Читаем
Жүрегің – інжудің қамбасы
10 февраля, 21:09Лариса АБДУЛЛИНА
Лариса Абдуллина – ақын, аудармашы, көсемсөзші. 1975 жылы туған. Башқұрт мемлекеттік университетінің журналистика бөлімін бітірген. Ш.Бабич атындағы Башқұртстан мемлекеттік жастар сыйлығының, Ш.Худайбердин атындағы Башқұртстан Үкіметінің журналистика саласындағы сыйлығының лауреаты. Башқұртстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. «Башқортостан» газетінің әдебиет және мәдениет бөлімінің меңгерушісі. Башқұрт тіліне көптеген поэзиялық және прозалық шығармаларды аударған.
СҮЙЕМІН
Тым ерекше сиқыры бар бұл сөздің,
Тамырыңда ойнақ салар ақ жалын.
Жанардағы от ұшқынды кім сезді,
Еріндегі дірілді кім болжады…
Жер-жаһанның мұнары бар бұл сөзде,
Жазған басым осы сөзге табындым.
Қорқыныш боп, кие болып тұр көзде,
Жанның терең түкпірінен табылды.
Күбірлеп те айта алмаймын, дауыстап,
Көп алдында көсемсуге діл қайда…
Сол болмаса бұл тірліктен алыстап,
Бар байлықтан жұрдай болам мұндайда…
Өн бойымнан шығатындай шым-шымдап,
Сыңарымды табатындай сыралғы,
Сол сөз болып буырқанар жыр-шумақ,
Құшағына алып соқыр тұманды.
Үнің сенің сол сөзде ме, о, Алла,
Табармын ба ғажайыптың тиегін.
Киелі сөз дәтке қуат болар ма?! –
Сүйем сені. Сүйем сені. Сүйемін…
* * *
Мен сені күттім, тыншымай,
Сен қайда болдың?
Батыста ма, Шығыста ма?
Қағбаға ұмтылған арабтай,
Құдірет құлдары манаптай,
Жүсіп пен Зылиқа тәрізді –
Мойындап ғажайып аңызды.
Атымды атар деп түсінде,
Армандап жатамын күшім кем.
Аңсарым болдың сен аңсаған,
Асықтым, табындым мен саған.
Жаратқан, – білем мен! – кешірер,
Күш бар ма өртімді өшірер.
Жүрегің – інжудің қамбасы,
Сөзімде – шабыттың таңбасы
Пірім кел! Қауесет болмас бұл,
Башқұртқа керегі өзіңсің!
Бендебике – парасат биігі,
Аз екен ақылды қыздар да.
Әйелдер сөзінің түйіні –
Өзіңсің халықтық ізгі арман!..
Көктен де сұрадық тауысып төзімді,
Тілеуің тіледік күні-түн!
Сүйіктім, мен ғана күткем жоқ өзіңді,
Сен – менің халқымның үміті!
АРМАНДАР
Жастық шақ ашсын да терезе,
Қайтадан болайық өрімтал.
Қаладан – кептірген кенезе –
Кетейік мекенге керімсал.
Көк белде көк шалғын төселген,
Қайыңдай терекке ұмсынып.
Қасыңда тұрайын әсермен
Қалыңдық секілді қымсынып.
Сарғалдақ үзіп ап сыйлашы,
Даланың гүліне не жетсін.
Сағыныш сыр тұнған қыймасым,
Жаныма бальзамдай қажетсің.
Қайтесің алаңдап көп іске,
Бітпеген шаруаны уайымдап.
Ақ па гүл, қара ма – көгіс пе,
Сыр ақтар екеуміз жайында.
Аймалап жел – жібек орамал,
Айтуға бір теңеу таппайық.
Жұлдызға жасайық жорамал,
Санайық әрбірін ат қойып…
Айлы түн. Не көрдің, не білдің,
Жүрегің тұрды ғой дүрсілдеп.
Қас-қағым сәттері-ай өмірдің,
Кеудеге тығылар күрсін боп.
Ат ерттеп таңертең, шығамыз,
Жоғалтып-тапқандай бір асыл.
«Қыз қуу» қызығын ұғамыз,
Көшпелі халықтың мұрасы.
Бабалар өздерін зор санап,
От жаққан, ән салған қоршап ап,
Жұпарын аңқытып шәй ішкен,
Алып кет бұл күйбең тірліктен,
Мейлі жаз, мейлі қыс болса да!
Киіз үй тігейік жайлауда,
Жусаны бұрқырап қойнауда,
Жаныммен сезінем: біз мәңгүрт емеспіз,
Тамырда текті жыр қайнауда!..
Қаладан алып шық дүрбелең,
Сұп-суық тас еден түрмеден,
Санамды оятып, емдейтін,
Тегіңді тану ғой бұл деген!
ЖАРТЫЛАЙ
Сенімен бөліспей сырымды,
Ұрланып қайтамын үйге мен.
Ауыр жүк жаншыған түрімді
Арқалап жүретін күйге енем.
Бұл тағдыр бөлінді екіге,
Өшкенін қарашы шырағдан.
Өткінші жалғанға өкінем,
Тұншығып кеудемде бір арман.
Ал жүрек соғады, дүрсіл ме
Алмасқан:
Бармын мен, жоқпын мен –
Мезеттер жалғасқан.
Талмастан,
Жартыны жартыға желімдеп,
Арбасқан.
Жұлып ап қызғалдақ шағымда,
Сен едің толқынға лақтырған
Айналып қайтадан жалынға,
Үміттің алауын жақтым ба?
Өзімді жоғалтып, таптым ба,
Өмірім өлең боп жалғасты.
Тауға күн шапағын жақты да.
Бозарған сәулемен алмасты.
Сөз етпе – көзімді мұң тұнған,
Жанымның жарасы емсіз бе.
Сөз етпе – сезімді жыртылған,
Бастаймын жаңа өмір сенсіз де.
Көк аспан керемет бұл мәңгі,
Бірінші көргендей айтам ән.
Барардай бір кешке думанды.
Бұрымды өремін қайтадан.
Сөйлеуді үйренем жаңаша,
Тек сенің есіміңді ұмытам.
Ұялып тұрмаймын балаша,
Санамды өзге оймен жылытам.
Бастадым бір өмір осындай,
Жанымда тұрсаң да елемей…
Бір қарап – жайраттың жасындай,
Быт-шытпын жарға ұрған кемедей.
Күйреді көтерген күмбезім,
Жинаймын қиялдың сынығын.
Төбемнен барады түн безіп,
Тым құрса алмадым тынығып.
Түскендей бір жансың аспаннан,
Бұл тұнық әуенге тимеші.
Бәрі де бір әннен басталған –
Жүректі түйреген инесі!..
Мен – тірімін!
Ошақта қызыл шоқ сөнеді,
Бұрқырап орнында күл қалып.
Еңсемді көтергім келеді,
Түтінге тұншығар түн ғаріп,
Мен – тірімін!
Өр ағыс ұрлайды жылдарды –
Жанымда жарық пен көлеңке.
Жылы сөз – сөнбейтін нұр қалды,
Үрлейді қоламта жел ерке,
Мен – тірімін!
Махаббат жоқ – дедің – бүгінде,
Күдігің күйдірді жанымды.
Шақырды бір сәуле күлімдеп,
Таяныш, тірегім табылды,
Мен – тірімін!
Башқұртшадан аударған
Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ
другие статьи
-
Бекболат Тілеухан: Қазақ тілінің Қазақстаннан басқа барар жері жоқ
24 апреля, 14:38 -
"Абай тілінің сөздігі" - баға жетпес рухани құрал
26 июля, 12:21 -
Казахские сказки зазвучали на французском языке
19 апреля, 1:49 -
Грамматика казахского языка в таблицах и схемах
28 марта, 4:54 -
ЗАПУСКАЮТСЯ НОВЫЕ НАПРАВЛЕНИЯ В РАМКАХ ПРОЕКТА #SOYLE
29 августа, 15:04