Полезно знать
ЕЛБАСЫ МУЗЕЙІНДЕ НЕ БАР?
6 октября, 14:53
Сәні мен салтанаты жарасқан Сарыарқа төсінде тағы бір жаңа ғимарат бой көтерді.
Сәні мен салтанаты жарасқан Сарыарқа төсінде тағы бір жаңа ғимарат бой көтерді.
Елорданың сол жағалауында ашылған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы музейін көруге асыққандардың қарасы қалың. Арқа ажарын ашқан жаңа музейді алғашқылардың бірі болып астаналық оқушылар тамашалады.
Үш қабатты ғимаратты Нұр-Сұлтан қаласындағы №83 мектеп гимназияның 9-сынып оқушылары аралап көрді. Жасөспірімдерге жеті бөлімнен тұратын экскурсия турын Елбасы кітапханасының экскурсия жетекшілері Жанат Жұмахметова мен Құмар Жүнісов жүргізді.
«Мәңгілік ел» идеясы туралы бейнероликті көрген оқушылар, заманауи технологиялармен жабдықталған бөлімдерді таңдана тамашалады. «Жаһандық көшбасшы жолы» залында орналасқан Елбасының шетел басшыларымен кездесулерінен сыр шертетін фотогалереяны көрген №83 мектеп гимназияның 9-сынып оқушысы Ерсұлтан Сарқытбай алған әсерімен бөлісті.
«Бұл жерден алған әсерім ерекше. Ғимараттағы бейне тақталар өзгеше екен. Заманауи және сол жерде сол уақытта тұрғандай күй кешесің. Маған Елбасының өзге елдердің басшыларымен кездескен кездеріндегі суреттері ұнады. Әрі солармен байланысты меморандумдарды оқыған кезде өзгеше сезімде боласың. Бұл кереметті сөзбен айтып жеткізе алмаймын, көзбен көру керек».
Елбасының балалық шағынан бастау алып, еңбек жолынан сыр шертетін бөлімдерден кейін, оқушылар «Қазақстан мақтанышы» залындағы спорт саңлақтарының даңқты сәттерімен танысты. Бұл залдың ерекшелігі – мұнда кез келген адам интерактивті алаңда хоккей, бокс, велоспорт және ауыр атлетикадан жарыстарға қатысып, өздерін жеңімпаз ретінде сезіне алады. Оған қоса, спорт сайыстарынан жеңімпаз атанған жан сол сәтін суретке түсіріп және оны электронды поштасына жолдай алады.
– Бүгінгі менің музейге саяхатым – спорт әлеміне жол ашты. Өйткені бұрын спортқа аса қызықпайтынмын. Бүгін осы ғимараттағы интерактивті алаңда құрдастарымның жеңіске жеткен сәтін тамашалап, қуанып қалдым. Сондай-ақ, еліміздің спорт саңлақтарының Олимпиада ойындарында жеткен жетістіктері туралы мол ақпарат алдым. Енді өзім де спортпен айналысамын деп шештім, -деп ой бөлісті №83 мектеп гимназияның 9-сынып оқушысы Марал Әділханова.
Музейге келушілер арасында жаңа ғимараттың құрылысы басталған сәттен бері ашылуын асыға күткен астаналық тұрғындар да бар. Солардың бірі – Оразалиндер отбасы. Жүздерінде шаттық ойнаған жандар жаңа музейге балаларын да ала келген. Жас отбасы ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру үшін балаларды мәдени орындарға жиі апарып тұру керектігін айтады.
Ел астанасының сәулетті ғимараттарының салынуына өз үлесін қосқан архитектор Қобыланды Омар да жаңа музейді көруге асыға жеткен. Ол жары Гүлнәр Омаровамен бірге жаңа ғимараттың ішін әбден аралап, сәулет маманы ретінде оң бағасын берді.
Еске сала кетейік, музейдің жаңа ғимаратындағы экскурсиялар он адамнан аспайтын қонақтар санына 15 минут сайын жүріп отырады. Келушілерге бетперде тағу міндетті. Дүйсенбіден басқа күндері жұмыс істейтін музей келушілерді 09.00-18.00 арасында түскі үзіліссіз, тегін қабылдайды.
другие статьи
-
СӨЗДЕРДІ БІРГЕ, БӨЛЕК, ДЕФИСПЕН ЖАЗУ НЕГІЗДЕРІ
30 апреля, 22:37 -
Шесть спектаклей, ради которых стоит выучить казахский
12 марта, 2:38 -
Обучающий курс по изучению казахского языка
3 мая, 13:17 -
ШКОЛА / МЕКТЕП
8 сентября, 23:43 -
Жанар Дугалованың орындауындағы әндер
1 ноября, 14:43 -
Англо-латинский вариант «Soyle.kz» привлечет интерес иностранцев
26 февраля, 1:16