Слабовидящим
Поиск

Читаем

«Кім?» «Не?»

31 марта, 19:21

– Сүйінші, келініңіз босанды!
– Аузыңа май, айналайын, қалағаныңды ала ғой…
– Рақмеееет!
– Не туды?..
– Ұл! Шекесі торсықтай ұл!)
-…

Иә, келіні ұл тауып, ұрпағы көбейіп, қуаныштан жүрегі жарылардай болып, бір-бірінен сүйінші сұрап жатқан қазақ сөзге мән бермейді… Жай кезде сақталмайтын «әдеби норманың» мұндайда тіпті ескерусіз қалуы заңды сияқты. Бірақ… осы қаншалықты дұрыс?

Ана тіліміздің біз білмейтін қыр-сыры көп. Әсіресе, қазақ тілін енді үйреніп жүрген өзге ұлт өкілдеріне түсіндіру қиынға соғатын сандаған сұрақтар осының дәлелі. Бір сөзбен жауап беру мүмкін емес сондай сауалдардың біріне тоқталайық:

Не себепті қазақ тілінде «Кім?» деген сұрақ АДАМҒА ғана қойылады, ал басқа жанды//жансыз жаратылыстың бәріне «Не?» деген сұрақ қолданылады?

Түркі тілдерінің қыпшақ тобына жататын қазақ тілінде «кім?» деген сұрақ адамға ғана қатысты жұмсалса, әлемдегі жүйесі басқа тілдерде (орыс т.б.) бүкіл жанды заттарға («кто бежит» – «собака бежит» …) қатысты қолданылатыны аян. Мұның сыры тереңде, оны этностың діни танымына зер салу арқылы анықтауға болады. Себебі, бүкіл әлемде тек адам баласына ғана Алла тағала РУХТЫ сыйлаған! РУХ пен ЖАНДЫ бір ұғым деп қарауға болмайды. Өзге тіршілік иелерінің ЖАНЫ болғанымен, оларда адамдағыдай РУХ жоқ! «Жан жанды, жансыз заттың барлығында да бар. Ол әл-Фараби еңбектерінде «субстанция» деп аталады. Орыс тіліндегі философиялық еңбектерде «сущность» делінеді. Данышпан қазақ адам туралы білгісі келгенде оның РУХЫ болғандықтан КІМ? деп, ал мал, жануар, құс, жәндік т.б. туралы білгісі келгенде РУХЫ жоқ болғандықтан НЕ? деп сұрақ қояды» дейді профессор Б.Сағындықұлы [Сағындықұлы Б. Таңдамалы туындылар. – Алматы: Үш қиян, 2009, 440 б.]. Ғалым Рух жөнінде: «Әуелден ақырға дейін жер бетіне қисапсыз адам баласы келеді. Солардың барлығының рухы бір мезетте жаратылған. Рух – Алла тағаланың құпия қазынасы, адамдарға берген аманаты. Сондықтан да көнекөз қариялар «Адам – адамға қонақ, Рух (жан) – кеудеге қонақ» дейді. Оның ғажайып сырлары бізге белгісіз. Біз Жаратушы иенің құпияларын өзі ашқан дәрежесінше ғана білеміз» дейді [Аталған еңбек, 439 б.].

Адамда қанша қасиет болады?

Бұл сұраққа да әркім әр түрлі жауап береді. Бірі «Көп қой…» деп қысқа қайырса, екіншісі «Адалдық, әділдік, сабырлылық …» деп санай жөнеледі. Барлық қасиетті жағымды/жағымсыз деп екі топқа бөле салатындар да бар. Ал теология мен лингвистиканың тізгінін қатар ұстаған ұстазымыз не дейді екен?

«Адам бойындағы қадір-қасиет пен сапа-белгінің бар жиынтығы 999 болса, соның 900-і дене қасиеттері, ал 99-ы рух қасиеттері екен… Сыртқы ғалам тұтасынан дене қасиеттерінің өсіп-жетілуіне қызмет етсе, дене қасиеттері рух қасиеттерінің ұлғайып, күшеюіне қызмет етеді. Басқаша айтқанда, ғалам – адам денесіне, адам денесі – санаға, сана – рухқа қызмет етеді. Рух – дене мен сананы басқарып – Алла тағала арадасына (қалауына) орай құлшылық жасайды. Адам сыртқы дүние тұрғысынан қарағанда кіп-кішкентай ғана бір бүтін бөлшек болса, ішкі жан дүниесі тұрғысынан қарағанда – тұтас бір ғалам. Осы ғаламдағы бар үйлесімділік (гармония) аталмыш 999 жақсы қасиеттің 999 жаман жағы, сыңар жағына да қатысты болады. Яғни көрудің жаман жағы – соқырлық, естудің қарсы қасиеті – саңыраулық, ақыл – ашу, жомарттық – сараңдық, мейірімділік – мейірімсіздік т.с.с. болып жалғаса береді. Қай қасиетін қай жағынан дамытамын десе – адамның өз еркінде. Қасиеттерінің даму дәрежесі әртүрлі болғандықтан, адамдар да әртүрлі болады… [Аталған еңбек, 441 б.].

Аталмыш РУХ ҚАСИЕТТЕРІ және олармен байланысты ұғымдар адам баласының РУХАНИ ӘЛЕМІН құраса, ДЕНЕ ҚАБІЛЕТТЕРІ – АҒЗА ӘЛЕМІН құрайды екен. Көпшілікке түсініктірек болу үшін таратар болсақ:

Дене қабілеттерінің екі жақтылығынан: Cөйлеу – сөйлемеу (мылқау, сақау, т.б. сөздермен таңбаланады), Көру – көрмеу (соқыр, көр, зағип, су қараңғы т.б.), Есту – естімеу (саңырау, керең, құлағы ауыр т.б.), Дәм сезу – дәм сезбеу, Иіс сезу – иіс сезбеу, Тері сезімталдығы (ыстық пен суықты сезіну/сезінбеу), Жүру – жүрмеу (ақсақ, шолақ) т.б. барлығы 900 * 2 = 1800 атау шығады.

Рух қасиеттерінің екі жақтылығынан: Мейірімділік – мейірімсіздік (қатыгездік), Сабырлылық – сабырсыздық, Шыдамдылық – шыдамсыздық, Жомарттық – сараңдық, Адалдық – арамдық, Ақкөңілдік – қара ниеттілік т.б. барлығы 99 * 2 = 198 атау шығады.

Бұл жерде АДАМНЫҢ ҮШ НЕГІЗДЕН: ЖАН, ТӘН және РУХТАН тұратын өте күрделі жаратылыс екендігін көреміз.

Бұдан бөлек, Хакім Абайдың даналығына ден қойсақ…  Адамзаттың ақыны “Алладан қорық, пендеден ұял, «балам адам болсын” десең, ОҚЫТ! Малыңды аяма…” дейді 34-қара сөзінде.

Дана бабамыздың бұл сөзінде АДАМНЫҢ ҮШ ТІРЕГІ: ИМАН (қылмыс пен күнә істеуден сақтандыратын – Құдайдан Қорқу), АР (әдепсіздіктен, ұятсыздықтан сақтандыратын – Ұят), БІЛІМ (надандықтан, қателік жасаудан құтқаратын – Ілім, Ғылым) меңзелгенін аңғару қиын емес.

Кеңес үкіметі орнаған кезден «ескіше оқығандар» деп асқан әділетсіздікпен кемсітіле бастаған, шын мәнінде Хақты анық таныған, Ғылым атаулының қайнар көзі – діни танымды бәрінен жоғары қойған ата-бабаларымыз күллі жаратылыстың ішінен ЖАН, ТӘН және РУХТАН тұратын АДАМДЫ бөліп алып, ерекшелеп, оған «КІМ?» деген сұрақты еншілеп берген! Ал Жан мен Тәннен ғана тұратын жануар, құс, жәндік атаулыға «Не?» деген сұрақты қоятын болған.

Сондықтан есте жоқ ескі замандарда-ақ өзінің КІМ екенін танып, Жер бетіне келгендегі асыл мұратын, миссиясын толық түсінген дана бабаларымыз қалдырған аманат – АНА ТІЛІМІЗДІҢ табиғи заңдылықтарын сақтау перзенттік парызымыз екенін ұмытпайық. Өзіміз дұрыс түсінбеген, қадірін білмеген қазынаны келер ұрпаққа да жеткізе алмасымыз аян.

 

Ботагөз Сүйерқұл
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, 
филология ғылымдарының докторы, доцент

Дереккөз: tbi.kz

другие статьи

Чат-бот
Нашли ошибку?
Нашли ошибку?
Страница
https://corp.soyle.kz/article/view
Ваше имя
Почта или телефон
Пожалуйста опишите вашу проблему или идею
прикрепить файл
отправить
Спасибо за обратную связь!