Полезно знать
Өз ұрпағына жеті атасын үйрету
20 июня, 11:59Өз ұрпағына жеті атасын үйрету — атадан балаға жалғасып келе жатқан қазақтың тәрбиелік дәстүрі. Мұның қандастық жағынан алғанда үлгі боларлық зор қызметі мен маңызын халқымыз ерте түсінген және оны берік ұстанып келген. Енді осы қағиданың терең тамырына көз жіберіп көрейік.
Біріншіден, жеті ата туысқандық, ағайындық бірлікті, ынтымақты ұстана отырып, бір ауыл, бір бауыр болып өмір сүрген. Бір рудың адамдары осы күнге дейін бір жерде мекендеп келе жатыр.
Екіншіден, жеті атаға дейінгі туыс-туғандардың тұрмыс-тіршілігі де, күнкөрісі де, тұрған жер, суы да, өріс, қоныс, жайлауы да қысы-жазы қатар немесе бірге болады. Қиындықта бір-біріне демеуші, қамқоршы, пана болады, қуанышты да, реніш-қайғыны да бірге бөліседі.
Үшіншіден, бір атадан тараған туыстар мен жас ұрпақтар бірін-бірі жақсы таниды. Ағалы-інілі, апалы-сіңлі дегендей, сыйластықта, бауырмалдықта бірге өседі. Мұндай туыс-туған, жақын-жуықтар арасында орынсыз жанжал, ұрлық-қарлық, барымта, зорлық-зомбылық сияқты жат істер болмайды. Өйткені тәртіп бойынша туыстар бір-бірінің малын ұрламайды. Керісінше, сырттай қамқоршы болып, жақын-жуықтарының мал-жанына көз салып жүреді. Әкелер мен аналар бір кіндіктен шыққан перзенттерін ел, ру намысын қорғайтын ержүрек, қайырымды, қаншыл, ұйымшыл, бауырмал етіп тәрбиелейді. «Қанына тартпағанның қары сынсын» — деп қатты айтатыны тағы бар. Жеті ата ұғымында ағайын арасындағы үзілмес бірлік, бұзылмас тектілік, тәрбие, тәлімі өте зор.
Енді осы жеті ата шежіресіне кім жатады? Бұл туралы әр түрлі ойлар мен болжамдар, талас-пікірлер баспасөзде де, басқа ортада да туындап жатады. Тура айту керек, бұл — бұрынғы аруақты ата-бабаларымыз бекітіп, айтып, дәлелдеп, нақты тұжырымдап салып кеткен сара жол. Жеті ата ұғымы — жаңа заң жобасы емес, ежелден қалыптасқан қанатты қағида, санаға сіңген өсиет, өнеге мектебі, ата салтымыз.
Қазақ халқы әр сөзге мән берген. Әңгіме етіп отырған тақырыпта ата деген сөз бар, яғни бұл ата-баба деген ұғымды көрсетіп, тайға таңба басқандай, соқырға таяқ ұстатқандай айтып тұр. Олай болса, жеті ата шежіресі өзімізге дейінгі ата-бабаларымыздан бастап таратылады.
1. Өзің. 2 Әке. 3. Ата. 4. Арғы ата. 5. Баба. 6. Түп ата. 7. Тек ата.
Бұл атаулар кей жерлерде басқаша аталуы да мүмкін. Бірақ, қалай дегенмен де, жеті ата жолы осылайша таратылатынын бұрынғы би, шешендер айтып кеткені ақиқат шындық. Бұрынғылар жөн сұрасқанда: «Ата-тегің кім?» — деп сұрайтыны, міне, осыдан шыққан.
Ата-бабаларымыз жеті атаға дейін қан араластырмайды, туыстық қалыпты бұзбайды. Сегізінші атадан бастап жаңа ру атын белгілейді. Бұл үшін сол атаның ақсақалдары мен билері, ел ағалары ру мүшелерін шақырып, боз бие сойып, баталасады. Олар жеті атаға толғанын айтып, бұдан былай қыз алысып, қыз берісетін құдалыққа рұқсат ететін жол ашады. Бұл дәстүр — текті, дені сау, таза ұрпақ өсуінің кепілі. Осындай текті ұрпақ өсіру тәрбиесін бұрынғылар ертеден-ақ білген және оны қатты қадағалап отырған.
Сөз реті келгенде айта кетейік, қазақта жүрежат, туажат деген туыстық атаулар бар. Мұны біреулер жеті ата баласына теліп жүр. Бұл жерде жат деген сөзге мән беру керек. Ұлт тәрбиесіне зер салсақ, ұрпақ бұрынғы ата-бабаларын жат санамайды. Мысалы, Қара қыпшақ Қобыландының қазіргі 15, 16-шы ұрпақтары батырды өз атам деп мақтан тұтады. Егер осыған тоқтайтын болсақ, анығында туажат — қыздан тарайтын ұрпақ.
другие статьи
-
Вышла в свет аудиокнига «Эра Независимости»
13 сентября, 18:47 -
Атам қазақ ауа райын қалай болжаған?
17 мая, 10:53 -
«Оралман» сөзін ауыстыру туралы бұйрық шықты
5 сентября, 23:06 -
СПЕЦИАЛЬНОЕ СРЕДНЕЕ ОБРАЗОВАНИЕ И ВУЗ
8 сентября, 23:24 -
Жанар Дугалованың орындауындағы әндер
1 ноября, 14:43 -
Филолог қазақ тіліне керегі жоқ екі әріпті айтты
16 марта, 18:32