Новости и объявления
МАЛАЙЗИЯЛЫҚ ЖУРНАЛИСТ: ҚАЗАҚТЫҢ КЕЛІНІ БОЛУ – БІР БАҚЫТ
2 мая, 22:51
Малайзиялық Билкис Бахаридің мамандығы – журналист. Қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан. Қазір ол Нұр-Сұлтан қаласында отандық телеарналардың бірінде продюсер болып қызмет атқарады. Жыл он екі ай жаз болатын елде туған Билкис елорданың қатал климаты мен өзгешелігі көп қазақтың тұрмыс-салтына бой үйретіп те қалғанын айтты. Қазақ тілін үйреніп жүрген малайзиялық әріптесіміз қазақстандық медиа саласын әлемдік деңгейде дамытуды армандайды екен. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Билкис Бахаримен ағылшын тілінде сұхбаттасқан едік. Газетіміздің оқырмандары үшін сол шағын сұхбатымызды қазақшаға тәржімалап ұсынып отырмыз.
– Билкис, Қазақстанға көшіп келгеніңізге төрт жылға жуықтапты. Осы уақыт аралығында көрген-түйгеніңізбен бөлісе отырсаңыз. Тропикалық елдің табиғатына әбден бойы үйренген Билкиске климаты қаталдау Қазақстанда, соның ішінде Нұр-Сұлтанда тұрған қалай екен?
– Шыны керек, бұған да бойым үйреніп кетті. Негізінен, өзім Малайзия астанасы Куала-Лумпур қаласында дүниеге келгенмін. Нұр-Сұлтан құмырсқаның илеуіндей тіршілігі құж-құж қайнаған Куала-Лумпурмен салыстырғанда шағын қала көрінді. Сол себепті мұнда әлдеқайда кең дүниеге тап болғандаймын. Жаныма майдай жағады. Десек те, әу баста ауа райына қатысты таңданысым болғанын жасырмаймын. Қазақстанға келіп төрт мезгілдің қалай болатынын білдім. Өзіңіз білесіз, Малайзияның климаты жыл бойы ылғалды, ыстық, яғни жаз болып тұрады. Нұр-Сұлтанға көшіп келген жылы қысты күнгі температураның -45 градус екенін көріп, қатты таңғалдым. «Қалай болады екен?» деп аздап алаңдағаным да рас. Дегенмен уақыт өте келе мұндағы қыс мезгіліне де үйреніп кеттім, бұрынғыдай қобалжу жоқ, керісінше мұндай климатты ұнататын болыппын. Кейде малайзиялықтар көп тұтынатын теңіз тағамдарын сағынамын. Мұнда ондай тағамдар көп кездесе бермейді ғой. Мұндағы әріптестеріме біз жейтін теңіз шаяны немесе кальмар секілді теңіз тағамдарының суретін көрсетсем, «Мұны қалай жеуге болады?» деп таңырқап жатады (күліп). Есесіне, мұндағы көкөністер мен жемістер Малайзияға қарағанда табиғи. Мәселен, мұнда өсетін қызанақ пен қиярдың дәмі ерекше.
– Мұнда көшіп келуіңізге себеп болған жолдасыңызбен қалай таныстыңыз?
– Күйеуіммен осыдан он жыл бұрын танысқанмын. Ол екеуміз Куала-Лумпурдағы бір университетте, ол магистратура бөлімінде, ал мен бакалавриатта оқыдым. Айтпақшы, онымен таныспай тұрып-ақ, Қазақстан туралы аз-кем білетінмін. Оқушы кезімде әкемнің жұмыс бабымен Баку қаласында отбасымызбен біраз уақыт тұрғанымыз бар. Бакуге аттанбас бұрын Әзербайжанның қандай ел және қайда екенін білу мақсатында, картаны ашып қарағанмын. Сол кезде Қазақстан және бұл елмен шекаралас елдерді жаттап алдым. Сосын мектеп кезінен Шыңғыс хан туралы көп оқыдым. Жолдасыммен танысып, оның қазақ екенін естіген кезде оған Қазақстан туралы бар білетінімді айттым, ол қатты таңғалды. Негізінен бастапқыда дос ретінде араласып жүрдік, сосын мұның арты үлкен махаббатқа ұласты. Ол 2011 жылы оқуын бітірген соң Қазақстанға оралды, ал мен магистратура оқу үшін Ұлыбританияға аттандым. Әйтсе де, байланысымыз үзілген жоқ. Төрт жылдай уақыт қашықтан араласып жүрдік.
– Бұл уақыт аралығында Қазақстанға саяхаттап келген боларсыз?
– Иә, үш рет келдім. Айта кететін жайт, екеуміз отбасын құруға бірден шешім қабылдаған жоқпыз. Бір-біріміздің қыр-сырымызға әбден қанығып барып, шаңырақ көтеруді ұйғардық. Қыз бен жігіт болып жүрген кезде болашақта Қазақстанда тұрамыз деп ойлайтынбыз. Сөйтіп, 2013 жылы Қазақстанға алғаш рет турист болып келдім. Кейіннен 2015 жылы тағы келдім. Үшінші рет келгенде арнайы бір айға тұрақтадым. Себебі мұнда өмір сүру барысын бақылап, қаланың тынысымен тыныстағым келді. Сол уақыт ішінде астананың күн санап көркейіп, дамып жатқанын әрі мұндағы тұрғындардың ерекше екенін ескере отырып, түбегейлі көшуге бел будым. Оның үстіне, сол уақытта ата-аналарымызды өзара таныстырып қойғанбыз. Осылайша, 2016 жылғы тамызда Алматыда үлкен тойымыз болды. Сосын бұл тойға көптеген туыстарым мен достарым келе алмағандықтан, Малайзияда екінші тойымызды өткіздік.
– Ата-енеңіз сізді қалай қабылдады?
– Қайын атам да, енем де өте ашық, өте мейірбан жандар. Менің басқа елден, басқа мәдениеттен келгенімді жақсы түсініп, келін болып түскен сәтте бір нәрсе жасауға мәжбүрлеп немесе бұйырып, қатты сөйлеп көрген емес. Құдды бір сол отбасында бұрыннан тұрып келе жатқан адам ретінде жылы қабылдады. Мен өз бақытымды осындай жайдары, ақкөңіл, қонақжай қазақ отбасында тапқаныма еш өкінбеймін. Қазақтың келіні болу – бір бақыт! Әуел баста достарымның көпшілігі қазақ келіні ұстануы қажет дәстүрлерді айтып, мені әбден қобалжытқаны бар. Алайда ол айтылғандардың ешбірін де жасатқан жоқ. Бірақ келін ретінде қазақтың барлық салт-жоралғысын орындауға әзірмін. Одан қашпаймын. Себебі өзім өзге елдердің мәдениеті мен дәстүріне бұрыннан қызығамын. Оның үстіне, әкем – малайзиялық, ал анам – Бирма мемлекетінің тумасы. Интернационал отбасымыз. Мұнымен қоса, жоғарыда айтқанымдай, әкемнің жұмыс бабымен Әзербайжан, Австралия, Брунейде тұрдым. Бала күнімнен әр мемлекетке тән мәдениеттің ерекшеліктерін көріп өскен маған қазақы дәстүрге сай бірдеңе жасау мүлде жат емес. Десек те, ата-енем маған қабақ шыта қараған емес. Олармен ағылшынша, қазақша, орысша араластырып сөйлесемін. Екеуі де ағылшын тілін түсінеді, біраз сөздерді жатқа біледі. Қазіргі таңда ол кісілер Орал қаласында тұрады.
– Қазақша араластырып сөйлеймін дедіңіз. Демек, қазақ тілін білесіз ғой, әлде үйреніп жүрсіз бе?
– Еркін сөйлей алмаймын, қазір әріптестерімнен үйреніп жүрмін. Жұмыс ортамда көпшілігі ағылшын тілін білмейді, сол себепті ара-тұра қазақша сөйлесеміз. Тек дыбыстағанда акцентпен айтамын. Бастапқыда күйеуіме қазақ тілін өз бетіммен үйреніп жүргенімді айтқаным жоқ. Бірде сыртқа шығып бара жатқан оған: «Қайда барасың? Не үшін?» деп таңғалдырғаным бар. Жалпы, адамда ынта болса, тілді үйренуді өздігіңнен бастап кетеді екенсің. Бастапқы келгенде тіл білмегеннен қатты қиналып, ара-тұра күлкіге айналған сәттерім жетерлік. Қазақстанға көшіп келмес бұрын, Малайзияда қазақ тілінің маманын таба алмаған соң, аз-маз орысша үйренгенмін. Алайда практика мен теорияның арасы жер мен көктей болғаны соншалық, Қазақстанға келгенде әлгі оқыған орысшам түкке жарамай қалды. Бір күні суши сататын дүкенге барып, алғым келген заттың суретін көрсетіп, takeaway яғни, тағамды өзіммен бірге алып кетуді әбден түсіндіре алмай, әлекке түскенмін. Сатушы мені түсінбейді, мен оны түсінбеймін, ақырында орысша сөздер есіме түсіп, сушиді өзіммен, яғни «с собой» алып кетем дегеннің орнына «с тобой» деп қатырғаным бар (күліп). Сатушы аң-таң. Артынша әріптестері келіп, түсіндіріп, барлығымыз қыран-топан күлкіге батқанбыз.
– Малайзия халқының басым көпшілігі мұсылмандар екенін білеміз. Біздің елде де солай. Бұдан бөлек, екі елдің тұрмыс салтынан қандай ұқсастықтар байқадыңыз?
– Басты байқағаным, екі халық та отбасылық құндылықтарды бәрінен жоғары қояды екен. Білетініміздей, көп ретте еуропалықтар өз ұясынан ұшқан соң өз бетімен кетіп, жеке отбасының қамымен жүреді. Ал мұндағы көпшілік Малайзиядағыдай туған-туыстарға қамқорлық танытып, жиі бас қосып, үнемі хабарласып, хал сұрасып тұруды ұнатады екен. – Ал айырмашылықтар жайында не айта аласыз? – Мұндағы адамдар бетің бар, жүзің бар демей, бұлтақтамай тура сөйлейді екен. Малайзияда адамның бетіне қарап тік айту көп жағдайда ерсі қылық саналады. Бірдеңе айтқымыз келсе, дау-дамай туғызып алдырмас үшін әбден жұмсартып, жеткіземіз. Десек те, тік мінезділікті айырмашылық дегеннен гөрі әр халықтың өзіне тән ерекшелігі деп түсінген дұрыс шығар. Сосын тұрғындар ағылшын тілін білмесе де, құрақ ұша алдыңнан шығып, ыммен болса да түсіндіруге тырысады. Мәселен, дүкенге кіріп бірдеңе алғым келсе, бірақ қазақшам жетпесе, ішіндегі адамдар «Қайсысы, мынау ма?» деп жабылып жүріп көмектеседі (күліп). Достарымның арасында да ағылшын тілін білмейтіндер бар, алайда бұл дос болуға кедергі емес. Себебі олардың маған деген қарым-қатынасы, көңілі шынайы. Бірінші жұмыс күнінде көбісі қасыма келіп: «Тілден қиналсаң айт. Көмектесеміз. Еркін жүр» деп айтқаны бар. Сосын мені қатты таңғалдырған әрі маған ерекше әсер еткен нәрсе – бала бір жасқа толғанда ұлан-асыр той жасау салты. Бізде де атап өтеді, алайда мұндай үлкен той жасамайды. Мұны мен кішкентай сәбидің болашағына жалғыз отбасы емес, үлкен бір қауымның тілекші болғаны деп ұқтым. Айырмашылық демекші, беташар секілді қызықты дәстүрге қатысты тағы бір қызықты оқиға есіме түсіп отыр. Алматыда тойдың алдында қайын жұртым беташар рәсімінің маңызын түсіндіріп берді. Сонымен қатар беташарда екі жағымнан демейтін күйеуімнің екі жеңгесі «Біз саған белгі бергенде бас июің керек» деп, мені ортаға алып шықты. Келген қонақтардың арнайы табаққа ақша салғаны, асабаның домбырамен бетімді ашқаны, бәрі-бәрі қызық болды. Сосын той өткен күннің ертеңінде күйеуімнен кешегі ақша салынған табақ қайда деп сұрасам, ол күліп: «Ол ақша бізге емес, асабаға берілетін сый!» дейді (күліп). Сөйтіп, небір қызыққа толы жайттарды басымнан өткердім. Десек те, ерсі көрінген тұстар да жоқ емес. Әсіресе, әуежайдан сыртқа шыққанда, такси жүргізушілері алдыңнан кесе-көлденең шығып, шабаданыңа жармаса кететіні оғаштау көрінді. Десек те, қазір мен бұған да үйреніп алдым, әуежайдан шыға сала, алдымнан шыққан такси жүргізушілеріне бірден «Жоқ, жоқ!» деп қолымды бұлғап жауап беретін болдым (күліп). – Қазақстанда Малайзиядағыдай екінің бірі ағылшынша түсініп, сөйлей бермейтіні рас. Дейтұрғанмен ағылшын тілін кәсіби деңгейде меңгерген мамандар баршылық. Өзіңіз қызмет атқаратын медиа саласында да бірнеше тіл білетіндер аз емес. Қазір сіз телеарнада продюсер қызметін атқарады екенсіз. Қазақстан медиасына қаншалықты пайдам тиді немесе келешекте осы саланың дамуына қандай үлес қоса аламын деп ойлайсыз? – Мен сізге мынаны айтайын. Мен Қазақстанға университетті жаңадан бітірген студент емес, қаржы саласында тәжірибесі бар кәсіби журналист ретінде келдім. 2011 жылдан бастап New Straits Times және Bloomberg секілді малайзиялық және халықаралық БАҚ-та жұмыс істедім. Сонымен қатар Airbus және Boeing секілді халықаралық ұйымдар туралы репортаждар жасау мақсатында көптеген елді араладым. Сондай-ақ көптеген танымал тұлғалардан, атап айтсам, Пәкістанның бұрынғы премьер-министрі Шаукат Азизден сұхбат алдым. Осылай жинақтаған тәжірибем арқылы Қазақстанның медиа кеңістігіне ағылшын тіліндегі сапалы медиа контент әзірлеуіне айтарлықтай үлес қоса аламын деп есептеймін. Қазақстан – әлемді мойындатқан жас мемлекет. Сол себепті медиа саласында да басқа елден қалыс қалдырмай, абыроймен таныстыру үшін қазақ тіліндегі БАҚ-қа баса көңіл бөлумен қатар, ағылшын тілді контентті дамыта түсу қажет. Осы мақсатта мейлі, қиын болса да жұмысты аянбай істеуге әзірмін.
– 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Қазақта «Бірлік болмай, тірлік болмайды» деген жақсы сөз бар. Қазақстан – бейбіт мақсатпен, ізгі ниетпен келген өзге ұлттың қай-қайсысын да жатырқамай бауырына басқан ел. Мереке қарсаңында қазақстандықтарға айтар тілегіңіз бар шығар?
– Әрине, менің түсінгенім – Қазақстанға келіп тұрғысы келетін шетелдіктер ең алдымен ашық болуы керек екен. Әлемде алуан түрлі мәдениет, әрқилы дәстүр бар. Өзге елдің мәдениетіне бойлап, дәстүріне шын қызыға бастаған кезде ғана сол халықтың мінез-құлқын, ұстанымын түсіне бастайсың. Ал мұны түсінгенде сол елде өмір сүру әлдеқайда жеңілдей түседі. Көпшілігі Қазақстанды біз жоғарыда айтып өткендей, біресе қысын, біресе желін айтып, климатын ұнатпай жатады. Десек те, тропикалық елден келген менің өзімнің мұндай қатаң климатты қалайша ұнатып қалғанымды ойлаңызшы. Бүгін сенде Қазақстанда жұмыс істеудің мүмкіндігі бар делік, ал ертең сенде мұның бірі де болмауы мүмкін. Сол себепті Қазақстанда тұрған ортаңды, мұнда өткізіп жатқан әр сәтіңді бағалай білген жөн. Сосын өз ортаңа сыйлы болу үшін бұл елдің мәдениетін, тілін де түсінуге, білуге тиіспіз.
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
другие статьи
-
Русско-казахский сборник фраз и словосочетаний ( Н )
5 марта, 4:10 -
Жас түлектерге ата-аналары айтатын тілектер
26 мая, 9:46 -
ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ / УСЛУГИ
3 октября, 20:53 -
Қазақ тіл білімінің мәселелері
25 августа, 21:48 -
Жеті ата не үшін керек? (видео)
10 июня, 10:55 -
"ON TULGA" - ЖЕКЕ ТҰЛҒАНЫ ДАМЫТАДЫ
15 ноября, 0:15