«Абай әлемі» байқауы – Абай жылында жүзеге асқан маңызды жобаның бірі. Байқау Абайтану ғылымын жан-жақты зерттеумен толықтырды, қаншама дарынды жас ғалымдарды анықтап, қолдау көрсетті.
«Абай әлемі» байқауы жеңімпазының бірі - Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ІІІ курс студенті Сайрамбек Гүлсімай: «Байқауға ғылыми мақала ұсынып, өз бағымды сынап көргім келді. Ғылыми жетекшім, академик Смағұлов Жандос Қожахметұлы «Ұлыдан қалған жалғастық: Абайдың «Қара сөздері» мен Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүниесіндегі» ұлттық сана сабақтастығы» атты тақырып ұсынып, жіті бақылап, ғылыми жұмысыма бағыт беріп отырды. Мақаланы бастаған кезде біраз ізденуге тура келді. Ақын шығармашылығына үңіліп, қос тұлғаның философиялық, ұлттық, гуманистік ойларына, таным теориясындағы ұқсастықтары мен айырмашылықтарын саралап, осы бағытқа екпін бердім. Абайдың қара сөздерінен көрінетін ХІХ ғасырдағы ұлттың түйткілі ХХІ ғасырдағы жаңа қазақтың бойында әлі де барына көзімді жеткізіп, дәлелдеп жаздым. Салыстырмалы талдау жасау барысында тың дүниеге қаныға түстім. Әрі қарай еңбекке деген қызығушылым оянып, жұмысты аяқтадым, - деп мақаланың жазылу барысымен бөлісті.
«Пандемияға байланысты байқау қорытындысын көп күттім десем де болады. Жеңімпаз атанғанымды естіген кезде бойымды қуаныш кернеді. Ұстазым да, ата-анам да «Жарайсың, қызым!» деп жылы лебіздерін білдірді. Хәкім жаққан шамшырақты ұстанып, Абайды тануымыз қазақтың жанын ұққанымызбен бірдей деп ойлаймын. Даналарды даралап, асылдарды аялауға ғылымның берер жемісі мол. «Абай әлемі» байқауының ұйымдастырушыларына, бағыт беріп, жол көрсеткен ұстазыма ерекше алғыс айтамын. Ілім жолын ізгілендіру ізгі іс»,- дейді жас жеңімпаз.