетте қазақ тіліне жанашырлардың арасында жат тілдік дыбыстары бар сөздер ғана тілдің табиғи бітім-болмысын бүлдіреді деген түсінік бар. Шынында да олардың тіл бұзарлық ойраны қазақтілді кез кезген жанның көзіне бірден шалынады. Ал жат тілдік сөздер құрамындағы қазақ тіліне де тән дыбыстардың (а, б, г, д, е, ж, з, й, к, л, м, н, о, п, р, с, т, у, ш) өзгеше, мәселен, орысша, ағылшынша т.б. тіркесуінің тіл бұзарлық әлеуеті (потенциялы) жат тілдік дыбыстардан да ерекше күшті. Бірақ біз «орыс-қазақ» әліпбиімен сауат ашып, сосын орыс тілінің сөздері мен орыс тілі арқылы орысшаланып енген өзге тілдердің сөздері орысша қалай жазылса, қазақша да солай болуын талап ететін қазақ тілінің «жасанды» емле ережелерін жаттап өскендіктен, олардағы қазақ тілі табиғатына жат дыбыс тіркесімдерінің тіл бұзарлық ойранын тіптен сезе бермейміз.

Айталық, «г» дыбысы мен «а» дыбысының тіркесі қазақ тіліне жат. Сол себептен «газ» сөзінің қазақтың өз сөзі емес екенін кез келген қазақтілді қазақ бірден аңғарады. «Президент» сөзі де солай, өйткені қазақ тілінде қос дауыссыз дыбыстан сөз басталмайды. Тағы да бір мысал: «Салон» деген сөзде де өзгетілдік дыбыстар жоқ. Алайда ана тілінің уызында жарып өскен кез келген қазақтан осы сөзді «қазақтың сөзі ме, әлде өзгетілдік пе?» деп сұрасаң, қазақтікі емес деп жауап берері даусыз. Неге? Себебі қазақ тілінің түбір сөздерінің екінші буынында «о» дыбысы қолданылмайды.

Сондықтан да латын негізді әліпби бойынша қазақ жазуын қалыптастыруда оның өзіндік табиғи ерекшелігі қатаң ескерілуі керек. Осыған орай оның төл дыбыстары мен олардың өзара тіркесімі мәселесіне арнайы тоқталар болсақ, ең әулі, қазақ тілі дыбыстық жүйесінің табиғатына қатысты басты-басты заңдылықтарды анықтап, екшеп алғанымыз жөн болар. Біздің зерттеп-зерделеуімізше, олар – мыналар:

1. Қазақ тілінің өз сөздерін дыбыстап айтуға арналған төл дыбыстары бар. Олардың дыбысталуы дыбыс шығару мүшелерінің сан мығдаған жыл бойы қалыптасқан артикуляциялық (дыбыс шығаруға ауыз-көмей мүшелерінің қатысуы, дыбыстардың жасалу орны) және акустикалық (дыбыс шығару кезінде демнің өкпеден шығу жолы мен қарқыны) заңдылықтарына негізделген;

2. Қазақ тілі дауысты дыбыстары жуан-жіңішке, еріндік-езулік болып жұптасып келеді. Сол себептен буын үндестігі – қазақ тілінің басты заңы болып есептеледі;

3. Қазақ тілі дауысты дыбыстарының ішінде «о» дыбысы түбір морфеманың (сөздің) тек алғашқы буында ғана қолданылады. Басқа дауысты дыбыстар барлық буында айтылады, демек жазылуға тиіс. Бұл заңдылық, әсіресе күні бүгінге шейін «емлелік жасанды ережеге» қор болып, жазылуы мен айтылымы арасында үлкен айрмашылық пайда болған «ә» дыбысы мен еріндік дауысты дыбыстардың (ұ, ү, ө) қазақ сөздерінің екінші-үшінші буындарда қолданылуына және олардың жазылуына тікелей қатысты.

4. Қазақ тілі бүкіл түркі тілі сияқты жалғамалы (агглюнативті) тілдер тобына жатады. Демек, түбір морфемадан афикстік морфемалар арқылы туынды сөздердің жасалуы және олардың жұрнақтар арқылы түрлі грамматикалық мағыналарға ие болып түрленуі – оларға жалғанатын қосымшалардың жуан түбірге жуан, жіңішке түбірге жіңішке және қандай дыбысқа аяқталуына қарай жалғанып, үйлесіп келуі арқылы жүзеге асады;

5. Қазақ тілінің тағы бір өзіндік бір заңдылығы – еріндік дауысты дыбыстардың да үндестігі. Бұл заңдылық қолдан жасалған айтылым (орфоэфия) сөздігінде ғана ескерілмей, емле (орфография) сөздігімізде де, ең болмағанда түбір сөздің екінші буынында да (өлөң, үмүт, құлұн т.б.) көрініс табуы керек сияқты.

6. Қазақ тілінде еріндік дауыстылар (о, ө, ұ, ү) ғана өзінен кейін келетін (жазылатын) қысаң «ы» мен «і» дауысты дыбыстарын еріндікке айналдырып қана қоймайды, үнді дауыссыз дыбыс «у» да өзінің алдында да, өзінен кейін де «ұ» мен «ү» және «ө» еріндік дауыстыларының айтылуын (уыз – үуұз, ауыл – ауұл, әуе - әуө т.б.) талап етеді. Демек, жазған кезде, болашақ емле ережемізде осыны да мұқият ескеруіміз керек.

7. Қазақ тілінің түбір марфемасы құрамында екі дауысты дыбыс қатар тұра (дыбыстала) алмайтыны сияқты екі морфема біріккен кезде де екі дауысты дыбыс қатар тұра алмайды. Сондықтан оларды біріктіріп жазатын болсақ, біреуін түсіріп (қаларалық), не болмаса оларды тек тіркес сөз ретінде (қала аралық) ғана жазу керек.

8. Қазақ тілі жалғамалы тіл болғандықтан, қазақ тілінің түбір сөздері мен туынды сөздері, сөз түрлендіруші жұрнақты сөздері буын үндестігі (сингармонизм) заңына бағынып айтылады және жазылады;

9. Қазақ тілінің үнді дауыссыз дыбыстарынан «м» мен «н» ғана сөз басында қолданыла алады. «Ң» үнді дауыссыз дыбысы ғана емес, сондай-ақ, «л», «й», «р», «у» үнді дауыссыз дыбыстарынан да сөз басталмайды, демек олар жалаң түрде, яғни «ы», «і», «ұ», «ү» даусты дыбыстарынсыз айтылмайды.

10. Қазақ тілі сөздері қос дауыссыздан басталмайды.

11. Қазақ тілі сөздерінде үнді мен қатаң дауыссыз дыбыстардың (й+т, л+т, н+т, р+т) тіркесімі бар болғанымен, сөз соңында екі дауыссыз, әсіресе екі қатаң дауыссыз дыбыс айтылмайды.

12. Сөз ішінде (түбір морфемада) бірдей екі дауыссыз дыбысты қосарлап айту (махаббат, ләззат, күллі, құдды т.б.) қазақ тілінің табиғатына тән емес.

13. Қазақ тілінде «з», «ж» дыбыстарынан басқа ұяң дауыссыздар сөз соңында қолданылмайды.

14. Қазақ тілінде сөз екпіні (екпінді буын) деген нәрсе жоқ, ол қазақ тілі сөздерінің лексикалық мағынасын өзгертуге еш әсер ете алмайды. Сол себептен екпін барлық буынға бірдей түседі және екпінді (ударный), екпінсіз (безударный) делініп дауысты дыбыстар ерекшеленбейді. Демек, орыс тіліндегі екпінсіз айтылатын дауысты дыбыстар орысша қалай айтылса, қазақша да солай айтылып-жазылуы керек. Мәселен, мамонт – мамынт, портал – партал, ректор – іректір, томография – тамағырап(ы)йа, трактор – тірәкт(і)р т.б.» делініп.

15. Орыс тіліндегі «и», «у», «ы» дыбыстары осы әріптермен таңбаланып жүрген қазақ тілі дыбыстарына мүлдем сәйкес келмейді. Осы әріптер қолданылатын орыс тілі сөздері қазақ тілі дыбыстарымен алмастырылып, яғни қазақшаланып жазылуы керек.

16. Жіңішкелік белгісіне немесе екі дауыссыз дыбысқа (тестер/тестлер/тестілер т.б.) аяқталған орыс сөздеріне қазақ тілі қосымшалары әртүрлі жалғанып жүр. Себебі қазақ тілінде түбір морфема мен негіздік морфеманың (туынды сөз) басында да, аяғында да екі дауыссыз, әсіресе екі қатаң дауыссыз қатар айтылмайды.

17. Өзгетілдік сөздер «ст», «зд», «дж», «кс», «зм», «рс» т.б. дыбыс тіркесімімен аяқталса, қазақ тілінде олардың арасына «ы», «і» қысаң дауысты дыбыстары қосылып айтылады. Мысалы: міністір, көледіж, көдекіс, екістремійзім, күріс т.б.

Қазақ тілінің осы аталған ерекшеліктерін ескермесек, дұрыс әліпби құрастырсақ та, дұрыс жазып-сызуды (графиканы) дайындай алмаймыз. Дұрыс жазылмаған сөздерді оқып өскен жас ұрпақтың ауызша тілі бұзылғанның үстіне бұзыла береді. Өйткені қазіргі жастар білімді, көбінесе, оқулық-оқу құралдары арқылы оқып алады.

Исхан Бейбіт Жәлелұлы,

ф.ғ.к., доцент, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі.

Abai.kz

другие статьи

Чат-бот
Нашли ошибку?
Нашли ошибку?
Страница
https://corp.soyle.kz/article/view
Ваше имя
Почта или телефон
Пожалуйста опишите вашу проблему или идею
прикрепить файл
отправить
Спасибо за обратную связь!